Accessibility links

Атырауда екі азамат полицияға наразылық ретінде қарындарын тілді, үкім бәрібір шыққан


Құрманбек Батанов мойнындағы қолдың іздерін көрсетіп тұр. Атырау, 7 қазан 2009 жыл.
Құрманбек Батанов мойнындағы қолдың іздерін көрсетіп тұр. Атырау, 7 қазан 2009 жыл.

Атырауда екі айыпталушы тергеу ісінің әділетсіз жүргізілуіне және азапталуларына қарсылық ретінде тергеу изоляторында өздеріне қол жұмсап, қарындарын жарып тастаған. Жараланғандарға екі сағаттан кейін үкім шығарылған. Ал облыстық ішкі істер басқармасы мұның жауабын соттан іздеу керек деп отыр.

Қазанның 6-сы күні Атырау қалалық соты Аслан Кемелов пен Құрманбек Батановқа қатысты соңғы сот үкімін оқыды. Оларға Қылмыстық кодекстің 181 бабы, 178 бап және 177 баптың 3 тармағына сәйкес біреудің мүлкін қорқытып алды, ұйымдасқан топ болып алаяқтық жасады, кісі тонады деген айыптар тағылды. Сот шешіміне сай Аслан Кемелов жалпы режимде 8 жылға бас бостандығынан айрылса, Құрманбек Батановқа аса қатаң режимде 12 жыл жазасын өтеу шарасы кесілді.

ЖАРАҚАТТАНҒАНДАРДЫҢ ҮКІМ ТЫҢДАЙТЫНДАЙ ХАЛДЕРІ БОЛМАҒАН

Сот үкімі шығардан бірнеше сағат бұрын тергеу изоляторында бұл екеуі өздеріне қол жұмсап, қарындарын тілген. Алайда бұл оқиға ешкімді алаңдата қоймапты. Оларды қандарын сорғалатып, Атырау қалалық сотына үкімді естіртуге алып келген.

Бұл жайлы Азаттық тілшісіне Аслан Кемеловтың әйелі Райля Әмірова мәлімдеді. Ол Атырау қалалық соты үкімі қазанның 7-сінде таңғы 10.20-да шығады деп хабарланғандықтан өзінің сотқа сол күні сағат 10-да келгенін айтады.

-Сот ғимараты баспалдақтарымен көтеріліп келе жатып, сорғалаған қан іздерін байқадым. Бірақ ойымда дәнеңе де болған жоқ. Сол жерде Ләззатпен кездесіп сот үкімі оқылатын уақытты және жұбайымызды алып келуін күтіп тұрдық. Сөйтсек, оларды бізден бұрын алып келген екен,-дейді ол.

Оларға сот маңында болған адамдар айыпталушылардың үсті басы қызыл жоса қан екенін айтқан. Сол жерде тұрған полиция қарауылдарының бір-біріне «аналар қансырап өліп қалмай ма екен?» дегендерін естігенмен, бұл әңгімелер біздің күйеулеріміз жайлы болар деп ойламадық дейді Райля Әмірова.
Құрманбек Батановтың жарақаттанған қарны. Атырау, 7 қазан 2009 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.


- Сағат 11 шамасында қасымызға келген сот хатшысы «процесс басталады кіріңіздер» деп бізді сот залына енгізіп, соңымыздан есікті кілттемек болып жатты. Сол сәтте күйеулеріміздің «біз кесіліп қалдық, тез жедел жәрдем шақырыңдар, журналистерге хабарлаңдар» деген айқайын естіп қалдық. Әлгі хатшы қызды итеріп жіберіп « не сұмдық болып жатыр?» деп қарауылға қарай жүгірген едік, олар «апай, бұны істеген біз емес, олар тергеу изоляторынан осылай келді» деді. Оларды ауруханаға әкетіп бара жатыр екен. Бірге кеткен қорғаушымызға хабарласқанымызда «дәрігерлер жағдайы аса ауыр» деп айтты деді. Біз сот үкімін кейінге қалдырады деп күткен едік. Алайда оларды сүйретіп сот залына қайта әкелді. Олардың сот үкімін түрегеліп тыңдайтын халдері де болған жоқ. Сот үкімін оқыды,-деді Азаттық тілшісіне Райля Әмірова.

-Менің күйеуім Құрманбек Батанов сот төрағасы Б.Жұмабаевтан «үкімді кейінге қалдыруға бола ма?» деп сұрап еді, сот естімеген сыңай танытты,-дейді Ләззат Үмбетәлиева.

Ал Райля Әмірованың айтуынша, сот процесі кезінде Аслан Кемелов бір жұтым су сұрап ала алмапты.

Сотталушылардың жұбайларының сөзіне сүйенсек олар қалалық сот ғимараты ішінде бір сағаттан астам жарақатымен жатқан. Тек сотталушылардың әлсіреп бара жатқаны байқалған соң ғана, облыстық ауруханаға апарып жараларын тігіп, медициналық жәрдем көрсетілген.

Азаттық тілшісімен жолыққан Аслан Кемеловтың жұбайы Райля Әмірованың айтуынша, оны биылғы жылғы сәуірдің 2-сінде арнайы топ қызметкерлері мектепте оқитын қызын алып келуге бара жатқан жерінен ұстап, ұрып-соғып алып кеткен. Алдымен оған ұйымдасып қылмыс жасады деген айып тағып, артынан ақша бопсалады, ұрлық жасады деген кінәлерді артқан.

Ал екінші сотталушының жағдайы да дәл осындай. Оның әйелі Ләззат Үмбетәлиеваның сөзіне сүйенсек, Құрманбек Батановты сәуірдің 1-нде Ақтөбе вокзалында қолына кісен салып Атырауға алып келген.

Сотталушылардың әйелдері мәлімдегендей, содан бері бұл екеуіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті, арнайы топ қызметкерлері, облыстық Ішкі істер басқармасының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімі қызметкерлері тарапынан үнемі жәбір көрсетіліп келеді екен. Олардың үстіндегі таяқ іздері мен денелері соққы салдарынан көкпеңбек болса да ешбір хаттамаға тіркелмеген. Тіпті, Құрманбек Батанов осы жылдың шілде айында тергеу изоляторына бір топ журналистермен барып, айыпталушылармен кездескен облыс прокурорының орынбасары Хабиболла Қасымовқа да ауызба-ауыз шағым түсіріп, келген телеарналар арқылы президентке өтінішін білдірген екен. Сондай-ақ соттарға және басқа заңды құрылымдарға арызданғандарымен, еш нәтиже шықпай отырғанын айтады.

Осылай деген сотталушылардың жұбайлары Азаттық тілшісіне арнайы түсірілген бейнетаспаны және тергеу изоляторынан жазылған хатты ұсынды. Бұл жазбаларда өздерінің жазықсыз жазаланғанын баяндаған сотталушылар оны президент Н.Назарбаевқа арнапты.

СОТТАЛУШЫЛАРДЫҢ ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖОЛДАҒАН ШАҒЫМ-МОНОЛОГТАРЫ

Құрманбек Батановтың президент Н.Назарбаевқа жолдаған бейнетаспаға жазып қалдырған шағымына сүйенсек барлығы осыдан 2008 жылы қазан айында ұйымдасқан қылымыспен күрес басқармасының (ҰҚКБ) Еркін есімді мас күйде болған қызметкерін өз көлігімен баратын жеріне жеткізіп тастауынан басталған көрінеді.

«Ол маған дөрекілік танытқан соң, мен қол көтерген едім. Содан кейін Ақтөбе де жүргенімде 2007 жылы Атыраудағы «Көктем» базарында ақша бопсалады деген сылтаумен ұстатқызды» деп мәлімдепті бейнетаспада Құрманбек Батанов.

Ол әйелі арқылы президентке жеткізу үшін берген бейнешағымында өзінің басынан кешкен әділетсіздіктері жайлы былай деген екен:

- Биылғы сәуірдің 1-інде ҰҚКД қызметкерлері Ақтөбе вокзалынан ешнәрсе түсіндірместен қолыма кісен салып, Атырауға әкеліп уақытша ұстау камерасына отырғызды. Ұялы телефонымды, қалтамдағы ақшамды тартып алды. Маған Қылмыстық кодекстің 177- бабының 3- тармағы бойынша ұйымдасқан топ құрып, алаяқтық жасады деген айып тақты. Алайда «жәбірленуші» деп алып келген адам қорғаушымның және ҰҚКД тергеушісінің көзінше «мені бұрын көрмегенін және менің оған еш зиян тигізбегенімді» айтты. Соған қарамастан мені уақытша ұстау камерасында үш күн ұстады.

Ертесінде мені көрші кабинетке шақырып алған ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы қызметкері Еркін мен басқа да ҰҚКД қызметкерлері моралдық және психологиялық түрде жәбірлеп, қоқан-лоқы көрсетті. Менің жасамаған қылмысты мойныма алуымды талап етті. Мен келіспедім. Олар мені бас салып ұрып-соқты. Маған қылмысты мойныма алмасам да түрмеге қамаудың жолын табатындарын айтты. «Есірткі саламыз немесе адам өлтірді» деген айыпты мойныңа ілеміз деді.
Құрманбек Батанов қолындағы жарақат іздері. Атырау, 7 қазан 2009 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.


Ал жарты сағаттан соң мені қайта шақырып алып, арнайы қызмет тобы қызмектерлері қайта ұрып-соғып, мойындауымды талап етті. Бұл азаптауға шыдамай қолымды тілгілеп, тамырымды кестім.Алайда олар бұған мән де берген жоқ. Мені тек ертесінде ғана дәрігерге көрсетіп, жарақатымды тіккізді. Бірақ бұл дене жарақтаты ретінде менің ісіме тіркелмеді.

Осыдан соң маған қатысты басқа да қылмыстық істер қозғала бастады. Міне, мен №9 тергеу изоляторында отырғаныма 7 ай болды. Маған ҰҚКБ қызметкерлері келіп «егер одан әрі шағымданатын болсам, басқа зардап шегушіні табатындарын» ескертті. Өздерін «Атыраудың қожайындарымыз» деп мәлімдеп, біреуге арызданғанымнан ештеме шықпайтынын айтты. Істі жүргізген судья Б.Жұмабаев та сот процесі барысында ата-анама, отбасыма қарауыл арқылы тінту жүргізіп, сес көрсетті. Біз сотты ауыстыруды талап еткен өтінішіміз орындалмады. Сот үкімі оқылар қазанның 6-сы күні тергеу изоляторынан алып шығарда арнайы топ қызметкерлері қылқындырып, тағы бірнеше мәрте соққы берді. Мен бұдан әрі қорлық пен азапқа шыдамай өз қарнымыды тіліп жібердім. Бірақ бұған да ешкім назар аудармады. Бір сағаттан соң ауруханаға апарып, жарамызды тіктіріп, сотқа қайта сүйреп келді.

Сіз жақында Атырауға келіп кеттіңіз, бірақ Сіз мына сұмдықты естімедіңіз. Мен сандаған арыздар жаздым, көп инстанциялардан өттім, адам құқығын қорғау жөніндегі ұйымдарға да шағымдандым. Әзірге қорытынды жоқ. Не істеуім керек? Әлде азаматтығымды ауыстыруым керек пе? Енді Сізден, ҚР Бас прокурорынан, Жоғарғыы соттан көмек сұраймын, мені құтқара көріңіздер! Менің 2 сәбиім және мүгедек қарт анам бар,-деп айтыпты Құрманбек Батанов.

«ЕНДІ МЕНІҢ АДАМГЕРШІЛІК, ӘДІЛДІК, ЗАҢ САҚТАЛМАЙТЫН ЕЛДЕ ТҰРҒЫМ КЕЛМЕЙДІ»

Ал сот үкімі оқылар күні өзінің «Қарсы пікір» деп атаған шағым хатын әйеліне лақтырып үлгерген Аслан Кемелов онда былай деп жазыпты:

-Егеменді еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаев Атырау облысында заң талаптарының сақталмайтынын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер басқармасының, прокуратура мен соттың сыбайлас жемқорлық ордасына айналғанын қалай көрмей жүр? Неге сіз кінәсіз адамдарды айыптауға жол бересіз? Сіз мен үшін пір едіңіз. Сіздің халыққа жасаған жақсылықтарыңызды көріп ,өмірімде алдыма мақсат қойып, соған жетем деп бел буған едім. Енді менің адамгершілік, әділдік, заң сақталмайтын мемлекетте тұрғым келмейді. Қазақстан Республикасының азаматы болғым келмейді. Заң орындары қызметкерлері а іс жүргізу барысында, сот барысында кінәсіз адамдарды қаралап, жазалаудың небір тәсілін қолданады. Мен де солардың бірімін. Мен кінәсізбін. Жанұяммен өмірде жасарым көп. Сондықтан әділдікті талап етем. Осы хатты жаза отырып, әділдік болмаса, өз-өзіме қол салып, мына дүниемен қош айтысам деп сөз беремін. Менің қол салуыма тергеуші Мұхтар Бектұрғанов, ішкі істер басқармасының Еркін, Миша, Әлішер, Ербол, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Бүркіт есімді қызметкерлері кінәлі.

Ол бұл шағымында соңғы хаты екенін ескертіп, оны «Нұр Отан» партиясының бірнші орынбасары Д.Қалетаевқа, Бас прокурорға , ҚР ҰҚК төрағасына, ҚР Ішкі істер министріне жолдайтынын көрсетіпті.

Сотталушылардың бірінің қорғаушысы Қизатолла Раев оларға тағылған іс тұрғысында заңға сүйенсек тіпті де қозғалатын мәселелер емес дейді.

"Олардың мойнына артып отырған айыптары бірнеше эпизодтан тұратындықтан тек біріне тоқталғым келеді. «Оралмандардан қорқытып ақша алған» дейді. Оралман деп отырғандары Ауғаныстаннан қоныс аударған қазақтар. Олар не орысша, не қазақша жаза алмайды. Сондықтан тергеу орындағылар өздері жазып, әлгілерді қорқытып-үркітіп қол қойдырып алған. Бұл адамдар шынымен жапа шексе қанша зиян тартқандарын айтып беретін еді. Олар шеккен зияндарының шамасын да дөп басып айта алмай отыр",-деп мәлімдеді Азаттық тілшісіне. Мұндай мысалдарды тізе беруге болады.

«ЖАУАПТЫ СОТТАН СҰРАҢЫЗ»

Бұл оқиғаға жайлы облыстық Ішкі істер басқармасының баспасөз жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова «Сот үкімі шықты. Ал олардың өздеріне қол жұмсауы туралы мен дәрігер қорытындысын көрдім. Онда аса терең емес жарақат деп жазылған. Іс соттан өтіп кетті. Ал Мұхтар Бектұрғанов не айтатыны жайлы әзір ешнәрсе дей алмаймын. Егер іс дұрыс тергелмесе, сот кері қайтарар еді. Сондықтан жауапты соттан сұраңыз» деген түсініктеме беріп отыр.

Сотталушылардың жұбайлары өздерінің ары қарай Бас прокурорға, Жоғарғыы сотқа шағымданатындарын айтады. Ал үкіммен келіспеген сотталушылар болса президенттен жауап бола ма деген үмітте.
XS
SM
MD
LG