Accessibility links

Қазақстан қырғыздың уақытша үкіметін әзірге мойындамағанымен, қол ұшын беруге әзір


Уақытша үкімет басшысы Роза Отунбаева жараланғандар жатқан ауруханаларды аралап жүр. Бішкек, 9 сәуір, 2010 жыл.
Уақытша үкімет басшысы Роза Отунбаева жараланғандар жатқан ауруханаларды аралап жүр. Бішкек, 9 сәуір, 2010 жыл.

Қырғызстан төңкеріс құрбандарын аза тұту үстінде. Бакиевтің бауыры мен ұлдарына қарсы қылмыстық іс қозғалды. Өзін әлі президент санап отырған Бакиевті елдің уақытша үкіметі азаматтық соғысқа дайындалып жатыр деп айыптады.

ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯСЫ ДАЙЫНДЫҒЫН КҮШЕЙТТІ

Қазақстан күштері көрші елдегі халық көтерілісін басу мақсатында Қырғызстанға жіберілген жоқ деп хабарлады елдің Ішкі істер министрлігі жұма күні.

Мұның қарсаңында интернетте Қазақстанның оңтүстік облыстарында сақадай сай киінген құқық органдарының қызметкерлері қырғыз шекарасына қарай жолға шығыпты деген мәлімет тараған еді.

Бішкектің орталығынан өртенген жүк машинасын шығару. 9 сәуір, 2010 жыл.


«Бұл ақпаратты қауесетке жатқызуға болады», - деді Қазақстанның ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов.

Бірақ Жұманов қырғыз еліндегі соңғы күндердегі оқиғалардан кейін Қазақстанның ІІМ-нің қызметкерлері жоғары дайындық режиміне көшкендігін атап көрсетті.

Бейсенбі күні Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев, ресейлік «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында, өз халқына қарумен қарсы шығуды қолдамайтындығын айтқан еді.

СЕНАТ СПИКЕРІ ҚЫРҒЫЗ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАУДАН БАС ТАРТТЫ

Жұма күні Қазақстан парламенті сенатының жалпы отырысында депутат Ғани Қасымов көрші қырғыз елінде қалыптасқан ахуалды талқылау туралы ұсыныс түсірді. Алайда спикер Қасым-Жомарт Тоқаев оның мұндай сұрауын қабылдамай тастады.

Құрманбек Бакиевтің тоналған үйінде. Бішкек, 8 сәуір, 2010 жыл.

Ғани Қасымовтың пікірінше, Қырғызстандағы жағдай көршілес жатқан елдердің ұлттық қауіпсіздігі мәселесіне де қатысы бар.

«Қырғызстандағы ахуалға халықаралық қауымдастық бақылау жасағандығын, ел әлемнің ірі державаларының ықпалына түспегендігін қалаймын. Өйткені әлемде осы тәріздес оқиғалардың нәтижесі қалай болатындығын көзіміз көріп отыр», - деді Ғани Қасымов.

Бішкек қаласына бүгін ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілдері барды. Олардың арасында осы ұйымға төрағалық етіп отырған Қазақстан парламентінің вице-спикері Жәнібек Кәрібжанов және конфликтология жөніндегі сарапшы Херберт Даубер бар.

Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, ЕҚЫҰ-ның өкілдері қырғыз уақытша үкіметімен, сондай-ақ президент Құрманбек Бакиевпен кездесуді жоспарлаған.

Қазақстан мен Ресей қырғыз еліне гуманитарлық көмек көрсететіндігін жариялады.

БАКИЕВТІҢ ЖАҚЫНДАРЫНА ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Қырғыз уақытша үкіметі Құрманбек Бакиевтің бауыры Жаныш Бакиевке, ұлдары Марат пен Максимге қарсы қылмыстық іс қозғады. Үшеуіне іздеу жарияланды. Бұл туралы бас прокурордың қызметін артқарушы Байтемір Ибраев хабарлады.

Мұның қарсаңында баскөтерушілер президенттің інісін халықтың қолына беруін талап еткен еді. Олардың пікірінше, Ақ үйге шабуылдағандарды ату туралы бұйрықты Жаныш Бакиев берген.
Тақтан қуылған президент Құрманбек Бакиев "Франс-пресс" агенттігінң тілшісімен сөйлесіп тұр. Жалал-Абад, 9 сәуір, 2010 жыл.


Ал уақытша үкіметтің ұлттық қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Кенешбай Дүйшөбаев қырғыз президентінің қазір қайда екендігін білетіндігін мәлімдеді. Дүйшөбаевтың айтуынша, президент Жалал-Абад облысы Созақ ауданындағы әкесінің үйін паналаған.

Ол сондай-ақ іздеудегі Жаныш Бакиев жақтастарымен бірге Шу облысының аумағында дегенді хабарлады.

Бұл уақытта уақытша үкімет Құрманбек Бакиевті елде азаматтық соғыс ашуға талпыныс жасап жатыр деп айыптады.

Уақытша үкімет таратқан мәлімдемеде «Жалал-Абад және Ош облыстарының бірқатар елдімекендерінде Бакиевтің жақтастары заңсыз әскери топ құру үшін ақша мен қару таратып жүр» делінген.

Уақытша үкіметтің басшысы Роза Отунбаева президент Құрманбек Бакиевпен келіссөздер жүргізілмейді деп мәлімдеді.

Бұған дейін Құрманбек Бакиев Бішкектегі қақтығыстар барысында қаза болғандар үшін оппозицияны кінәлаған болатын.

ҚҰРБАН БОЛҒАНДАРМЕН ҚОШТАСУ

Бішкектегі қақтығыста қаза тапқан марқұмдарды жерлеу. Нижний Орок зираты. 9сәуір, 2010 жыл.

Қырғыз халқы екі күн бойына қақтығыс құрбандарын аза тұтуда. Сәуірдің 9-ында Бішкектегі орталық мешітке жұма намазға мыңдаған адам жиналды. Құрбан болғандарды еске алушылар Алатоо алаңына гүл шоқтарын үздіксіз әкеліп қойып жатты.

Жұма, сенбі күндері халық толқуы мен бейберекеттік барысында қаза болғандарды жерлеу рәсімі өткізілуде.

Қырғызстандағы шерулер барысында 75 кісі қаза болды, мыңнан астам адам жараланған, олардың 471-і ауруханаға түсті.

Уақытша үкімет баскөтерулер барысында қаза болғандар мен зардап шеккендердің жақындарына өтемақы төленетіндігін хабарлады.
XS
SM
MD
LG