Accessibility links

Бақыт пен Күмісай ақындардың айтысы


Айтыскер ақындар Күмісай Сәрсенбаева мен Бақыт Жағыпарұлының өнер сайысы. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Айтыскер ақындар Күмісай Сәрсенбаева мен Бақыт Жағыпарұлының өнер сайысы. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.

Азаттық радиосы тыңдарманға биылғы наурыз мейрамында «...Тіл кеспек жоқ!» деген тақырыппен Алматыда өткен ақындар айтысында жырмен сайысқан Күмісай Сәрсенбаева мен Бақыт Жағыпарұлының айтысын ұсынады.

Наурыздың 21-22-сі күндері Алматыда «...Тіл кеспек жоқ!» деген атпен өткен республикалық айтыстағы тағы бір жұп - ақындар Күмісай Сәрсенбаева мен Бақыт Жағыпарұлы өнер сайысында наурыз айының басында Алматы облысы, Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылында болған су тасқыны салдарынан қаза болғандарға көңіл айта келіп, Қазақстандағы қазақ тілінің және ұлттық мәселелердің шешімін таппай отырғанына тоқталды.

«Амандығымнан не шара, өзгенің қолы жағамда,
Тәуелсіз қазақ елінің тапталды тілі табанда.
Ұйғырлар теңдік алам деп,
Қытайлар соя салам деп,

Айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлы. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
Таласқа түсті-ау далам да.
Кедендік одақ құрам деп,
Асқынар ескі жараң да.

ОБСЕ-ге төраға жеткенмен даңқың ғаламға
Қар астында қалып, сары бидай,
Зар боп та қалдық сабанға», - деп Бақыт Жағыпарұлы ел мәселесін жырмен жеткізді.

Бақыт Жағыпарұлы 1975 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданының Шалкөде ауылында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген. Қазір Қазақ радиосының қызметкері.

Бақыт Жағыпарұлы марқұм айтыскер Оразалы Досбосыновпен екеуі бір ұстаздың шәкірттері, әрі жерлестер. Қос ақынның ұстазы Қасен Саматыров. Олар жасынан Таңжарық пен Қойдымның, Жамбыл мен Айкүмістің айтыстарын жаттап, санаға сіңіріп өскен.

Бақыт Жағыпарұлы 1992 жылы Шарғын ақынның құрметіне арналған айтыста ат мініп, айтыстағы алғашқы жүлдесін қанжығасына байлаған. Жыр додасына елеулі сыйлығы 2004 жылы наурызда Талдықорған қаласында ақын Сараның құрметіне өткен айтыста Біржан сал атындағы сыйлықты иеленген.

Бақыт Жағыпарұлы көрермендердің көңілінен шыққан айтысы ретінде әр кездегі республикалық айтыстардағы Бауыржан Халилолламен және Серікзат Дүйсенғазинмен болған сөз сайыстарын атап өтті.

21 наурыз күні Бақыт Жағыпарұлымен айтысы барысында Күмісай Сәрсенбаева 2009 жылдың қараша, желтоқсан айларында Қазақстан қоғамында дау туғызған «Ел бірлігі доктринасы» жайлы және жемқорлық пен парақорлықты да жырмен түйреп өтті.

Айтыскер ақын Күмісай Сәрсенбаева. Алматы, 21 наурыз 2010 жыл.
«Ұлтымның мұң-мұқтажын біледі ме?
Қарынбайлар қазы жеп, май кекірген.
Басқа айтар мәселе қалмағандай,
Доктринаны шығарды қай лепірген.

Халық жайын жырлаған ақындардан,
Халық жауын жасаудың керегі не?» - деп қазақ қоғамында дау туғызған саяси мәселелерді де жырға қосты.

Күмісай Сәрсенбаева Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен Әзірбаев атындағы ауылда дүниеге келген. Республикалық айтысқа 2005 жылдан бері қатысып келеді. Қазақстан тәуелсіздігінің 15 жылдығына арналған айтыста бас жүлдені алса, Астананың 10 жылдығына арналып өткен айтыста бірінші орынды иеленген.

Күмісай Сәрсенбаеваның өзі көрермендердің көңілінен шыққан айтыстары ретінде тәуелсіздіктің 15 жылдығына арналған айтыста Айбек Қалиев, Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған айтыстағы Балғынбек Имашев және Жандарбек Бұлғақовпен болған жыр сайыстарын атайды.

Бақыт Жағыпарұлы мен Күмісай Сәрсенбаеваның айтысын мына жерден тыңдай аласыздар.
XS
SM
MD
LG