Accessibility links

Куәгер қаза тапқан күні оны күзеткендер мас болатын дейді көршілері


Куәгер қыз осы үйдегі пәтерде қаза болған. Ақтөбе, 1 сәуір 2010 жыл.
Куәгер қыз осы үйдегі пәтерде қаза болған. Ақтөбе, 1 сәуір 2010 жыл.

Ақтөбеде мемлекеттің қорғауындағы куәгер қыз жұмбақ жағдайда қаза болды. Оны арнайы пәтерде күзеткендер сол күні мас болатын дейді оқыс оқиға болған үйдің тұрғындары. Полиция марқұм өз-өзіне қол салған деген болжам бойынша тергеу жүргізіп жатыр.


КҮЗЕТІШЛЕРДІҢ «САЛАҚТЫҒЫ»

Наурыздың 20-күні сағат 23 кезінде Нефтяная көшесіндегі пәтерлердің бірінде 26 жастағы қыздың мәйіті табылған. Бұл пәтер мемлекеттің қорғауына алынған куәгерлерді сырт көзден таса ұстауға арналған арнайы мекен-жай тұғын.

Арада 10 күн өткенде Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-қызметі куәгер қыз өз-өзіне қол салып қаза болған деп хабарлады.

Ол қыз кісі қолынан қаза болған Ақтөбе тұрғынының өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша маңызды куәгер болған. Полициядағылардың айтуынша, ол қыз өзіне қоқан-лоқы жасала бастағандығы себепті жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрап өтініш айтқан соң, полицияның арнайы жедел тобының қызметкерлері оны қорғауға алған.

Ішкі істер департаментінің баспасөз-қызметі марқұмның мәйітін алғашқы тексеру барысында кеуде тұсынан тиген оқ ізінен өзге ешқандай жарақат белгісі табылмағандығын мәлімдеді.

«Арнайы жедел топтың екі қызметкерінің қорғауында болған куәгер өзін күзеткендердің көзін ала бере, олардың бірінің төсек-орынның астында қалдырған табельдік қаруынан өз-өзін мерт қылған. Қыздың қазасына қатысты полицияның ішкі қауіпсіздік бөлімінің қызметкерлері арнайы тексеру жүргізіп жатыр. Оны қорғаған полиция қызметкерлерінің үстінен өз міндетіне «салақтық» танытқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Қызды күзеткен қызметкерлердің спирттік ішімдік ішкен-ішпенін анықтау мақсатында дереу тексеру жүргізілді. Оның қортындысына сәйкес, олардың ішімдік ішпегені анықталды», – деп жазылған Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз-қызметі таратқан мәлімдемеде.

«ЖЫН-ОЙНАҚТЫҢ ҰЯСЫ»

Азаттық радиосының тілшісі Нефтяная көшесіндегі қайғылы оқиға болған үйдің тұрғындарымен сөйлескен еді. Олардың барлығы да өз аты-жөнін атамауды өтінді.

– Кісі өлімі болған күні ол пәтердегілер сауық-сайран салды, ішімдіктің иісі тіпті пәтердің сыртына дейін мүңкіп тұрды. Осы үйде тұратын бізге ол пәтерде күзетілген адамдарды ұстайтыны белгілі болатын. Ылғи да полиция көлікпен адамдарды әкеліп кіргізетінін байқайтынбыз. Соңғы кездері ол пәтерде екі қыз болды. Күзетшілермен бірге дүкенге барғанын да көргенмін. Кісі өлімі болған соң пәтердің есігіне мөр басқан қағаз жапсырып, жауып қойды, екінші қызды бірден бір жаққа алып кетті, – дейді куәгер қыз қаза болған пәтер орналасқан үйдің тұрғыны.

Сол үйде тұратын тағы адам «полицейлер бұл пәтерді жын-ойнақтың ұясына айналдырған» дегенді айтты.

– Бұрын ол пәтерде ауқатты адам тұратын, қазір енді ол пәтерден береке кетті. Бес жыл бұрын онда полицейлер келе бастады. Көлікке салып бір адамдарды әкеліп, әкетіп жатады. Бүкіл үй біледі ол туралы. Ал адам жоқ кезде онда жиі ішімдік ішеді. Ол қыз өзін-өзі өлтірді деп ойламаймын. Қызға обал, өмірі әлі алда еді, – деді бұл адам.

Үйдің маңындағы дүкеннің сатушысы Азаттық тілшісіне әлгі пәтердегі полицейлер негізінен спирттік ішімдіктер, темекі мен тіске басар азық-түлік сатып алатындығын айтып берді.

Ал полиция мекемесінің баспасөз-қызметіндегілер қаза болған қызды күзеткен полицейлердің мас болмағаны тексеру нәтижесінде анықталған деп отыр. Сондай-ақ олар полицейлердің өз қорғауындағы адам өмірін сақтап қала алмаған бұндай оқиғаның өте сирек жағдай екендігін айтады.
XS
SM
MD
LG