Accessibility links

БТА банк Мұхтар Әблязовтың тұсында бөлінген миллиондаған долларды қайтарып алмақшы


Данияр Шәбдікәрімов, «Әлем-Арт» қорының президенті. Алматы, 10 маусым 2009 жыл.
Данияр Шәбдікәрімов, «Әлем-Арт» қорының президенті. Алматы, 10 маусым 2009 жыл.

«Әлем-Арт» қоғамдық қоры «Самұрық-Қазынаның» талап-арызы бойынша 837 млн. теңгені (5,5 мил доллар) қайтаруы тиіс. Қаржы банкті Әблязов басқарған кезде бөлінген, ал қор құрылтайшыларының қатарында Роман Солодченко болған.

ӘБЛЯЗОВТЫҢ ТҰСЫНДА ӨНЕРГЕ ЖҰМСАЛҒАН АҚШАНЫ БТА БАНК ҚАЙТАРЫП АЛАТЫН БОЛДЫ

Тамыздың 4-інде Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы М.Ахметшиева осындай шешім шығарды.

«Әлем-Арт» қорының президенті Данияр Шәбдікәрімов соттың шешімінен кейін қатты абыржып қалғанын жасыра алмады.

- Шешімді 5 минут ішінде шығарды. Меніңше, ол ертеректе дайын болған, тек бізге жазбаша түрде табыс етті. Мұнда «барлық ақша аударымдарын жарамсыз деп тауып, «Әлем арт» қоғамдық қорына 837 млн. теңге қаржыны қайтару міндеттелген» деп жазылған, – дейді Данияр Шәбдікәрімов.

Қордың директоры соттың бұл шешімі ақылға симайтындығын айтады, сондай-ақ, аталған соманы қайтару да мүмкін емес.

- Әрине, мен соттың шешіміне қанағаттанбаймын. Мен соңғы сәтке дейін сот әділ шешім шығарар деген үмітте болдым. Мен мұндай болады деп ойлаған да емес едім. Өйткені біз – қайырымдылық қорымыз, бізге берілген демеушілік көмек сол кездердегі ұйымдастырылған қайырымдылық шараларға жұмсалды, енді міне уақыт өте ол ақшаны қайтару талап етілуде, – дейді Данияр Шәбдікәрімов.

Осылайша Данияр Шәбдікәрімов қор құрылғаннан бергі жұмсалған 837 млн теңге (5,58 млн. АҚШ доллары) қаржыны қайтарып беруі тиіс. Алайда қор директорында жалға алынған кеңсе, музыкалық жабдықтар мен жуырда алған Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальдан басқан ешнәрсе жоқтығын ескерер болсақ, аталған қаржыны оны пайдаланған мәдениет қайраткерлері қайтаруы әбден мүмкін.

Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты. 4 тамыз 2009 жыл.
Ал «қаржыны пайдаланғандар» ішінде үнемі ерекше қойылымдармен көрерменді көзайым етіп жүрген «Ақсарай» театрының ұжымы бар, Шыңғыс Айтматовтың шығармалар жинағын шығарған жазушының жесірі бар, «Отандағы концерттерін» ұйымдастырған Марат Бейсенғалиев пен өз елдерінде Қазақстанның мәдени күндерін өткізген Грузия мен Украина президенттері бар. Бұл «Әлем Арттың» жетекшілігімен өткізілген шаралардың бірен-сараны ғана.

Осыған қатысты адвокат Сергей Уткин ақшасы жоқ қорды банкрот деп жариялауы мүмкін деген пікір айтады.

- Ал одан кейін барлық қарыз мәдениет қайраткерлерінің мойнына ілінеді. Міне сол кезде оларға шарт қоюы мүмкін, «Сендер қаржыны қайтарасыңдар, немесе Әблязовқа қатысты барлық шаралардың дұрыс еместігін айтып билікке мойынұсынасыңдар» деуі мүмкін, – дейді адвокат.

АДВОКАТ УТКИН БҰНЫ СОЛОДЧЕНКОҒА ҚАРСЫ ӘРЕКЕТ ДЕП БАҒАЛАЙДЫ

«Әлем Арттың» қорғаушысы, адвокат Сергей Уткин бүгінгі шешімді судья емес жоғарыдағы инстанциялар қабылдаған деген сенімде. Оның пайымдауынша, бұл істің басталуының өзіндік бір себебі болуы мүмкін...

Адвокат Сергей Уткин. Алматы, 4 тамыз 2009 жыл.
- Бұл шешім – «БТА» банкінің бұрынғы басшыларына қатысты дайындалып жатқан қылмыстық істі айғақпен қамтамасыз ету. Оның ішінде Роман Солодченкоға қатысты, өйткені, ол «Әлем Арт» қорының құрылтайшыларының бірі. Біз, әрине бүгінгі шешімге қатысты қайта шағымданамыз, алайда одан да пайда болмасы анық. Міне сол кезде осы іс арқылы Роман Солодченкоға ««БТА» банкіне ірі көлемде зиян келтірді» деген айып тағылуы мүмкін, – дейді Сергей Уткин.

Бұл істе саяси астардың бар екендігін белгілі режиссер Болат Атабаев та айтады. Ол жетекшілік ететін «Ақсарай» театры үстіміздегі жылдың қаңтарына дейін «БТА» банкінен қаржылай көмек алып келген болатын. Банк басшылығынан Мұхтар Әблязов кеткелі бері «Ақсарайдың» да күні мәз емес. Қазіргі таңда режиссер өз театрының жұмысын жалғастыру үшін демеушілер іздестіруде.

- Сот – Қазақстан үкіметі атынан сөйлейтіндігін ескерер болсақ, біздің мемлекеттің руханиятқа деген көзқарасын білдік. Түсінікті ғой...Әблязов пен Солодченконың мойнына ақшаны ілудің бір амалы бұл. Өнер адамдарына берген ақшаны қалай өндіріп алмақ...? Өзіңіз ойлаңызшы ... ол мүмкін емес қой, сондықтан бұл «БТА»-ның бұрынғы басшыларын жауапқа тартудың бір жолы, – дейді режиссер Болат Атабаев.

Роман Солодченко бұл жағдайға қатысты өз блогында мынадай пікір жазған екен.

«Мен «Әлем Арттың» құрылтайшысы болмағанда бұл арыз мүлдем болмас па еді. Маған қатысты іс дұрыс құрылмай жатқан болар, әлде Самұрық бұл қаржыны құрылтайшы ретінде менен өндіріп алмақшы ма, ол жағы түсініксіз. Банктен қаржы шығарылғандығы көзге ұрып тұр. Өкініштісі, бұл табандылық баршаға бірдей емес, іріктеліп жүргізілуде. Егер банктің қайырымдылыққа жұмсаған қаржысын қайтаруды қолға алса, онда ірі сомалардан бастау қажет. Мәселен, 2007 жылдың сәуір айында «Нұр Отан» халықтық – демократиялық партиясының орталық аппараты жетекшісінен демеушілік көмек ретінде 10 млн. доллар беруді сұраған хат келгені есімде» делінген.


«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАНЫҢ» АРЫЗЫ НЕГІЗІНДЕ БТА БАНКІ БАЙЫП ҚАЛМАҚ

Аталмыш іске қатысты «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына хабарласқанымызда, олар «талап-арызды «БТА» банкі берді, сондықтан ешқандай түсініктеме бере алмаймыз» - деп жауап айтқан болатын.

Ал «БТА» банк өкілдері өздеріне «арнайы сұрау салу қажет, содан кейін барып 3 күн ішінде түсініктеме береміз» дегенмен шектелді.

Жоғарыда айтылғандай, Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы шығарған шешім бойынша «Әлем Арт» қоғамдық қоры «БТА» банкінің пайдасына 837 млн. теңгені қайтаруы тиіс.

Ал адвокат Сергей Уткин, о баста талап-арызды банк емес «Самұрық- Қазына» бергендігін еске салады.

- Мен бұл жайтты бірнеше рет сот процесі барысында айтып, талап еттім, соның негізінде процестің ортасында талап-арыз беруші «Самұрық Қазына», жауап беруші БТА банк болып өзгерді. Алайда бұл азаматтық кодекске қайшы, өйткені арыз берушінің иесі ауысса, онда сот процесі де басынан басталуы тиіс. Осы сынды заңсыздықтарға көз жұмып қараған судья тез арада бүгінгідей шешім шығарды, – дейді Сергей Уткин.

«Әлем-Арт» қоғамдық қорының президенті Данияр Шәбдікәрімов осы жылдың мамыр айында Қазақстан мәдениетін дамытуға және әлемге танымал жазушының мұрасын сақтауға қосқан үлесі үшін Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медалмен марапатталған болатын.
XS
SM
MD
LG