Accessibility links

Ақмарал мен Серікзат ақындардың айтысы


Айтыскер ақындар (солдан оңға қарай): Серікзат Дүйсенғазин, Сара Тоқтамысова, Күмісай Сәрсенбаева, Бақыт Жағыпарұлы, Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Айтыскер ақындар (солдан оңға қарай): Серікзат Дүйсенғазин, Сара Тоқтамысова, Күмісай Сәрсенбаева, Бақыт Жағыпарұлы, Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Азаттық радиосы тыңдарманға «…Тіл кеспек жоқ!» деген атпен өткен наурыз айтыстағы Серікзат Дүйсенғазин мен Ақмара Леубаеваның сөз сайысын ұсынады. Бұл жұптың айтысында қоғамдағы озбырлық пен кемшілік айтылды.


Ақмарал Леубаева мен Серікзат Дүйсенғазиннің айтысын мына жерден тыңдаңыз.

Серікзат Дүйсенғазин өзімен айтысқа шыққан Ақмарал Леубаеваны «жеңешем» деп қалжыңмен қағыта отырып, қоғамдағы шетін мәселелерді, лауазымды тұлғалардың жағымсыз қылықтарын жырына қосты:

Айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
«Бір сөзің жағдайымды жи өршітті,
Биліктің қылығына күйем тіпті.
Мысалы, бір күйеуден құтылып ек,
Шулатып тағы да бір күйеу шықты.

Шымкенттің байларының ақшасына,
Мәсімовтің әкесі «жиен» шықты.
Байлығын ұшағына тиеп қашар,
Тағы да Храпуновтай біреу шықты.

Солардың сұмдықтарын көре-көре,
Менің де сол көзіме сүйел шықты».

Республикалық айтыстан екі рет бас бәйге алған Серікзат Дүйсенғазин 1974 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай ауылында дүниеге келген.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары оқушылар арасындағы айтысқа қатысқан Серікзат Дүйсенғазин тұңғыш рет 1992 жылы республикалық жыр додасына түскен. Оның Жезқазған қаласында Бабыр бидің 300 жылдығына арналған тойдағы ақын Бекарыс Шойбеков айтысы ел аузында.

Ақмарал Леубаева бұл жолы Серікзат Дүйсенғазинмен жыр сайысында 2009 жылдың күз айларында қазақ қоғамында дау тудырған Керей мен Жәнібек хандардың және қазақ батырларының төңірегінде болған мәселені, сондай-ақ бүгінгі қазақ мәселесін өлеңге қосты:
Айтыскер ақын Ақмарал Леубаева сөз сайысында. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
«Керей менен Жәнібек Фурмановтай болмаса,
Қазақ қайтіп түзелсін түтіні түзу болмаса,
Ұрпақ қайтіп түзелсін -
Белі шықпай бесіктен,
Батыстың биі арбаса.

Жанайқайы халықтың жоғарыға бармаса,
Ақсақалдар ақыл айтып, басына сәлде салмаса.
Ауылға бөлінген ақшаны ауадан аулап әкімдер,
Аузына салып алдаса.

Бізден қайыр болмай тұр,
Биік астау қасында отырған мынау Серікзат
Бәрін айтып бармаса».

Өткен ғасырдың сексенші жылдарының аяғынан бері айтысқа шығып жүрген Ақмарал Леубаева Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Ақбастау аулында дүниеге келген. Ең алғаш рет 1988 жылы 18 жасында комсомолдың 60 жылдығына арналған облыстық айтысқа қатысып, бас жүлде алған.

Содан бері талай рет жыр додасына түсіп, салмақты әрі өткір ойларымен жұртқа танылған Ақмарал Леубеваның ұтымды айтысының бірі Әбілқайыр Сыдықовпен болған еді.
XS
SM
MD
LG