Accessibility links

Атыраудағы оппозициялық ұйымдар митинг өткізуге рұқсат бермеген жергілікті билікке заңды түсіндірмек


Тіркелмеген "Алға" партиясының белсенділері өткізген баспасөз маслихаты. Атырау, 3 наурыз 2009 ж.
Тіркелмеген "Алға" партиясының белсенділері өткізген баспасөз маслихаты. Атырау, 3 наурыз 2009 ж.

Пикет өткізуге рұқсат ала алмай әрі полиция қызметкерлерінің әдейі кедергі келтіруі салдарынан билікке петиция тапсыра алмаған «Алға» партиясының Атыраудағы өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Оның мақсаты билікке заңды түсіндіру деп хабарлады ресми тіркелмеген «Алға» партиясының мүшелері.

– Біздің партияның мүшелері Қазақстанның жер-жерінде өзінің пікірін білдіріп, бейбіт жиналыстар өткізуге 12 арыз берген еді. Олардың бәріне де рұқсат етілген жоқ. Бұл Қазақстан өкіметінің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуге лайық болуға тырысқысы келмейтінін көрсетеді. Сондықтан жергілікті билік ЕҚЫҰ-на мүше елдерде адам құқына қандай көзқараспен қарайтынын білмейді және білгісі келмейді, - деді «Алға» партиясының облыстағы филиалының жетекшісі Мұхит Нұрмаханов.

«Алға» партиясы өкілдерінің ойынша, құқық орындарының азаматтардың конституциялық құқын бұзып, өз пікірін айттырмауы биліктің заңды білмеуін немесе ЕҚЫҰ-ға қосылудың қандай міндеттер жүктейтінінен хабарсыздығын танытады. Сол себепті де, облыстық прокуратураға, қалалық әкімшілікке, сотқа, қалалық ішкі істер басқармасына заңдарға жазылған түсініктеме тапсырып отырғандарын айтады оппозиция белсенділері.

Олар жергілікті билік тек наразылықтарын жазбаша білдіруге шыққандардың азаматтық құқын ғана емес, сонымен бірге балалардың да құқын бұзып отыр дейді. Бұған мысал ретінде ақпанның 25-сі күні «жол апатын жасады» деген желеумен заңсыз ұсталып, петиция тапсыра алмаған Ғазиз Сайфулла былай деді:

– Дәл сол күнгі аязға қарамастан, «Бақытты балалық шақ» тақырыбында сурет салу үшін «Нұр Отан» партиясына баратын жолда кішкентай балаларды көшеге алып шықты.

Қайырлы Есенов, "Алға" партиясының Махамбет ауданы бойынша үйлестірушісі. Атырау, 3 наурыз 2009 ж.
Ал, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Атыраудағы жетекшісі Жұмабай Доспанов өзі петиция тапсыруға барғанда «Нұр Отанның» алдында жоғары сыныпта оқитын жасөспірімдердің полицияның бұйрығымен зілтемір көтеріп, спорт жаттығуларын жасап жатқанын көргенін айтты.

– Бұл нағыз түрмедегі тәртіпті еске түсірді, - дейді Ж. Доспанов.

Баспасөз мәслихатына қатысқан «Алға» партиясының Махамбет ауданындағы үйлестірушісі Қайырлы Есенов билік сол жолы рұқсат бергенде ешнәрсе болмайтын еді деген пікірін білдірді.

– Көп болса 200 адам шығып, дауысымыз қарлыққан соң үйге қайтар едік, өйткені, қарулы топқа қарсы қара тобыр ештеме жасай алмас еді, - деді «Алға» партиясының өкілі.

«Алға» партиясы тапсырған заңға түсініктемеге орай құзырлы орындардың пікірін білмек болып телефон шалған едік. Атырау қалалық әкімшілігінің кеңсесіндегілер ол хаттың әкімшілік заңгері Серік Нысанбаевқа берілгенін айтты. Ал заңгер бұл жөнінде Азаттық тілшісінің сауалына жауап беруден ат-тонын ала қашты.

«Ондай қағазды көргем де, естігем де жоқ, маған келіп түскен жоқ», - деп мәлімдеді ол.

Одан өзге қалалық прокуратура, ішкі істер басқармасындағылардың кеңсесіндегілер де оппозиция өкілдері жолдаған "Заңға түсінік беру" туралы хаттың келіп түскенін хабарлағанымен, тиісті қызметкерлердің жауабын алу мүмкін болмады.

Ал ресми тіркелмеген «Алға» халықтық партиясына билік орындары «бір ай ішінде жауап береміз» деген көрінеді.

Бұған дейін «Алғалықтармен» бірге митинг өткізуге қала әкімшілігіне 15 мәрте өтініш берсе де, бірде бір рет рұқсат ала алмаған «Азат» партиясының Атыраудағы филиалы да жергілікті билікті сотқа беріп отыр.
XS
SM
MD
LG