Accessibility links

Бақыт Сарбалаұлы: Сын саласының жанашыры жоқ


Бақыт Сарбалаұлы, әдебиет сыншысы, «Сын» журналының бас редакторы. Алматы, 26 шілде 2010 жыл.
Бақыт Сарбалаұлы, әдебиет сыншысы, «Сын» журналының бас редакторы. Алматы, 26 шілде 2010 жыл.

Әдебиет сыншысы, «Сын» журналының бас редакторы Бақыт Сарбалаұлымен өткізілген сұхбатта, қағажу қалған сын мәселесінің жағдайы, бұрынғы қаламгерлердің де, әдебиетке келіп жатқан жастардың да неліктен бұл салаға араласқысы келмейтіндігінің мән-жайы сөз болады.


КӨРКЕМ СЫНДЫ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ ТУҒЫЗАДЫ

– Бақыт мырза, халықтың әдебиетке ерекше ыстық ықыласы ауған Совет одағы кезінде де, сынға арналған жеке басылымның болмағаны белгілі. Енді дәл бүгінгідей рухани өнімдерге аса үлкен сұраныс тумай тұрған өліара мезгілде, мұндай салалық журналды шығару қандай қажеттіліктен туды.

– Бұл сұрағың жұртшылықты біраз нәрседен хабардар етіп жатыр. Расында да Совет үкіметі кезінде коммунистік партияның идеологияға ықыласы ерекше болып, оған айрықша көңіл бөлінгені құпия емес. Өтірік сөйлеп қайтеміз, біздің өзіміз де алдағы уақытта нұрлы қоғамның орнайтынына қалтқысыз сендік.

Міне, сол дүбірлі дәуірде әдебиетімізге лек-легімен толқын келіп, оның өркендегені, көсегесінің көгергені де – ақиқат. Алайда, менің ойымша сол уақытта соған лайық сын да болды. «Уақыт және қаламгер», «Жастар жастар туралы» деген сыңайдағы әдеби сынның проблемасына арналған арнайы жинақтар шығып жатты. Сонымен қатар біздің ғалымдарымыз бен сыншыларымыздың, жыл сайын жиырмаға жуық сын кітаптары жарық көріп тұрды. Бұл әдебиетіміз үшін үлкен олжа.

Ғажайып шығармалар секілді, көркем сынды да – уақыт талабы туғызады. Сынның үздік үлгілері белгілі бір уақытқа ғана қызмет етіп қалмай, келешекке де жол тартады. Біздің өзіміз де өлеңнен бастап, кейін сынға ауыстық.

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ СЫН

Тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиетімізде үлкен дағдарыстың белең алғанын жасырмай айтуымыз қажет. Қазір де содан шыға қойған жоқпыз. Өйткені шын мәнісіндегі кесек туындылар өте сирек туып жатыр.

Бірақ соған қарамастан, маған дәл бүгінгі таңда әдеби сын көбірек керек секілді болып көрінеді. Олай дейтін себебім, Совет одағы құлағаннан кейін бәріміз де бетімізбен кеттік. Әсіресе, бүгінгі жастарымыз нақты бағдарсыз өмір сүріп жатқан секілді.

Қалай болған күнде де жастарымызға темірқазық-нысана болатын, бір идея ауадай қажет. Сондықтан, менің ойымша біздің кем-кетігімізді толықтыратын бір сала – әдеби сын болуы мүмкін.

Орыстың ұлы сыншысы Белинскийдің «ұлы шығарма туралы айтылған әңгіменің маңызы – сол ұлы шығармадан кем емес» дегені бар. Мысалы, Пушкиннің заманында ұлы ақын жеке тұлға болды. Кейінірек барып оған Лермонтов ілесті.

Бірақ менің бір таң қалатыным, сол уақытта Белинский, Добролюбов, Чернышевский, Писарев секілді талай атақты сыншылар шықты. Әрине, Белинскийдің сынында қоғамды да, әлеуметті де айтып артық кететін талай жерлер бар.

Дей тұрсақ та дәл сол кездегі орыс сыншыларының сыны Ресей қоғамының идеологиясы болған секілді. Белинскийдің қоғамдағы болып жатқан процестерді жан-жақты қамтуы, Гогольге жазған хаты да осының көрінісі деп ойлаймын.

Сол себептен нақ қазіргі шақта әдебиетімізде жақсы шығармалар туып жатқанымен, Алашымыздың санасын сілкінтетін, шын мағынасындағы шындықты бағалауға үйрететін туындылар жоқтың қасы. Қазір ұлтқа түк қажеті жоқ, кездейсоқ қаламгерлердің

Сынға бүйрегі бұратын әдебиетшілеріміз өте аз. Өйткені біреудің кемшілігін бетке басу, кімге болса да ұнамайды. Тіпті, нашар ақынның өлеңдерін сынасаң, ол саған жау да болып кетеді.

шығармалары қаптап кетті.

Міне осындай жағдайда жұртқа бағыт-бағдар беріп отыратын сынға, аса зор қажеттілік бар. Алайда өкінішке қарай басқа жанрлармен салыстырғанда, сынның жағдайы ең кемі екі есе қиындау.

Және дәл бүгінгідей жағдайда сынға ерекше қамқорлық қажет. Еліміздің өмірінде үлкен дағдарыс болған кезде де шын жазушыларымыз бен ақындарымыздың қаламы қолынан түскен жоқ.

Алайда сынға бүйрегі бұратын әдебиетшілеріміз өте аз. Өйткені біреудің кемшілігін бетке басу, кімге болса да ұнамайды. Тіпті, нашар ақынның өлеңдерін сынасаң, ол саған жау да болып кетеді. Оның үстіне жазылған сыныңа ешқандай қаламақы да төленбейді.

СЫНҒА КӨЗҚАРАС ТҮЗЕЛМЕЙ ОТЫР

– Кешіріңіз, сөзіңіз аузыңызда. Мен мына сіздер шығарып жатқан «Сын» журналының бірнеше санып оқып шықтым. Бірақ осы басылымдарыңыздан да ешқандай сын көрмедім. Көбінесе журналдарыңызда ақын-жазушылардың шығармашылығын мақтаған мақалалар ғана басылады екен. Алайда жаңа ғана өзіңіз айтқандай, ортанқол туындылардың осалдығын көрсетіп беретін сынды

«Сын» журналы. Алматы, 26 шілде 2010 жыл.

таппадым. Мұндай дүниелерді басудан неге қашқалақтайсыздар?

– Мұны сен жақсы байқап, дұрыс айтып отырсың. Бірақ ондай дүниелерді басудан біз тартынып, қашқалақтап отырған жоқпыз. Бүгінгі әдеби процестің бүлкілінің қалай соғып жатқанын білетін сыншылар қазір мүлде жоқтың қасы.

Жақында «Сын» журналы бірталай сыншыларға осыған байланысты сұрақтарын берді. Бір байқағаным қазіргі жастардың сынға мүлде келгісі жоқ. Біріншіден сананы тұрмыс билейді. Екіншіден жалпы сынға байланысты көзқарас дұрысталмайынша оның жағдайының жақсара қоюы екіталай.

Ең бастысы, сыншының еңбегі бағаланып, алдымен оның ақысы төленуі қажет. Кез-келген талантты адам – ең алдымен сыншы. Өйткені, адамның бойындағы талант – талап пен талғамнан түзеледі. Әуелі автордың өзі жазған шығармасына сын көзбен қарап, оған ішкі бағасын береді. Классик жазушыларымыз Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбайлар проза жазумен ғана шектелмей, кезінде керемет сындар жазды.

«Сын» журналы – әдеби өміріміздің айнасы. Таяуда Бақытбек Бәмішұлы деген жастың бір жақсы мақаласы журналымызда жарық көрді. Сол мақалада аздап та болса сын бар. Таратып айтпады демесек, онда қазақтың ақиық ақындары Иран-Ғайыптан бастап көптеген айтулы тұлғаларымыздың шығармашылығына сын көзбен қарау бар.

Егер де бізге келешекте жақсы идеология керек болса, сынға қамқорлық жасағанымыз абзал. Онсыз әдебиетіміз өркендей алмайды.Ол тіпті сыншыларға ғана емес, қоғамға керек. Өйткені сөз түзелсе ғана дүниенің түзелетіні менің ашып отырған жаңалығым емес, осыған дейін де талай айтылып, өмірдің өткір сыны дәлелдеген асыл қағида.

СЫН ЖӘНЕ НАРЫҚ

– Жаңа бір сөзіңізде кезінде ақын-жазушылардың өлең, әңгіме жазып қоюмен ғана шектелмей сынмен де айналысқанын жақсы айттыңыз. Дәл бүгінгі таңда олардың осы салаға жолағысы келмейтіндігінің себебі неліктен?

– Оның ең басты себебі – бірінші кезекте бұл саланы да нарық билей бастады ғой. Мысалы, Совет үкіметі кезінде идеологияның күштілігі партияға ауадай керек болды. Сондықтан, тіпті, масыл ақындар мен талантсыз жазушыларды да билік асырып жатты.

Он мың немесе отыз мың данамен шыққан ортанқол шығармалардың өзі өтіп кететін. Өйткені қалың халықтың да кітапқа сұранысы

Совет үкіметі кезінде идеологияның күштілігі партияға ауадай керек болды. Сондықтан, тіпті, масыл ақындар мен талантсыз жазушыларды да билік асырып жатты.

күшті болды. Сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің 300 мың, «Жұлдыз» журналының 200 мыңға жетуі – осының көрінісі.

Мұндай жағдайда, әдебиеттің көшбасшылары – кемел ақындар, көрнекті сыншылар, талантты жазушыларды былай қойғанда, ортанқол қаламгерлердің де шалқып өмір сүруге мүмкіндігі болды.

Жылына тіпті, 70-80 роман шыққан кездер бар. Осындай кезеңде ақын-жазушылар өз еріктерімен әдеби сынға араласып, шығып жатқан туындылардың көркемдік деңгейін саралап, бағасын беріп жатты. Сонымен қатар біздің қаламгерлер орыс әдебиетінің қалай дамып жатқанына қатты назар аударып, ондағы үздік үлгілерден үйренуге тырысты. Басқаша сөзбен айтқанда көркем сынды өмірдің талабы туғызды.Дәл бүгінгі уақытта көркем сынды туғызатын осындай қажеттілік болмай тұр.

ӘДЕБИ БАСЫЛЫМДАРДЫҢ КӨБЕЮІ

– Қанша ойлансам да, бір нәрсенің сырын түсіне алмай-ақ қойдым. Қалың бұқараның әдебиетке сұранысы күшті болған Совет заманында да санаулы ғана әдеби басылымдар шығып жатты. Керісінше, дәл бүгінгідей, халықтың әдебиетке деген ыстық ықыласы суып қалған уақытта, әдеби басылымдардан аяқ алып жүре алмайтын жағдайға жеттік.

Солардың көбісі бұрын-соңды бір жерде жарияланған дүниелерді басып, нанын тауып жүр. Тіпті, мұндай басылымдардың көбісін әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын редакторлар басқарып отыр. Қалай ойлайсыз? Осындай басылымдардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетуі -әдебиетке қатысты талғамды төмендетіп жіберген жоқ па?

– Өте жақсы сұрап қойып отырсың. Сан бар да, сапа бар. Мысалы, бұрын «Лениншіл жас» газетінде бір жас ақынның жақсы бір өлеңдер топтамасы шықса, ол ертеңіне ақын болып оянатын. Елге бірден танылатын. Өйткені, 300 мың таралыммен шығатын газеттің, әр данасын бірінен-бірі сұрап, ең кемінде он адам оқитын. Сол себептен өз газетінің немесе журналының абырой-беделін ойлаған редакторлар ондағы шығып жатқан дүниенің сапасына қатты мән беретін.

Ал, енді қазіргі кезде, расында да газет-журнал көп. Бірақ таралымы аз. «Қазақ әдебиеті» газеті таралымының өзі 10-15 мыңның айналасында. Оны тек әдебиетті жақсы көретін – зиялы қауым ғана оқиды. Сондықтан, бір газет немесе журналда ғана шыққан автордың, көпшілікке танылуы тағы қиын. Өйткені оны сол басылымның оқырманы ғана оқиды.

Аймақтық басылымдарға келетін болсақ, олар оңтүстікте де, солтүстікте де, шығыста да, батыста да Астанада да шығып жатыр. Қызылордада «Сырдария» деген әдеби журнал жарық көрді.

Алайда осы қаптаған басылымдардың көбісінде шын мәнісіндегі әдеби талапқа жауап бере алатын көркем шығармалар жоқтың қасы. Көркем дүниесімен елді елең еткізген қаламгерлерді де көре алмадық. Жаңа дүниелерді жариялап, қарық қылып жатқаны да шамалы.

Менің аймақтардағы басылымдардың ішінде Тараз қаласында шығатын «Жамбыл» журналына ғана көңілім толады. «Жұлдыз» журналында да жақсы дүниелер шығып жатады. Алайда, осы басылымдағы жарияланатын шығармалардың көркемдік деңгейіне қойылатын талап та, тым биік деп айта алмаймын.

Біздің басылымға байланысты айтып жатқан сыныңның да жаны бар. Бірақ жаңа дүниелер аз жазылып жатқандықтан, нағыз кәсіби сынның қандай болатынын көрсету үшін, бұрын-соңды жазылған сынның үздік үлгілерін беріп жатырмыз. Өйткені, жаңа болғанмен, жасық, жарамсыз дүниеден гөрі, кейде үздік үлгілердің деңгейі де, көркемдік бедері, нәрі де, ол енді өлмейтін шығарма болғандықтан, көбірек сияқты.

– Дегенмен, бүгінгі көркем сынды жақсартудың қандай жолдары бар?

– Ең алдымен сөз түзеліп, сынға қатысты көзқарасты жақсарту қажет. Сосын жақсы сөздерді айтып қоюмен ғана шектелмей, іске көшкеніміз абзал. Мың сөзден гөрі – бір іс артық. Жоғарғы жақтағы мәдениет министрлігін немесе тіпті, ақпарат, идеология саласын алайық. Солардың бәрі жақсы сөзді айтады көп жағдайда, бірақ сөз бен іс сәйкеспей – оның орындалуы, жүзеге асуы, жоқтың қасы. Ең басты – сын саласының жанашыры жоқ.


– Әңгімеңізге рақмет.

XS
SM
MD
LG