Accessibility links

Бас прокуратураның ескертуінен соң қырғыз оппозициясы шеруді тоқтатты


Қырғыз оппозициясының жетекшісі Алмазбек Атамбаев өз жақтастарына жаяу шерудің болмайтындығын хабарлап тұр. Бішкек, 30 шілде 2009 жыл.
Қырғыз оппозициясының жетекшісі Алмазбек Атамбаев өз жақтастарына жаяу шерудің болмайтындығын хабарлап тұр. Бішкек, 30 шілде 2009 жыл.

Қырғызстанның Бас прокуратурасы оппозицияның Ыстықкөл жаққа жаяу шеруін тоқтатуды талап етті. Оппозиционер Алмазбек Атамбаев өздерінің жақтастары тұтқында отырған Балықшыға өзі ғана бармақшы.

Бүгін Алмазбек Атамбаевтың сайлау штабының маңына жаяу шеруге шықпақ болған екі мыңға жуық адам жиылған. Бірақ штабқа келген Бас прокуратура өкілдері оппозиция жетекшісі мен шеруге шықпақшыларға бұл шерудің салдары туралы ескерту жасады.

«Шолпанатада өтетін ҰҚШҰ елдері басшыларының саммитіне байланысты Атамбаев пен оның жақтастарына наразылық акциясын тоқтатуды ресми түрде ескертемін. Бағынбаған жағдайда қатаң жаза қолданылады», — деп мәлімдеді Қырғызстан Бас прокурорының бірінші орынбасары Сумар Насиза.

«Шерушілерге қарсы ешқандай арнаулы құралдар қолданылмайды, бірақ олардың саны 10 мың болса, ІІМ де 10 мың полицей шығарады», — деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Сабыр Құрманалиев.

Бас прокуратура өкілдерімен келіссөзден бас тартқан оппозиция жетекшісі Алмазбек Атамбаев кейінірек Ыстықкөлге шерудің болмайтындығын хабарлап: «Қолдауларыңыз үшін алғыс білдіремін, қазір тарауларыңызды сұраймын. Мен үшін біреулердің зардап шеккенін қаламаймын. Жақтастарымызды босату үшін Балықшыға өзім барамын», — деді.
XS
SM
MD
LG