Accessibility links

"Саяси қуғын-сүргін" тек өткенге қатысты түсінік пе?


Астанада 1992 жылдан бері тұрған құлпытас
Астанада 1992 жылдан бері тұрған құлпытас

Парламент Мәжілісінің депутаты, 31 мамыр - Қазақстанда саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күнін, «жаппай қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні» деп қайта рәсімдеуге шақырады. Бақылаушылар бұл ұсыныстың астарында бір гәп болуы мүмкін дейді.


«ҰЛТТЫҚ ПАРЫЗ»

«Қазақ жерінде 1930-шы жылдары болған ашаршылық құрбандарын еске алатын ұлттық күнді белгілеуге тиіспіз». Сәрсенбі күні Астанада өткен парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Алдан Смаилов, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына осындай ұсыныс жолдады. Депутат қазақтың тарихында бұрын-соңды дәл мұндай нәубеттің болмағанын айтады.

- Қазақстандағы ашаршылық аса ауыр жағдайда өтті. Кейбір деректер бойынша 1,5 млн., кейбірінде 3 млн.-ға тарта адам 1922-32 жылдар аралығында аштан өлді. Шындығында да, бұл Совет одағының аз ұлттарға жасаған, қолдан ұйымдастырған қастандығы болатын, - деді депутат.
Аштықтан босқан жұрт. Қазақстан, 1930 жж.

Ашаршылық құрбандарын еске алатын күнді белгілеуге қатысты депутат осымен үшінші мәрте сауал жолдап отыр.

Смаиловтың сөзінше, Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясы Совет Одағы республикаларында 30-шы жылдары болған жаппай аштық құрбандарын еске алу туралы қарар қабылдаған. Онда: «Белоруссия, Қазақстан, Молдавия, Ресей мен Украинаның жазықсыз миллиондаған адамы совет үкіметінің қасақана қатыгез саясаты жасаған жаппай ашаршылықтың салдарынан көз жұмды» делінген.

- Біз осы мәселеге тиісті назар аударуымыз керек. Оның үстіне осы ұлы нәубет қазақты үлкен демографиялық, моральдық апатқа ұшыратты. Ал бұндай ұлт басындағы зобалаң ұмытылмауы керек. Дегенмен де, біз бұл мәселені саясиландырғымыз келмейді. Өйткені, өтер дүние өтті, кетті. Бұған жауап берсін деген талабымыз жоқ. Бірақ, біз өзіміз сол жылдары қайтыс болған азаматтарымыздың рухын құрметтеуге тиіспіз. Бұл азаматтық, перзенттік, керек болса ұлттық парызымыз, - деді депутат.

«САЯСИ САУАЛ»

Қазақстанда 1993 жылдан бері мамырдың 31 күні – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Қазақстан саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы, депутат Смаиловтың осы күнге тағы ашаршылық құрбандарын еске алу күнін қосарландыруы бекер емес екендігін айтады.
...Cаяси репрессияны біз ешқашан да ұмытпауымыз керек. Егер біз ұмытатын болсақ бұл әрі қарай жасырын түрде жалғаса береді.

- Тектен текке қозғалып отырған жоқ бұл. Шындығында - халықтың көңілін саясаттан басқа жаққа аудару болуы мүмкін. Бірақ қанша жасырғанымен бұнің астарында, түбінде бәрі бір саясат жатыр. Сондықтан саяси репрессияны біз ешқашан да ұмытпауымыз керек. Егер біз ұмытатын болсақ бұл әрі қарай жасырын түрде жалғаса береді. Сондықтан бұл күн аң алдымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болу керек. Ал ашаршылық болса соның бір ғана саласы!- дейді тарих ғылымдарының доктор Жұмабек Ашуұлы.

Оның пайымдауынша, Қазақстанда қазірдің өзінде М.Әблязов, М.Жәкішев, Ғ. Жақиянов сынды саяси қуғынның құрбандары бар. Сондықтан билік саяси құрбандарды ұмыттырудағы алғашқы қадам ретінде - 31 мамырға тағы да басқа датаны қосарландырып отыр дейді Жұмабек Ашуұлы.

Алайда парламент депутаты бұл пікірмен келіспейді.

- Бұл қате пікір. Қазір Қазақстанда саяси қуғынға ұшырап жатқандар жоқ. Ал 31 мамырда екі оқиғаны біріктірудегі ойымыз – қазақ тарихындағы азалы оқиғаларды бірге атап өту, - дейді депутат Алдан Смаилов.
XS
SM
MD
LG