Accessibility links

«Атырау-Алматы» пойызына билет алған оппозиция делегаттарының көбі жолдан қалды


Теламан Тұманшиев: «Поез кетіп қалған соң полиция билетімді қайтарып берді». Атырау, 23 қыркүйек 2010 жыл.
Теламан Тұманшиев: «Поез кетіп қалған соң полиция билетімді қайтарып берді». Атырау, 23 қыркүйек 2010 жыл.

Билетімен «Атырау-Алматы» пойызына міне алмай, Алматыдағы оппозиция жиынынан қалған бірнеше адам бұған полицияны кінәлайды. Полиция вокзал бастығына сілтейді. Атырау соты сейсенбіден бері полиция қамауында болған екі адамға әкімшілік айыппұл салды.


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мерзімінен бұрын отставкаға кетіру мәселесіне арналған жиынға қатысу үшін бүгін таңғы сағат бесте «Атырау-Алматы» пойызына отырмақ болған 9 делегат билеттері бола тұра пойызға кіре алмады.

Олармен бірге вагондарға кіре алмаған өзге де жолаушылар жолдан қалды. Ал поез жүріп кеткен соң Атырау әкімшілік соты осы жиналысқа бармақ болған екі қызға айыппұл салу туралы шешім шығарды. Ол екеуін полиция қыркүйектің 21-інде көшеден ұстап қамаған болатын.

БІР ОРЫНҒА - БІРНЕШЕ БИЛЕТ

«Алға» белсенділерінің өтініші бойынша Азаттық тілшісі бейсенбі күні таңғы сағат бесте Атырау темір жол вокзалына барған еді. Пойыздан қалып қойғандарына налыған делегаттар өз шағымдарын баяндап берді. Солардың бірі Құрманғазы ауданы Ганюшкино ауылынан келген Қатима Ыдырысова:

– Мен №2 вагондағы 40-шы орынға билет алған едім. Поезға мінуге келгенде оған менен басқа тағы 3 адамның қолында билеті бар
Қатима Ыдырысова билеті бола тұра пойызға отыра алмағанын айтады. Атырау, 23 қыркүйек 2010 жыл.
болып шықты. Неге олай екенін анықтау үшін абыр-сабыр болып жатқанымызда бір полицей келіп қолымыздағы билеттерімізді жұлып алып кетті. Ол өз аты-жөнін де айтқан жоқ. Қарсылық көрсеткен тағы бір делегат жас жігітке жұдырық ала жүгірді, – деді.

Қатима Ыдырысова әділетсіздіктен шаршаған соң, бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып Алматыға бармақ болғанын, онда Ғазиз Алдамжаровқа жолығып өз пікірін білдіргісі келгенін айтып берді.

Алматыдағы жиынға бара алмай қалған Теламан Тұманшиев пойызға отыруына полиция бөгет жасағанын айтады.

– Билетті қыркүйектің 17-і күні алып қойғанмын. Ал бүгін бір полиция қызметкері келіп «тексереміз» деп билетімізді жинап алды да, пойыз жүріп кеткесін қайтарып берді, – деді Теламан Тұманшиев.

Тіркелмеген «Алға» партиясы Атыраудағы филиалының үйлестірушісі Әділжан Кенжеғалиевтың айтуынша, партияның Алматыда қыркүйектің 25-і күні өткізуге жоспарлаған жиынына облыстан 16 адам бармақ болған. Бірақ олардың көбі поезға отыра алмаған.

– Бұл арнайы органдардың ісі екені анық. Өйткені, делегаттар поезға отыруға келгенде бір орынға бірнеше адамның қолында билет бар болып шықты. Яғни, біздің алған билеттеріміздің көшірмесін жасап алған. Әрі олар бізден бұрын келіп вагондағы орындарымызға жайғасып алыпты. Әдетте пойызға бір сағат бұрын орналаса беруге рұқсат берілетін еді. Ал бізді тек кетуге 15 минут қалғанда ғана ішке кіргізді, – деді Азаттық тілшісіне Әділжан Кенжеғалиев.

Оның айтуынша, делегаттар алған орынды иеленген әлгі жолаушылар поез жүріп кеткен соң бір сағаттан кейін жоқ болып кеткен көрінеді.

– Қазір жартылай бос вагонда келе жатырмыз. Аман Айдаров есімді делегатымызды сүйрелеп түсірмек болып еді, біз оны алып қалдық. Сөйтіп 9 адам Атырауда қалып қойды, жиынға ұзын-ырғасы 7 адам кетіп барамыз, – деп хабарлады Әділжан Кенжеғалиев телефон арқылы Азаттық тілшісіне.

ҚОСАҚ АРАСЫНДА КЕТКЕНДЕР

Атырау вокзалындағы таңертеңгілік дүрмекте оппозиция жиынына бармақ болғандар ғана емес, өз шаруаларымен кетіп бара жатқан
Пойызға отыра алмаған ресейлік биші Ксения Долженко Атырау вокзалында. 23 қыркүйек 2010 жыл.
бірсыпыра адам да жолынан қалды.

Ресейлік Ксения Долженко Байқоңырға гастрольдік сапарға кетіп бара жатқан биші екен. Қолында толық купелік билеті болғанына қарамастан ол поезға отыра алмапты.Оның айтуынша, себепсіз пойызға 12 адам міне алмай қалған.

– Мен кешіккенім жоқ. Бірақ келгенімде пойыздың барлық вагондарының есіктері тарс жабық болды. Мен өз вагоныма өту үшін бүкіл вагондарды жағалай жүгірдім, ешкім есік ашпай қойды. Бұл не деген заңсыздық? Бұған кім жауап береді? – дейді ол.

Ол өзінің осындай күйге түскенін ресейлік ақпарат құралдарына хабарлап, Ресейдің құзырлы орындарына шағымданатынын мәлімдеп отыр.

ПОЛИЦИЯ ЕСІК АШПАДЫ

Жолаушылардың құжаттары мен билетін не себепті жинап алғанын білмек болып Азаттық тілшісі вокзал маңындағы Атырау стансасы желілік ішкі істер бөліміне бас сұққан еді. Қабырғадағы тақтайшада «тәулік бойына кезекші» деген жазуға қарамастан, полиция қызметкері
Атырау стансасы желілік ішкі істер бөліміне шағымдануға келген жолаушыларға полиция қызметкерлері есік ашпады. 23 қыркүйек 2010 жыл.
есік ашпай қойды.

– Ол адамдардың арыздары билет жөнінде болса вокзал бастығына барсын. Мен жағдайды бастығыма хабарладым. Ол келмей маған есік ашуға болайды, – деді Азаттық тілшісіне жабық есіктің ар жағында аты-жөнін де айтудан бас тартқан полиция қызметкері.

Атырау темір жолы вокзалы бастығы Гүлмира Биташева болған оқиғаны естіп қатты таңырқады.

– Бір орынға бірнеше билет сатылуы мүмкін емес! Оның барлығы компьютерде тіркеуде тұр. Ал поездың есіктері тек жүреуіне 5 минут қалғанда ғана жабылуы тиіс. Бірақ поез жүргенше жолсерік есік алдында қарап тұрып, жолаушыны қалдырмауға тырысуы керек, – деді ол.

Дегемен Гүлмира Биташева «пойыздың есіктерінің уақытынан ерте жабылып қалуы, бәлкім, түнгі уақыт болғандықтан қауіпсіздік шараларын сақтау үшін жасалған болар» деген жорамал айтты. Ол поездан қалған жолаушыларға өзіне келіп жолықсын деген сәлем айтты.

СОТ ШЕШІМІН ПОЙЫЗ КЕТКЕН СОҢ ШЫҒАРДЫ

Бейсенбі күні «Атырау – Алматы» поезы жолға шығып кеткен соң ғана Атырау полициясы Алмагүл Жиреншиева мен Райхан Кенжеғұлованы босатты. Бұл екеуі де Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мерзімінен бұрын отставкаға кетіру мәселесін талқылайтын Алматыдағы оппозиция жиынына бармақ болған экс-делегаттар. Полиция оларды сейсенбінің кешінде көшеден ұстап әкеткені туралы Азаттық хабарлаған болатын.

Қыркүйектің 23-і күні Азаттық тілшісіне телефон шалған Райхан Кенжеғұлова бүгін өздеріне қатысты әкімшілік соттың өткенін хабарлады. Сағат 11-де болған Атырау облыстық әкімшілік соты Алмагүл Жиреншиева мен Райхан Кенжеғұловаға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 355-ші бабына сәйкес «мемлекеттік инспектордың қызметтік міндетін атқаруға кедергі жасады» деген айып тағып, әрқайсысына бес мың теңге көлемінде айыппұл салған.

– Әрине, көшеден полиция қызметкерлері ұстап алған кезде бізді не үшін ұстағанын айтуды талап етіп, қарсылық білдірдік. Бірақ бізді наркодиспансерге әкеліп тексеруден өткізді. Онда бойымызда ішімдік жоқ екенін анықтаса да, «сендер полиция қызметкерлеріне дөрекілік көрсеттіңдер» деп қалалық ішкі істер басқармасына әкеліп жауып тастады. Бір жарым тәулік бойы суық цементтің үстінде жаттық, – деді Райхан Кенжеғұлова.

Ол қамауда болған кезде өзіне ешқандай адвокат көмегі ұсынылмағанын да айтты.

«Заман» құқық қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Әсел Нұрғазиева билік орындары адамдардың өз құқығын жете біле бермейтінін ұтымды пайдаланады деп санайды.

– Әрине, полиция процессуалды түрде оларға қамауға алынған адамның құқығын толық түсіндіруге тиіс. Бірақ іс жүзінде олай жасалмайды. Айыпталушыға хаттаманы ұсынып, қол қоюын өтінеді. Ал онда «барлық құқықтары түсіндірілген, таныстырылған» деген жазулар бар. Олардың адвокат көмегіне жүгінуге құқығы бар. Егер олар адвокат қажет десе тегін түрде ұсынулары тиіс, – дейді Әсел Нұрғазиева.
XS
SM
MD
LG