Accessibility links

Тәжікстанның бейбітшілік орнату тәжірибесін Қырғызстан кәдеге жарата алады


Азамат соғысы кезінде Ауғаныстанды паналаған тәжік босындары бейбіт өмір орнаған соң Отандарына оралды. 21 қазан 1997 жыл.
Азамат соғысы кезінде Ауғаныстанды паналаған тәжік босындары бейбіт өмір орнаған соң Отандарына оралды. 21 қазан 1997 жыл.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі жұрт бұрынғыдай бейбіт өмір орната ала ма? Қырғызстанмен көршілес Тәжікстан халқының бес жылдық азамат соғысын тоқтатып, бейбіт өмірге көшкеніне 13 жыл болды.


КӨРШІ ЕЛДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Басқа түспесін деңіз, бірақ сіздің туған-туыстарыңыз ашынған тобырдың қолынан қаза тауып, үйіңіз өртелгенін елестетіп көріңізші. Жиған-тергеніңіз бір сәтте жоқ болды. Сіз тұратын мекенде жантүршігерлік оқиғалар болып жатқан соң үйге хабарластыңыз, бәлкім мұндай әрекетті көршіңіз жасаған болар, осыдан кейін шырқы бұзылған өмірді қалай қалпына келтіруге болады?

Қырғызстанның оңтүстігінде маусым айындағы ұлтаралық қақтығыстардан босып кеткен мыңдаған тұрғынды осындай ой мазалары анық. Өйткені үкімет олардың үйлерін қайта қалпына келтіруге, өзбектер мен қырғыздарды татуластыруға уәде беріп отыр. Ұлтаралық қақтығыстар салдарынан 275 кісі қаза тауып, 400 мыңға жуық тұрғын босып кетті. Үкімет мұндай кикілжіңдерді жойып, болашақта қайталанбауының жолдарын іздестіруі керек.

Қырғызстан уақытша үкіметі мұны жүзеге асыру жолдарын іздестіретін болса, оңтүстік көршісі Тәжікстанға көз салғаны дұрыс. Бес жылға созылған азаматтық соғыс 1997 жылы аяқталған соң Тәжікстан дәл осыған ұқсас жағдайға тап болды. Тәжікстан сәтсіздіктерге кезікті, бірақ 13 жылғы бейбіт процестер қазір нәтижесіз емес.

СҰРАПЫЛ ЖЫЛДАР

Әрине, бұл мемлекеттердегі жағдай бір-біріне ұқсамайды. Тәжікстандағы соғыс Қырғызстан соңғы уақытта басынан кешірген ұлтаралық қақтығыстардан туындаған жоқ, негізінен Мәскеу саясатын жақтайтын Душанбе билігі мен Ислам өркендеу партиясы бастаған оппозиция арасында саяси текетірестің өршуінен тұтанды. Бірақ Тәжікстандағы осы соғыс айрандай ұйып отырған халықты екіге бөлді – оңтүстік аймақтардың тұрғындары «кулябтар» және шығыс Рашт алқабын мекендеген «рашттер» бір-біріне қару алып қарсы тұрды.

Үкіметті жақтаған кулябтар мен оппозицияны қолдаған рашттер арасындағы жанжалдың салдарынан кем дегенде 50 мың адам қаза
Сулико Салимовaның күйеуі мен туыстары азамат соғысында қаза болды. 25 маусым 2010 жыл.
тапты. Бұл соғыстан негізінен бейбіт тұрғындар көп зардап шекті, 1,2 миллион адам – халықтың шамамен 20 пайызы – елді тастап кетуге мәжбүр болды. 1992 жылы тұтанған қарулы қақтығыстар 1997 жылға дейін жалғасты.

Тәжікстан оңтүстігіндегі Куляб аймағының 50 жастағы тұрғыны Сулико Салимова азамат соғысын қайғыдан қан жұтып еске алады.

«Мен үйдегі киіммен көшеге шыққан болатынмын. Қайтып келсем күйеуімді өлтіріп кетіпті, үйім өртенген. Менің қолымда ештеме қалған жоқ. Жұрттың бәрі қашып жатқанда күйеуім ешқайда барғысы келмеді. Ол соғысып жатқан екі жаққа да жатпайтындығын айтып, өзіне ешкімнің тиіспейтіндігіне сенімді болды. Бірақ оны өлтіріп кетті. Біз оның денесін жақын маңдағы арықтан тауып алдық», – дейді Сулико Салимова.

Сулико Салимова, рәшттік болғаны үшін ғана, күйеуімен қоса тағы үш туысынан айрылды. «Азамат соғысынан кейін мен бұрынғы өмірімді қайта қалпына келтіре алмаймын» деп жылайды ол.

Куляб аймағының тұрғыны Гүлрухсор Сафарова да осыған ұқсас қиыншылықтарды басынан кешірді.

«Мен қаншама кісіні жерлегенін көрдім. Алғаш мәрте көргенде сіз оны істеген адамды жек көрмеуіңіз мүмкін емес. Мұның барлығын кім істегендігін білмеймін, бірақ біреулер кулябтықтарды өлтіріп жатқанындығын білем. Менің бойымды екіұдай сезім билегені есімде», – дейді ол.

ТАТУЛЫҚ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ

Ауыр қасіретті басынан өткерген екі әйел де бүгінде оңтүстіктегі Хатлон облысындағы Құмсангир ауданында тұрып жатыр. Екеуі де елде бейбіт өмір баянды болуы үшін өткендегіге кешіріммен қарау қажеттігін түсінеді.

Сулико Салимова «қанша ауыр болса да», тіршілікті жалғастыру үшін татуласу қажет деп есептейді. Гүлрухсор Сафарова болса, азамат соғысы шиеленіскен шақта осы ауданға көшіп келгенде күдігі басым болғандығын еске ала отырып, рашттіктер мен кулябтықтардың қайта татуласқандығына қуанатындығын жасырмайды.

Осы күнге жету оңай болған жоқ. Бұл үшін Тәжікстан үкіметінің, оппозицияның және халықаралық ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуі
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен оппозиция лидері Саид Абдулло Нури (оң жақта) үкімет құрамына оппозиция өкілдерін енгізуді көздейтін келісімге қол қойып отыр. Ортада отырған – БҰҰ өкілі Дитрех Меррем. Мәскеу, 23 желтоқсан 1996 жыл.
керек еді. Қаржы қажет. Уақыт керек.

Бұл процесс 1997 жылы маусымда үкімет пен біріккен тәжік оппозициясы арасында халықаралық бітімгерлердің қатысуымен жасалған келісімнен кейін басталды.

Бірақ «бейбіт келісім-шарт адамдардың бір-біріне сеніммен қарай бастайды дегенді білдірмейді» дейді Иброхим Усманов. «Сен халыққа дәл осылай жаса деп нұсқай алмайсың».

Усманов мұны жақсы біледі. Ол үкімет пен оппозицияның бітімге келуінде маңызды рөл атқарған – Ұлттық келісім жөніндегі комиссияның беделді мүшесі болды.

Көптеген қиыншылықтар кезіккендігін еске салған Иброхим Усманов солардың ішінде «екі жақтың арасындағы сенімді қайта қалпына келтіру» аса ауыр міндет болғандығын атап көрсетті. Усмановтың айтуынша, бұл міндетті ойдағыдай атқару «үкіметтің, беделді саясаткерлердің және халықаралық донорлардың нақты іс-шараларын қажет етті».

Осы іс-шаралардың аясында босқындарды қайтаруға, олардың үйлерін, кәсібін қайта қалпына келтіруге, бұрынғы жұмыс орындарына орналастыруға күш салу қажеттігі туындады.

«Жанжалдан зардап шеккендерге реабилитация бағдарламалары болды, оған туған-туыстары мен дүние-мүлкінен айрылғандарға психологиялық және қаржылай көмек беру де кіреді» дейді Усманов. Бұл ретте ол халықаралық донорлар Тәжікстанды өздерінің бейбіт бағдарламаларына енгізгендігін атап өтті.

Усмановтың айтуынша, адамдардың өзара сенімін нығайту ісінде мемлекет аса маңызды роль атқарады. «Халық бейбіт процестер нәтижелі екендігін және үкімет уәделері орындалып жатқанын көруі керек» дейді ол.

Құмсангир ауданының бүгінгі тіршілігі тұрғындардың қалыпты өмірге түсе бастағандығының куәсі бола алады.

ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ҚАЙТАЛАНҒАНДЫҒЫН ЕШКІМ ҚАЛАМАЙДЫ

Рашт тұрғыны болғаны үшін кісі қолынан қаза тапқан күйеуінен айырылып, жесір қалған соң Сулико Салимова Құмсангир ауданына көшіп келген соң тұрмысқа шықты, кәсібін бастады.

Куляб аймағынан Құмсангирге келген Гүлрухсор Сафарова жергілікті билік органдарының ықпалымен жұмысқа ие болды, қазір ол
Соңғы жылдары біздің ауданда кулябтықтар мен рашттіктер қыз алысып, қыз берісіп бір-бірімен құдандалы бола бастады.
отбасы және бала мәселелерімен айналысады.

«Соңғы жылдары біздің ауданда кулябтықтар мен рашттіктер қыз алысып, қыз берісіп бір-бірімен құдандалы бола бастады», – дейді Гүлрухсор Сафарова.

Олар соғыс кезінде адамдардың өзара қарым-қатынасында қиыншылықтар болғандығын жоққа шығармайды. Бірақ «соғыстың немесе қақтығыстардың қайталанғандығын қазіргі күні ешкім де қаламайтындығын» атап өтті.

Тәжікстанда бейбітшілік пен бірлікті қалпына келтіру жұмыстары «қарапайым адамдардың ерік-жігері мен кешірімділігі арқасында» табысты жүріп жатыр деп түйіндейді Хикматуллох Сайфуллозода. Ол Душанбедегі «Диалог» орталығының басшысы және Ислам өркендеу партиясының мүшесі ретінде Ұлттық татулық жөніндегі комиссия жұмысына қатысты.

«Халық кек алудың дұрыс еместігін түсінді. Халық кек алушылықтың одан зор қиянат тудыратындығын ұғынды, олардың бейбітшілікті таңдауы – дұрыс шешім болды», – дейді Хикматуллох Сайфуллозода.
XS
SM
MD
LG