Accessibility links

Анжелина Жоли босниялық әйел туралы фильм түсіруге қайта рұқсат алды


Америкалық киножұлдыз Анжелина Жолидің режиссерлік тырнақалды фильмін түсіру сәтінен көрініс. Будапешт, 13 қазан 2010 жыл.
Америкалық киножұлдыз Анжелина Жолидің режиссерлік тырнақалды фильмін түсіру сәтінен көрініс. Будапешт, 13 қазан 2010 жыл.

Америкалық киножұлдыз Анжелина Жоли қараша айында Босния мен Герцоговинада режиссер ретінде өзінің тырнақалды фильмін түсірмек. Алайда қазірдің өзінде фильмге қатысты дау-дамай өршіп, қоғамдағы ескі жараның аузын қайта тырнап отыр.


Сыншылардың пікірінше, бұл фильмнің идеясы соғыс құрбандарының әруағына тіл тигізумен тең. Осы себепті Босния мәдениет министрі Гаврило Граховец фильмді түсіруге берілген рұқсаттың күшін жойды. Алайда сценарийді оқып шыққан соң қазанның 18-і күні ол райынан қайтты.

Анжелина Жолидың бұл фильмінде өзін зорлаған серб солдатына ғашық болатын мұсылман қыз туралы хикая түсіретіні туралы алыпқашпа сөз тарады.

Фильм сюжеті 1992 жылы басталып, жүздеген мың адамның өмірін қиып кеткен Босниядағы соғыс жайында. Осы соғыс салдарынан Босниядан екі миллионға жуық адам тарыдай шашырап, босып кеткені де мәлім.

СОҒЫСТАҒЫ МАХАББАТ

«Әйелдер – соғыс құрбандары» атты босниялық бейүкіметтік ассоцияцияның жетекшісі Бакира Хазечич өзінің де, әріптестерінің де фильмнің сценарийі туралы өздері естіген әңгімелерден кейін қатты алаңдап отырғанын жеткізді.

«Мұның ойдан шығарылған махаббат екені айқын, – дейді Бакира Хазечич, – соғыс кезінде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 25
Махаббат туралы фильм режиссері Анжелина Жоли актерлермен бірге түсірілім алаңында. Будапешт, 13 қазан 2010 жыл.
мың әйелдің бірде-біреуінің басында мұндай оқиға болған емес. Өзін қинаған адамға ғашық болып қалған әйел баласы жайында ешқашан естіген емеспіз».

Фильмді қолдаушылар мұндай наразылықтар фильмнің мазмұны туралы алып-қашпа сөздерге негізделіп отыр деп санайды. Ақпарат құралдарында жарияланған кейбір хабарларда сыншылар тарапынан қатаң айыпталатындай сценарий соншалықты өрескел емес деген мазмұндағы пікірлер айтылып жатыр.

Анжелина Жолидің менеджері және фильм продюсерлерінің бірі Гейер Косински «Лос Анжелес Таймс» газетіне фильм сюжетіне байланысты сөздердің ойдан шығарылғанын мәлімдеді.

Өз кезегінде Variety журналы бұл фильмде шындығында босниялық қыз бен серб жігітінің 1992-1995 жылдарғы жанжал алдындағы махаббаты мен олардың кейінгі тағдырына соғыстың қалай ықпал еткені туралы сөз болатындығын айтады.

ТЫЙЫМ САЛУ ДА – ЦЕНЗУРА

Ал көркем шығарманың алғашқы сюжеттерін қазірдің өзінде Венгрияда түсіре бастаған Анжелина Жоли болса фильмді көрмей тұрып, айыптамауға шақырды.

Анжелина Жоли сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымы Еріктілерінің өкілі ретінде Боснияға сапармен барған болатын. Ол осыған дейін де өзінің алғашқы фильмі саясат туралы емес, махаббат туралы болатынын айтқан еді, алайда әлі аяқталмаған картина жөнінде қазірдің өзінде қып-қызыл саяси дау-дамай басталып кетті.

Фильмнің мазмұны туралы ұзынқұлақтан естіген кейбір босниялықтар наразылық танытқанымен, бұл фильмді түсіруге үкіметтің тыйым салуын цензура деп бағалап жатқандар да бар.

Босниядағы зорлық-зомбылықтар туралы «Ғайып дүние» атты кітаптың ауторы Славенка Дракули әлгіндей алып-қашпа сөздерге сүйеніп бұл фильмге тыйым салынғанын даулы шешім деп санайды.

Сол сияқты, Сараево кантонының мәдениет министрі, кәсіби актер Эмир Хадзихафихбегович ұстанымы өз басшысы – Босния мәдениет министрі Гаврило Граховацтың шешіміне кереғар екендігі белгілі болды. Ол «өзін қамап тастаса да» осы фильмді түсіруге рұқсат беретінін мәлімдеген.

«ЖЕЛ СӨЗДЕР… ШЕКТЕН ШЫҚТЫ»

«Вашингтон Пост» газеті «жалған ақпаратқа сүйеніп, фильмді түсіруші топтың Босниядағы жұмысын қыспаққа алар болса – ұят болар еді» деген Анжелина Жолидің сөзін келтіріп отыр.

Фильмдегі рөлдердің бірін ойнайтын сараеволық Федя Стукан: «Өзін зорлаған адамға ғашық болатын ақымақ әйел туралы фильм
Анжелина Жоли түсірілім алаңында. Будапешт, 13 қазан 2010 жыл.
түсіретіндей делқұлы емеспіз» деп, Анжелина Жолидің жобасын қорғап сөйледі.

Фильмнің тағы бір продюсері Эдин Саркич Ассошиейтэд Пресс ақпарат агенттігіне «өзін зорлаған адамға ғашық болып қалған әйел туралы жел сөздер шектен шықты» деп мәлімдеді.

Ал Анжелина Жолидің өзі: «Фильмді түсіретін жер мен осы сюжетті таңдаудағы мақсат — мұндай жантүршігерлік оқиғалардың жақында ғана болғанын адамдардың есіне салып, соғыстан тірі қалғандарға қоғам назарын аударту» дейді.

Сондай-ақ әйгілі актриса «Әйелдер – соғыс құрбандары» ассоциациясының жұмысына құрметпен қарайтынын, келешек фильм төңірегінде пайда болған түсініспеушіліктер жөнінде пікір алмасу үшін алда ассоциация мүшелерімен кездесуге мүмкіндік туар деп үміттенетінін айтты.
XS
SM
MD
LG