Accessibility links

Алматыда доңыз тұмауын жұқтырып келген екінші бала анықталды


Алматы халықаралық әуежайының қызметкерлері жұмыс барысында. 30 шілде 2009 жыл.
Алматы халықаралық әуежайының қызметкерлері жұмыс барысында. 30 шілде 2009 жыл.

Ұлыбританияға оқуға барып келген алматылық тағы бір балаға А/Н1N1 вирусы жұққаны анықталды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына доңыз тұмауының ошағы бар елдерге сапар шегуден бас тартуға кеңес беріп отыр.


ҰЛЫБРИТАНИЯДАН КЕЛГЕН АЛМАТЫЛЫҚ БАЛАНЫҢ АҒЗАСЫНАН ВИРУС АНЫҚТАЛДЫ


Алматыда доңыз тұмауын жұқтырған екінші адам – 9 жасар ұл баланың анықталғанын жұма күні Азаттық тілшісіне қалалық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Роза Қуанышбекова растады.

«Лондонда оқып келген жасөспірім қалаға 22 шілдеде келген. Сол күні ол балада жеңіл жөтел, суық тию сияқты белгілер байқалған. Ата-анасы дәрігерге апармай үйде өздерінше ем-дом жасаған. Болмаған соң, 29 шілде күні, жұқпалы аурулар ауруханасына алып барған. 30 шілде күні онда доңыз тұмауының вирусы бары расталды. Бүгінгі күні баланың жағдайы қалыпты, ол үйінде ем қабылдап жатыр. Қалада шетелге шығатын азаматтар саны көп, туристер, оқуға баратындар саны орта есеппен 30-35 мың адам. Олардың барлығын қадағалау мүмкін емес», – деді Роза Қуанышбекова.

Бұның алдында қалада алғаш рет доңыз тұмауының белгілері 28 шілде күні бір жасөспірімнің ағзасында табылғаны хабарланған болатын. Дәрігерлер балалардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

Роза Қуанышбекова денсаулық сақтау орындары Алматы қаласында тіркелген бірнеше вирус ошақтарын толық қадағалауға алды деп отыр.

Алматы қаласынының мемлекеттік санитарлық-эпидимиологиялық бақылау департаменті бастығының орынбасары Айзат Молдагасимова вирусты жұқтырған баламен байланыста болған адамдардың барлығы да тексеруден өткенін және олардың ағзасынан қатерлі вирустың табылмағанын айтты.

Ол 28 шілде күні А/Н1N1 вирусын жұқтырғаны анықталған Алматыдағы алғашқы адам – Испаниядан келген 14 жасар баланың да жағдайы қалыпты дейді.

ВИРУС ТАРАҒАН ЕЛДЕРДІҢ ҚАТАРЫ КҮН САНАП КӨБЕЙІП ОТЫР


Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына доңыз тұмауының ошағы бар елдерге сапар шегуден бас тартуға кеңес беріп отыр.

«Шетелге баратындарға мекеме тарапынан біз толық тыйым сала алмаймыз, тек кеңес береміз. Бірақ, бұл мәселе жағдайға, баратын елге байланысты. Қазір вирус ошағы кең тараған елдердің қатарына Ұлыбритания, Мексика, Канада, АҚШ, Франция кіреді. Біз өзімізден Англияға турист ретінде аз уақытқа барғысы келетін адамдарға ғана кеңес береміз, ал ұзақ уақыт сол елдерде оқитын немесе жұмыс жасайтын адамдарға ол елдерге бармаңдар деп айта алмаймыз. Олар өздері шешеді», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров Азаттық тілшісіне шілденің 31-і күні.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы доңыз тұмауының вирусын жұқтырып алушылардың барған сайын көбейіп отырғанын айтады. Аурудың алдын алу және қадағалау жөніндегі Еуропалық орталықтың ақпараты бойынша, A/H1N1 вирусын әлемде 175 мың 785 адам жұқтырыпты, олардың бір мыңнан астамы қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бас директорының көмекшісі Кейдзи Фукуда доңыз тұмауының вирусын жер шарының үштен бір бөлігі жұқтырып алуы мүмкін деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, вирусты азаматтардың неше пайызы жұқтыруы мүмкін екенін тап басып айту қиын, бірақ қалай дегенде де қазіргі уақытта вирусты жұқтырғандардың саны пандемия туралы сөз болып отырғанын көрсетеді және ауырғандар санының өсуі ықтимал.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтерінше, доңыз тұмауынан өзге елдерге қарағанда Солтүстік және Оңтүстік Америка көбірек зардап шегуде.
XS
SM
MD
LG