Accessibility links

Назарбаевтың отставкасы жайлы мәселе көтерген партия еріктілерін полиция қамап қойды


«Алға» партиясы Атырау филиалының үйлестірушісі Әділжан Кенжеғалиев Атырау қалалық ішкі істер басқармасы алдында тұр. 21 қыркүйек 2010 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуі жөнінде референдум өткізуді қозғаған тіркелмеген «Алға» партиясының шақыруымен Атыраудан Алматыға жиналған екі адам полицияның қамауында отыр.


Тіркелмеген «Алға» партиясының атынан Атырауда Алматыға бармақ болған екі кісіні сейсенбінің кешінен бері жергілікті полиция қамауда ұстап отыр. Бұл туралы Азаттық радиосына оппозициялық партияның Атыраудағы филиалының үйлестірушісі Әділжан Кенжеғалиев хабарлады.

– 25 қыркүйекте Алматыда өтеді деп жоспарланған президент Назарбаевты отставкаға жіберу мәселесі бойынша талқылауға баруға ниет білдірген атыраулық Алмагүл Жиреншиева мен Райхан Кенжеғұлованы еш себепсіз полиция қызметкерлері қамауға алды. Алдымен олардың үйіне барған құқық қызметкерлері олардың ата-аналарынан қайда кеткендерін анықтаған. Кейінен кафелердің бірінде құрбыларымен кездесуден соң сыртқа шыққан екі қызды полиция қызметкерлері тоқтатып, оларды наркологиялық орталыққа тексеруге алып кеткен, – деді Әділжан Кенжеғалиев Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, әлгі екі адамды полиция әлі жібермей ұстап отыр.

– Полиция қызметкерлері кеше түнде бізбен сөйлесуден бас тартты. «Сендердің ол адамдарға ешқандай қатыстарың жоқ» деп кетуімізді талап етті. Ал түнгі сағат бір шамасында телефон шалған қыздар өздерімен ешкімнің сөйлеспегенін, түсініктеме алмағанын айтты. Олар өздерін орындығы жоқ бос бөлмеде қамап ұстап отырғандарына шағымданып, қайта-қайта көмек сұрады, – деп хабарлады Әділжан Кенжеғалиев Азаттық тілшісіне.

ІС СОТҚА ТҮСПЕГЕН

«Алға» париясының Атыраудағы филиалы үйлестірушісі Әділжан Кенжеғалиев қалалық ішкі істер басқармасындағылардан қамауға алынған қыздарға қатысты әкімшілік іс сәрсенбі күні Атырау сотында қаралатынын естіп-білгенін айтады.

Алмагүл Жиреншиева мен Райхан Кенжеғұлованың істері жайлы білмекке Атырау облыстық әкімішілік сотына арнайы барған Азаттық тілшісіне соттың құжаттарды қабылдау бөлімі қызметкерлері оларға қатысты әлі ешқандай істің келіп түспегенін айтты.

Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарова бұл мәселе бойынша өзінде ешқандай ақпарат жоғын айтып, Азаттық тілшісіне оны анықтауға уәде берді. Алайда бұдан кейін ол кісі журналистпен байланысқа шықпады.

«БИЛІК ОНДАЙ РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗДІРМЕЙДІ»

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мерзімінен бұрын отставкаға кетіру жөнінде ел тұрғындарының пікірін білу мақсатында тіркелмеген «Алға» партиясының жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтергені жайлы Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

Әділжан Кенжеғалиевтың айтуынша, осы мәселеге байланысты қыркүйектің 25-сінде Алматыда өткізілмек болған жиынға баруға жиналған атыраулықтарға қарсы әртүрлі әрекеттер жасалған.

– Алматыдағы жиынға барамыз дегендердің бірін ұлттық қауіпсіздік комитетіне әңгімеге шақырса, енді бірін әкімшілікке шақырады. Исатай ауданынан жиналысқа баруға тілек білдірген Ботагөз Даукенбаеваның ұлын жұмыстан шығарамыз деп қорқытқан. Ал Таңдай ауылында тұратын Серікқали Үмбеталиев өзіне жасалған қысымға шыдамай жүрегі қысылып құлап, қазір ауруханада жатыр. Билік барынша адамдардың жиналуына, пікірлерін айтуға жол бермеуге тырысып бағуда, – дейді Әділжан Кенжеғалиев.

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атыраудағы филиалының жетекшісі Жұмабай Доспанов «Алға» партиясы ұсынған тақырыппен референдум өткізуге биліктің мүдделі емес екендігін айтады. Оның ойынша, жергілікті билік 30 адамның Алматыға жеткізбеуге тырысады. Ол дәл осындай жағдайды жеті жыл бұрын өз басынан өткергенін еске алды.

– 2003 жылы Жер кодексіне байланысты референдум өткізуге талпыныс жасап дәл қазіргідей Атыраудан жиналған 34 адамның алтауын полиция күштеп «бізді алдады» деп арыз жаздырып алған еді. Сөйтіп, Қазақстанның бірнеше аймағынан баратын адам саны 30-дан кем болып қалды да, Орталық сайлау комиссиясы референдум ретінде қабылдамай тастады. Сондықтан ұлт көшбасшысына қатысты бұл референдумды өткізуге тырысқандарымен, ол тек жай наразылық акциясы ретінде өтеді, – деп санайды Жұмабай Доспанов.

Бұған дейін оппозициялық «Алға»»партиясы мен Қазақстан Компартиясы биылғы қыркүйектің 25-сінде Алматыда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасы туралы мәселені республикалық референдумға шығару туралы жиналыс өткізетіндерін жария еткен еді. Оған Қазақстанның әр облысынан 40 шақты адамнан келеді деп жоспарланған болатын.
  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

Пікірлерді көріңіз (9)

Бұл форум жабық. Бірақ пікірталасты Азаттықтың Facebook-парақшасында жалғастыра аласыз: https://www.facebook.com/azattyq
XS
SM
MD
LG