Accessibility links

Қырғыз қайраткері Феликс Құлов үлкен саясатқа қайта араласуға ниеті барын айтады


Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі, «Ар-Намыс» партиясының жетекшісі Феликс Құлов Алматыдағы «АйтПарк» пікірталас клубында. 17 сәуір 2010 жыл.
Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі, «Ар-Намыс» партиясының жетекшісі Феликс Құлов Алматыдағы «АйтПарк» пікірталас клубында. 17 сәуір 2010 жыл.

Қырғызстандағы саяси өмірге«Ар-Намыс» партиясының жетекшісі Феликс Құловтың да араласқысы келеді. Бұл туралы ол сенбі күні Алматыдағы «АйтПарк» пікірталас клубында мәлімдеді.


ҚОС ТӨҢКЕРІСТІҢ АРАСЫ

Қырғызстандағы танымал қайраткерлердің бірі Феликс Құлов осыдан бес жыл бұрын «Қызғалдақ төңкерісінің» нәтижесінде елдегі жоғары билік тізгінін қолға алғандардың бірі еді.

2005 жылы наурыз айында билікке қарсы бас көтергендер Бішкектегі Үкімет үйін басып алып, президент Асқар Ақаев елден қашып кеткен соң, жақтастары сол кезде жемқорлық қылмысы бойынша сотталып түрмеде отырған Феликс Құловты дереу азат еткен болатын.

Феликс Құлов күтпеген жерден бостандыққа шыққан кезде жаппай тәртіпсіздіктер бой көрсетіп, Бішкекте төңкерісті желеу еткендердің сауда орындарын ашық түрде тонауы мен талан-таражға салуы қатерлі сипат ала бастаған еді.

Құловқа құқық органдарының қызметін үйлестіріп, жағдайды тез арада ретке келтіру міндеті жүктелді. Ол санаулы уақыттың ішінде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге қол жеткізді.

Сол жылы жазда өткен президент сайлауында Құрманбек Бакиев мемлекет басшысы болып сайланды. Ақаевты биліктен тайдырған оппозициялық күштердің өзара мәмілесіне сәйкес, Феликс Құлов елдің премьер-министрі қызметіне тағайындалды.

Арада екі жыл өткенде, 2007 жылы, парламент екі мәрте сенімсіздік білдірген соң Феликс Құлов отставкаға кетті. Ол басқаратын «Ар-Намыс» партиясы билікке оппозицияға көшті.

Ал 2008 жылы президент Құрманбек Бакиев Феликс Құловты энергетика саласындағы инвестициялық жобалардың жетекшісі етіп
Бішкектегі үкіметке қарсы толқулар. 7 сәуір 2010 жыл.
тағайындады. Осылайша, кешегі премьер-министр елдегі энергетика саласындағы шағын және орта жобаларды басқарумен айналысатын адамға айналды

КӨЛЕҢКЕДЕН ШЫҒУ

Сол кезден бастап Феликс Құловтың саяси оппозициялық қызметі біртіндеп бәсеңдей берді. Биылғы сәуірдің 7-8 күндері болған қанды қақтығыстар кезінде жұрттың көзіне шалынбаған, үні де естілмеген Феликс Құлов сәуірдің 17-күні Алматыдағы «АйтПарк» пікірталас клубында жұртқа қырғыз еліндегі жағдайға байланысты өз көзқарасын білдірді.

Оның пікірінше, Қырғызстандағы үкіметке қарсы наразылық аяқ астынан, өзге тараптан ешкімнің қолдауынсыз басталған. Бішкекте тәртіпсіздіктер басталған кезде Феликс Құлов, өз айтуынша, елдегі жағдайға ықпал жасамақ болыпты.

– Мен бұл оқиғалар жайында кешігіңкіреп барып, түс кезінде бір-ақ естідім. Мен Құрманбек Бакиевке телефон шалып едім, мені оған қоспады. Мемлекеттік күзет қызметінің жетекшісі Жаныш Бакиевпен байланысуға әрекеттендім. Сонан соң мен «Эхо Москвы» радиосына хабарласып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз пікірімізді жеткізбек болдым. Мен біріккен халық қозғалысының жетекшісіне бостандық берілсін деп үндеу тастадым. Кейбіреулерін босатты. Бірақ содан кейінгі оқиғалар ырық бермей кетті, – деді ол қазақстандық журналистерге.

Ал Роза Отунбаева басқаратын Қырғызстанның уақытша үкіметінің іс-әрекетіне қандай да бір сын айтуды Феликс Құлов қош көрмеді.

«Оларға онсыз да қиын. Сондықтан біз оларға тілектес екенімізді білдіреміз және болысуға тырысамыз», – деді Феликс Құлов.

Дегенмен ол уақытша үкімет мүшелерін оларға дейінгі биліктің қателіктерін қайталаудан сақтандыра кетуді де ұмытпады.

«Олар бұқаралық ақпарат құралдарын басып алмақ болды. Бұл дұрыс емес. Бірақ олар тәртіпті қалпына келтіретіндерін және баспасөзге
Қырғызстанның уақытша үкіметінің басшысы Роза Отунбаева мен оның орынбасары Өмірбек Текебаев баспасөз-мәслихатында. Бішкек, 8 сәуір 2010 жыл.
қысым жасалмайтындығын айтып отыр. Менің ойымша, оларға сену керек», – деді Феликс Құлов.

«Ар-Намыс» партиясының жетекшісі болашақта Қырғызстанның саяси өміріне белсенді араласпақ ойы барын да бүкпеді.

«Мен саяси партияның жетекшісімін, сондықтан да, елдегі оқиғаларға ықпал етуге тырысатыным сөзсіз», – деді Феликс Құлов.

Ол Қырғызстанда парламенттік басқару жүйесі болғанын қолдайды. Құловтың айтуынша, уақытша үкіметтің де ұсынып отырғаны осындай жүйе орнату.

«Ақаев пен Бакиевтің тәжірибесі бұндай жағдайда алқалы басқаруға көшу қажеттігін көрсетіп берді. Бұл кезеңді парламентаризм арқылы өткерген жөн. Ал егер жалпы саяси мәдениет нығайған кезде, президенттік басқаруға қайта оралу туралы әңгіме қозғауға да болады», – деді Феликс Құлов.
XS
SM
MD
LG