Accessibility links

Атырау әкімшілігі оппозицияның наразылық жиын өткізуіне рұқсат бермей қойды


"Азат" партиясының филиалында өткен баспасөз мәслихаты. Атырау, 16 ақпан 2009 ж.
"Азат" партиясының филиалында өткен баспасөз мәслихаты. Атырау, 16 ақпан 2009 ж.

21 ақпанда митинг өткізбек болған «Азат» партиясының Атыраудағы филиалына, соңғы екі жылдағыдай, жергілікті билік бұл жолы да рұқсат бермей қойды. «Билік бізді заңсыз қимыл жасауға арандатқысы келеді» дейді оппозиция өкілдері.

«Азаттықтар» жергілікті билік жемқорлыққа белшесінен батып отыр дейді. Оппозиция өкілдерінің пікірінше, Атырау қазір жемқорлық жағынан бұрын бірінші орынды бермей келген Шымкентті де артқа тастаған. Сондықтан да осы мәселелерді халық алдында көтермек болған «Азат» партиясының филиалы 21-ші ақпан күні митинг өткізуге рұқсат сұрап әкімшілікке өтініш берген еді.

Қала әкімшілігі азаттықтарға рұқсат беруден бас тартты. Атқарушы билік иелері «Азат» партиясы жиын өткізуге сұраған Жилгородок шағын ауданындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы алдында «Ауған соғысы ардагерлері құрметіне орай шара өткізіледі» деген сылтауды алға тартты.

Жалғас Тікенбаев, "Азат" партиясының Атыраудағы филиалының төрағасы. 16 ақпан 2009 ж.
– Бұл, заңға сәйкес, митинг өткізуге алдын ала рұқсат сұрап, соңғы екі жылда жергілікті билікке біздің берген 14-ші өтінішіміз. Ал әкімшілік болса осымен 14-ші рет бізге жиын өткізуге рұқсат беруден бас тартып отыр. Біз қай жерді сұрасақ та рұқсат бермес үшін олар міндетті түрде бір нәрсе ойлап табады. Енді біз әкімшіліктің екі жыл бойы бізге жиын өткізуге рұқсат бермеу жөнінде қабылдаған шешім-қаулыларын жинап, алдымен ОБСЕ ұйымына, содан соң сотқа арызданбақпыз, – дейді «Азат» партиясының Атыраудағы филиалының төрағасы Жалғас Тікенбаев.

Жергілікті билік осындай іс-әрекетімен оппозициялық партияны рұқсат етілмеген митинг ұйымдастыруға әдейі арандатып отыр деп пайымдайды «Азат» белсенділері. Ал ондай жиынның соңы немен аяқталары белгілі. Мәселен, 2006 жылдың қаңтарында биліктің рұқсат бермегеніне қарамастан халықпен кездесуге шыққаны үшін жауапқа тартылған осы партия белсенділерінің әрқайсысы сот шешімімен 5-10 тәуліктен абақтыда жатып шыққан еді.

«Азаттың» Атыраудағы филиалы 21-ші ақпандағы митингте Қазақстанды дағдарыстан шығаруға қабілетсіздік танытып отырған үкіметтің отставкаға кетуі, бағаны тұрақтандыру туралы талаптар айтпақ болған-ды.

«Халыққа дағдарыс туралы айтуға тиым салынды. Үкімет алданған үлескерлер проблемасын әлі күнге дейін шеше алмай отыр. Тұрақтандыру қорындағы халық қаржысы орта және шағын бизнесті қаржыландыруға емес, осы ақшаға банктерді сатып алып отырған олигарх топтардың мүддесін көздеуге арналған. Қомақты сома ешкімге қажеті жоқ «Самұрық-Қазына» мегахолдингісін қаржыландыруға жұмсалып жатыр. Теңгенің аяқ асты құлдырауы студенттер мен несие алушы қарапайым халықтың жағдайын нашарлатты. Үкіметтің жұмыстан босатпау жөнінде бұйрық бергеннен басқаға қауқары келер емес. Жұмыссыздардың нақты саны бүркемеленгенімен, жаппай ақысыз еңбек демалысына жіберілгендер қатары ұлғайып барады», – деп мәлімдеді Жалғас Тікенбаев.

Ибатолла Сәтенұлы, ЖСДП өкілі (сол жақта) және Ғазиз Сайфолла. Атырау, 16 ақпан 2009 ж.
Ол алдағы уақытта Қазақстанда инфляция тағы жалғасып, баға қымбаттайды деген пікірде.

«Үкімет инфляция 8 пайыз деп елді алдап келеді. Ал шынайы инфляция деңгейін банктің үстеме пайызы көлемінен-ақ байқауға болады. Халық біртіндеп қайыршыға айналып барады», - дейді оппозиция өкілі.

«Азат» партиясының наразылық жиын өткізу туралы бастамасына өзге саяси ұйымдар қолдау танытып отыр. Қазақстанда ресми тіркелмеген «Алға» партиясының Атыраудағы филиалын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісінің орынбасары Ғазиз Сайфулланың айтуынша, олар 25-ші ақпанда «Нұр Отан» партиясы кеңсесінің алдында пикет өткізуге алдын ала арыз беріп қойыпты.

«Алға» белсенділерінің көтеріп отырғандары да «Азат» партиясымен үндес. Бұлар да Кәрім Мәсімов үкіметінің отставкаға кетуін талап етіп отыр.

– Елдегі әлеуметтік жағдайдың құлдырауына тікелей осы үкімет пен «Нұр Отан» партиясы кінәлі. Сондықтан да пикетті «нұрекеліктердің» алдында жасамақпыз, – деп мәлімдеді Ғазиз Сайфулла.

Бірақ ол өздеріне жергілікті биліктің рұқсат беретіндігіне күмәнді.
XS
SM
MD
LG