Accessibility links

Американдық газет қазақстандық Алинаның жаңа жыл қарсаңындағы әсерін суреттейді


Капитолий алдындағы жаңа жылдық шырша. АҚШ, Вашингтон.
Капитолий алдындағы жаңа жылдық шырша. АҚШ, Вашингтон.

Американың «Wet Mountain Tribune» басылымы рождество мейрамы қарсаңында өз оқырмандарына сол елге Қазақстаннан барған қыз туралы әңгімелепті. Алина Сагимулдина жаңа жылды АҚШ елінде алғаш рет қарсы алғалы отыр.

Он алты жастағы Алина биыл АҚШ-қа білім беру саласындағы оқушылар алмасу бағдарламасының аясында бір жылға барған болатын. Қазір ол Колорадо штатындағы Кастер (Custer) графтығының орта мектебінде оқып жүр, деп жазады «Wet Mountain Tribune».

Алина американдық Барнстар отбасында тұрып жатыр. Стив, Уэнди және Mередит Барнстар шаңырағы оған туған үйіндей болып кетті. Алина биылғы жаңа жылды Миссуридегі Барнстар әулетімен бірге қарсы алмақ. Мерекелік дастархан басына осы отбасының 30-дай адам болатын туған-туыстары жиналғалы отыр.

Америкада мерекелік дастарханға қойылатын дәмге ерекше мән береді. Алина осы мейрам кездері бұған дейін өзі дәмін татып көрмеген, жаңа да таңғажайып астан ауыз тигісі келеді. Стивтің анасы ас мәзіріне бұқтырылған ұлу етін, дәстүрлі күркетауық пен сүрленген шошқа етінен дайындалған ветчинаны әзірлемек. Әйткенмен, Стивтің сөзіне қарағанда, анасының мерекелік асқа не даярлайтынын күні бұрын болжап білу қиынның қиыны екен.

Алина өзі туған отбасында дін жолын ұстанбайтындығын айтады. Қазақстанда рождество мерекесі ерекше мән беріліп, аталып өтілмейді деп жазады «Wet Mountain Tribune». «Біздің рождествоны тойлағанымыз секілді Қазақстанда жаңа жылды қарсы алып, мейрам өткізеді», дейді өз оқырмандарына басылым.

Алина жаңа жыл қарсаңында өз арман-тілегі жазылған хат, қағаз даярламағанын айтады. Ал рождествоны мерекелейтін елдерде, соның ішінде Америкада бұл ежелден келе жатқан дәстүр болып табылады. «Менде өзіме керектінің бәрі бар» деп ағынан жарылады қазақстандық бойжеткен.

«Қазақстанда бұл күндері қар қалың түседі және ауа райы мұндағыға қарағанда едәуір күшті аяз. Рудный қаласының орталығында қыста қардан қалашық тұрғызылады. Ол ақ қар мен көк мұздан қаланған лабиринт пен үйлерден құрастырылады, ал кешен ортасына шырша орналастырылады», - деп еске алады Алина.

Алина Сагимулдина Рудный қаласында туып-өскен, бірақ ол Алматыда, өзі оқитын арнайы мектеп-интернатта тұрады. Оның әпкесі Нағима да Алматыда тұрады.

Олардың ата-анасы Рудный қаласында тұрып жатыр. Алинаның шешесі Роза мұғалима, ал әкесі Талғат – инженер болып жұмыс істейді.

Алина өз Отанына оралған соң Алматыдағы мектебінде тағы бір жыл оқып, мектептегі оқуын тәмәмдайтын болады, деген сөзбен аяқталады «Wet Mountain Tribune» газетіндегі Алина жайлы мақала.
XS
SM
MD
LG