Accessibility links

Ғалымдар Әбілхайыр ханды империялық саясаттың жағымсыз бағасынан арылту керек дейді


Әбілхайыр ханның әйелі Бопай ханшаның атымен аталатын өзен. Орынбор облысы (сурет жеке мұрағаттан алынды).
Әбілхайыр ханның әйелі Бопай ханшаның атымен аталатын өзен. Орынбор облысы (сурет жеке мұрағаттан алынды).

Қазақ тарихындағы тағдыры ауыр, күрделі саяси тұлға – Әбілхайыр ханның қайраткерлік бейнесін қалпына келтіру жөнінде Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында «Әбілхайыр хан: тарих пен тағдыр» тақырыбындағы конференцияда бірқатар мәселелер көтерілді.

ХVIII ғасырдың саяси тұлғасы Әбілхайыр – әз Жәнібектен өрбіген 9 ұлдың бірі - Өсеке сұлтаннан тараған. Совет идеологиясында Әбілхайыр Қазақстанды Ресейге қосқан хан ретінде біржақты қаралса, одан арғы патшалық Ресей зерттеушілері жазбаларында оны екіжақты саясат жүргізуші, айлакер, сұм, қарақан басын күйттеуші деп сипаттайды.

Ақтөбе пединститутының оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдуллаев мұның себебін, 1840 жылдары Орынбор генерал-губернаторы болған Неплюевтің қазақ ханына деген өшпенділігімен түсіндіреді. Губернатордың көзқарасын маңында жүргендер айнытпай қағазға түсірген.

Ақтөбеге Алматыдан жолы түскен зерттеуші Болатбек Нәсенов хан өмірі туралы бірнеше жылдан бері мұрағаттардан дерек жинап, біреше том құрастырып шығарғанын хабарлады. 1999 жылдан бастап Алматы мемлекеттік орталық мұрағатының сол кездегі директоры, марқұм Марат Хасанаевтің көмегімен біраз материалдарға қол жеткізген.

Кейіннен Омбы мұрағатында 2,5 ай отырып, Кенесары хан, Абылай, Әбілхайыр, Бөкей ордасына қатысты біраз мағлұматтарды көшіріп алып қайтқан. Мәскеу, Санкт-Петербургтен де тың деректер тауып, барлығы 14 том дайындалды. Мұнда патша мұрағатында қалған сол кездегі жазысқан хаттар, император елшілері Урусов, Тевкелевтің жазбалары, батырлар мен билер, ішкі ордалық мәселелерге байланысты ресейлік зерттеушілердің жазбалары толып тұр.

– 14 том материалдарды кітап етіп бастырып шығаруға Алматы баспалары 720 мың доллар сұрады. Ал, Ресейдің Нововсібір қаласында 60 мың долларға шығарылды, – дейді Болатбек Нәсенов.

Қазіргі кезде де тарихшылар түрліше сөйлеп, Әбілхайыр мен Абылайды бір-біріне қарсы қоюға тырысып жүр. Мұндай әңгімеге Бәсенов Ресей жерінен табылған құжаттарды қарсы қояды. Оның айтуынша, Кіші Жүздің ханы - келбетті, қайратты, ақкөңіл, батыр адам болған.

1736 жылы маусымда Ырғыздағы хан ордасына арнайы келген экспедиция мүшесі Кириллов: «Садақ тартуға келгенде, оған теңдесетін адам жоқ», - деп сипаттаған. Ханды сол кездегі қазақ қоғамының саяси элитасы – батырлар институты ерекше қолдаған. Жәнібек батыр, Есет, Бөкенбай батырлар жанында жүрген. Орта Жүздің арғын тайпасының рулары маңына топтасқан.

Бопай ханша жерленген бұл жер "Бопай сайы" деп аталады. Орынбор облысы (жеке мұрағаттағы сурет).
«Сол уақытта арғын рулары кім көрінгеннің жанынан табылмайды, кім көрінгенді қолдамайды да. Барақ сұлтанның адамдары Әбілхайырды қапыда өлтіріп, сол мезетте ұлдарын қырып жіберуді жоспарлағанда, Абылай хан Нұралы бастаған ұлдарын қашырып алып кетіп, өз ордасында тығып ұстаған», - дейді мұрағат жазбаларын ақтара сөйлеген Болатбек Нәсенов.

Қазақ тарихының осындай қаралы кезеңдерінде Әбілхайыр ұрпақтары мен Абылай хан ауызбіршілікте болған.

Бәрін бүлдірген Орынбор генерал-губернаторы Неплюев. Ол Әбілхайырдың Қожа Ахмет есімді баласын орыс патшасында кепілдікте 10 жыл ұстайды. Хан Шыңғыс есімді басқа ұлына алмастырам дегенде, Неплюев көнбейді: «Қалмақтан туған Шыңғыс ұлыңның қаны таза емес. Қожа Ахметіңді жібермеймін» дейді. Осы жағдай араздықтың өршуіне тікелей себепші. Неплюев пен Әбілхайырдың арасы 1740 жылдан қалпына келместей болып шиеленіскен.

Ресейге бодан болды деген советтік тарихшылардың ойлап тапқаны. Орыстың «подданство» деген сөзінен шығарылған. Шындығында, Әбілхайыр Ресей ханшайымы Анна Иоановнамен одақтасу туралы келісім жасасқанын баса көрсетті жергілікті тарихшылар.

ХVIII ғасырдың ортасында Кіші Жүз қазақтарын оңтүстіктен Хиуа, солтүстіктен орыс казактары мен башқұрттар, Еділ қалмақтары, оңтүстік-батыстан түркімен, қырғыздар қайта-қайта шабуылдап, әбден қалжырады.

Қазақтың өмір сүруі қиынға айналған шақта, Ресеймен одақтасу жөнінде дипломатиялық қадам жасады. Әбілхайырдың орыспен одақтасқанын күтпеген жерден естіген қазақ билері мер рулары қатты ашуланып, 1731 жылдың 21 қаңтарында Әбілхайыр және әйелі Бопай ханымды орыс елшісі Тевкелевпен бірге ат құйрығына байлап өлтірмек болады.

Олардың әрекетін сезіп қалған хан Тевкелевке жаман киімдер кигізіп, көп арасына қашырып жіберді. Әбілхайырды сол жолы ажалдан аман алып қалған – Бөкенбай батыр. Жиналғандарға тоқтам айтқан. Әбілхайырға: «Ісің ақылды, қимылың ақылсыз» деп ашуланып, бірақ ханды өлімнен сақтайды.

Орынбор қаласын салу – Әбілхайырдың ойынан шыққан іс. Көлік қатынастары үшін қолайлы, табиғаты тамаша жерде орналасқан Орынбор – Ресейді Азиямен жалғастыратын сауда орталығына айналды. Әбілхайырдың сауда керуендерінің жүруінен алым-салық алып, қауіпсіздігін сақтауға кепілдік беріп, батырларының қорғап жүруі де, қазіргі кезеңдегі транзиттік төлемдер алып тұруы сияқты жағдай.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Еркін Құрманбековтің айтуынша, Оренбург (Орынбор) музейіне кіргенде, қызметкерлері өлке тарихын таныстыруды Әбілхайыр хан салдырған қала деген сөзден бастайтындығын айтты. Жаңа зерттеулерде Кіші Жүз ханының қазақ даласының қауіпсіздігі мен сауда-экономикалық байланыстарын қалпына келтіруге мүдделі болғандығына салмақ беру керек деген пікір жиі естілді.

Хан мен әйелі Бопай ханшайым патша елшісі Урусовпен туысқанындай болып араласқан. Ал, Ресей патшайымы Анна Иоановнаның кеңесшісі Тевкелев керісінше, қазақ даласында өзін өте сақ ұстайды, әрі қулығы ішінде болған. Аса жақындаспайды.

Барақ сұлтанның Әбілхайырды өлтіруі жөнінде де жаңсақтыққа барып жүрміз. Барақты орыстың тыңшысы деу біржақтылық. Себебі, Барақ сұлтан орыстармен емес, қалмақ ханы Қалдан Церенмен мейлінше тығыз араласқан. Орыс елшілеріне жылына бір хат жазып қойып, өз бетінше жүрген. Тіпті, патша елшілері Барақты іздегенде даладан әрең тауып алған.

Ақтөбе пединститутына жиналған тарихшылар тағдыры қайғылы тұлғаны жаңаша деректер негізінде қайта зерттеп, империялық саясаттың жағымсыз бағасынан арылу керектігіне тоқтады.

ХVIII ғасырдың ұлы тұлғаларына қатысты жаңсақ әңгімелерді көбейту өткенін сыйлайтын елдің ісі емес. Әбілхайырдың саяси белсенді қызметі ХVIII ғасырдың 20-40-шы жылдарына дейін жалғасты. Ал, Абылай сол ғасырдың 40-шы жылдарынан бастап, саясат сахнасына көтерілді. Бұл - бір. Екіншіден, Әбілхайырдың жасы үлкен, Абылай болса Нұралы ханмен бір жылы туған.

Ақтөбе облысының Торғаймен шекаралас аумағындағы Қабырға мен Өлкейек өзені қиылысында «Хан моласы» аталған қалың қорым бар. Әбілхайыр ханның сүйегі сонда жерленді деген әңгімелер үш ғасырдан бүгінге дейін жеткен.

Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов осы төңіректегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдап, археолог Серік Әжіғалиев бірнеше жылдан бері зерттеп жүр. Хан моласындағы бейіт орнына алдағы жазда тағы да Әжіғалиев тобы келеді.

Егерде, Әбілхайыр ханның жатқан жері анықталса, сол төңірекке жаңа кесене тұрғызылмақшы.
XS
SM
MD
LG