Accessibility links

Қорғаныс министрлігіне баспанасыз офицерлердің сауалы көп, ал жауабы жоқ


Баспанасыз офицерлер одағы жасаған әжуа-сурет.
Баспанасыз офицерлер одағы жасаған әжуа-сурет.

Қос бүйірден қысып келе жатқан дағдарысқа қарамастан биылғы жылғы Қорғаныс саласына бөлінген қаржы көлемі ұлғайғаны белгілі болды. Мұндай ақпаратты Қорғаныс министрлігіне қаратып депутаттық сауал жолдаған мәжілістегі халық қалаулысының бірі Сағынбек Тұсынов жария етті.

Депутаттық сауалдың тоқ етері төмендегідей түзіліпті: «Қазақстан Республикасының «Әскери қызметкерлер мен олардың отбасының мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау» туралы заңына сәйкес оларға тұрғын үй берілуі керек болатын. Алайда бұл әлі күнге шешілмей келеді. Оған себеп не және ол мәселе қашан шешіледі? Соңғы жылдары еліміздің қорғаныс саласына бөлінген қаржы көлемі бірнеше есеге артса да әскерилердің әлеуметтік жағдайы неге шешілмейді? Осындай жағдайлар қайғылы оқиғаға әкеліп соғуы мүмкін емес пе?»

Депутаттық сауалға Қорғаныс министрлігі тарапынан әлі жауап қатқан ешкім жоқ.

Заңды баспаналарына қол жеткізе алмай жүрген запастағы әскерилер талай рет министрліктің, қоғамның назарын өздерінің әлеуметтік жағдайларына аудару ниетімен наразылық митингілерге шыққандарымен одан еш нәтиже болмады. Тіпті запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков құрылысы бітпеген көпқабатты үйдің жанындағы биік кранның үстіне шығып алып та заңды үйін талап етіп көрді. Алайда мұндай жанайқайға Қорғаныс министрлігінен құлақ асар ешкім байқалмады.

— Жаңа жыл басталды. Министрлік тым-тырыс. Қорғаныс министрлігі Алматыдан кіруге дайын 29 пәтер сатып алғанын білдік. Бірақ, оның кімге берілетіні белгісіз. Дегенмен тұрғын үй комиссиясы бұл пәтерлерді өздерінің таныс-тамырларына үлестіретін сияқты. Қорғаныс саласына жұмсалып жатқан қаржы да діттеген жеріне жетіп жатқан жоқ. Министрден бастап, қорғаныс саласындағы барлық шенеуніктер қара бастарының қамын ғана ойлайды. Қаншама миллиондаған қаржыны тендер арқылы таныс фирмаларға алып беріп, кейін әлгі қаржыны өз қалталарына басып жатыр. Осындай қызметін асыра пайдаланып отырған басшылар тұрғанда қорғаныс саласы көркейіп кетеді деу қиын. Үйсіз жүрген әскерилер не істерімізді білмейміз? Мүмкін тағы да көшеге шығатын шығармыз, – деді баспанасыз офицерлер қозғалысының жетекшісі Дәулет Жұмабеков.

Алайда, қарулы күштер саласының мәселесі тек қана тұрғын үймен шектелмейтін көрінеді. Қазіргі таңда әскери қызметке келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген көптеген әскерилер екі жақты келісімде көрсетілген көптеген баптардың орындалмай отыруынан қызметтерін тастап кетіп жатқаны жасырын емес.

— Оларды әуелі жақсы жалақы мен үй береміз деп қызметке тартқан ғой. Ал қазір казармада солдаттармен бірге қатын-баласын шұбыртып жұмыс істеп жүр. Енді келісімшарт деген жойылады деген сыбыс бар. Өйткені, оны тоқтату министрліктің өзіне тиімді. Келісімшарт негізінде әскерилерге үй беріп, жақсы айлық төлегенше, олардың орнына әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлердің арасынан іріктеп жұмысқа алғаны тиімді.

Мұны бір деңіз. Екіншіден қорғаныс саласына үлкен өзгерістер қажет. Бүгінгі қорғаныс саласының жұмысына генералдардың да көңілі толмайды.
"Жұмыс барысында үлкен шенді әскерилерден сұрағанымызда, олар әзіл-шыны аралас: «егер соғыс бола қалса, қарулы күштер жау жағының күшіне үш-ақ күн төтеп береді» дейді. Соған қарағанда, "Қорғаныс министрлігі елді қорғай ала ма, қорғай алмай ма?" деген сұрақтың өзі өткір болып тұр ғой," – дейді "Хабар" агенттігінің «Айбын» әскери бағдарламасының жүргізушісі Нұрлан Хавдай.

Ал «Заң» газетінің журналисі Аманхан Әлім Қорғаныс министрлігін әскери іске үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Даниал Ахметовтің басқарып отырғанына таң қалады. Оның ойынша, қандай да болмасын саланы сол саланың кәнігі маманы басқару қажет.

Осы мәселеге орай депутаттық сауалдың иесі Сағынбек Тұрсыновқа хабарласып едік ол кісі жиналыстан босай алмады. Ал аталмыш мәселеге кім жауапты екенін айтып, жөн сілтейді деген Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Серік Шалов телефонын көтермеді.
XS
SM
MD
LG