Accessibility links

Қазақстан Индира Гандиді жақсы көргенімен, Үндістанмен экономикалық байланыстар әлі ойдағыдай емес


Бейжің Орталық Азияға ықпалын арттыруда Нью-Делимен бәсекелестікте болғанымен, үнділер қазақстандықтар жүрегін бұрыннан-ақ жаулап алған.

Қазан айының 29-30-ы күндері Астанаға Үндінің энергетика министрі Сушилкумар Шинде келді. Thaindian сайтында жазылғандай, Қазақстан басшылығымен келіссөздерде тыңайтқыштар өндіретін зауыт құрылысының жобасы талқыланды. Үнділік жоғары мәртебелі қонақ екі ел арасындағы саяси және достық байланыстар мен сауда және экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі жақсарту мақсатында Қазақстан президентін Үндістанға достық сапарға шақырды.

Үндістан кейінгі кезде өзін үнемі ықпалды аймақтық держава ретінде көрсетіп келеді. Экономикалық өсу Нью-Делидің саяси амбициясын күшейтті. Үнділік басылымдар кейінгі уақыттарда Қазақстан мен Орта Азияны дерлік қамтыған оқиғаларға қызығушылық танытуда. Оған IANS агенттігі тілшісінің New Kerala сайтында жарияланған мақала мысал бола алады.

Үнді кәсіпкерлерін Қазақстан қазба байлықтарының молдығымен магниттей тартады. Мұнай көзі, бай минералды ресурстар екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жақсартуға негіз болып саналады.

«Қазақстан әлемде мұнай қоры жөнінен сегізінші орын алады, бірінші – вольфрам, барит және уран қабаты жөнінен, екінші – хром, күміс және мырыш қоры жөнінен, үшінші – марганец қоры жөнінен. Оның үстіне алтын, мыс және темірдің ірі кен орындары бар. 2007 жылы Қазақстан тәулігіне 1,45 миллион баррель мұнай өндірді, оның 250 мың баррелі ішкі қажеттіліктерге, ал 1,2 миллион баррель экспортқа шығарылды.

Үндіні Орталық Азияға тартатын тағы бір мәселе - Қытаймен бәсекелестік жағдайы. Мақалада Астананың Бейжіңмен және Делимен қарым қатынас деңгейі сандық көрсеткіштер арқылы дәлелденген. «Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда көлемі қазіргі кезде 14 миллиард долларды құрап, 2010 жылы 15 миллиардтық деңгейге жету мүмкіндігі болып тұрған уақытта, Қазақстан мен Дели арасындағы екіжақты сауда көлемі бар-жоғы 200 миллион долларға және жергілікті (қазақстандық) сыртқы істер министрлігінің мәліметінше де осындай дәрежеге жеткен».

Қазақстанның Қытаймен байланысы, делінген одан әрі мақалада, энергетика және мұнай өндіру саласындағы бірнеше бірлескен жобалармен бекітілген. Оның үстіне, Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше. Бұл орайда Үндінің мақтанатындай орны жоқ.

Алайда осының бәрі үнділер жағына көңіл толмайтындай тұжырым жасауға негіз бергенімен, Қазақстан үнді инвестициясын тартуға және экономикалық, сауда байланыстарын ұлғайтуға қызығушылық танытып отыр деп жазады автор.

IANS тілшісіне сұхбат берген Үндістанның Қазақстандағы елшісі Ашок Саджанхар «Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы салық жеңілдіктерін үнділік бизнесмендер пайдалана алған жоқ, бірақ оны пайдалану ешқашан кеш емес», — деді.

Дипломат үнділік бизнесті қызықтыратын салалардың қатарына білім, мұнай химиясы, туризм, электр энергиясын өндіру мен тарату, мұнай өңдеу, темір жол транспорты мен ауылшаруашылығын қосты.

Мақалада айтылғандай, «Үндістанды көбірек қызықтырған Парсы шығанағынан әріде жатқан Каспий бассейні мұнай аймағы». Таяу Шығыс елдері тұтынатын мұнайдың 70 пайызын Үндістан шығарады. Бұл аймаққа тәуелді болмау үшін бұл елге мұнай импортының көздерін диверсификациялау керек. Дели Қазақстанға көз тігіп отыр.

«Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың Орталық Азия аймағындағы сенімді көшбасшылығына қарамастан, Үндістанның ғарыштық зерттеулер және мұнай көздерін іздестіру сияқты көптеген салаларда бәсекелес болып, өз артықшылықтарын пайдалануына әлі де мүмкіндігі бар», — деп жазады автор.

IANS мақаласы Каспий теңізі қайраңындағы мұнай кенін игеруге үнділік бизнестің қатысы тақырыбын айналып өтіпті. Екі жылдан бері үнділік ONGC мұнай-газ компаниясы тегі үнділік британ миллиардері Лакшми Митталмен «Сәтпаев» блогының қайраңындағы үлесін алу туралы келіссөз жүргізуде. Екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтеруі мүмкін бұл келісімге әлі қол жетпей отыр.

Үндістанды Қазақстанның сауда-экономика саласындағы серіктесінің қатарына қосатындай үлкен жобалар жүзеге аса қоймаса да, Үндістан көптеген қазақстандықтардың жүрегін жаулап алғаны анық. Қазақстанда Индира есімінің танымал болуы ненің айғағы болуы мүмкін? Үнділік Central Chronicle басылымының онлайн нұсқасындағы мақалада осы туралы айтылады.

«Қазақстан халқы үнді киносының аңызына айналған Радж Капур, бұрынғы премьер-министрлер Индира Ганди мен Джавахарлал Неру сияқты үндінің үш кейіпкерін оқиды. Олардың Орталық Азия елдерінде зор танымалдылыққа ие болғанына қарамастан, Радж бен Джавахарлал есімдері Қазақстанда кең таралмаған, — деп жазады автор. Есесіне Индира есімін екі қыздың бірінен кездестіруге болады. Индира есімді қыздар Индира Гандидің өмірбаянын жетік білмесе де, танымал тұлғаның есімін иеленгендерін мақтаныш тұтады.

Қазақстандық мәдениет саласының сарапшысы Темір Жаманқұлов кеңес адамдарына үнділік саясат пен мәдениеттің сөзсіз ықпалы болды дейді. 1955 жылы Индира Ганди әкесімен, сол кездегі премьер-министр Джавахарлал Нерумен бірге алғаш рет СССР-ға келді. Сол сапарда олар жарты күндей Алматыда да болған.

«Бірақ сол қысқа мерзімді сапар кезінде оның танымал болғаны сондай, адамдар оны әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ, сондықтан да қазақ қыздарының арасында Индира есімі көп кездеседі, — дейді Жаманқұлов. Ол сонымен бірге Орталық Азияның үнді әдебиетімен жақсы таныс екенін, көптеген жергілікті ақындар мен жазушылардың Үндістанға шығармаларын арнағанын айтты.

XS
SM
MD
LG