Accessibility links

Азиядағы жүздеген үздік оқу орнының тізіміне қазақстандық бірде-бір университет ілінбеді


Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті. Алматы, тамыз, 2008 ж.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті. Алматы, тамыз, 2008 ж.

Азиядағы алдыңғы жүздіктегі жоғары оқу орындарының қатарында Қазақстаннан ешбіреуі жоқ. Ал, жазғы демалыста жұмыс істеп табыс табу мақсатымен АҚШ-қа баратын қазақстандық студенттердің көпшілігі ол жақтан жұмыс таба алмай жүргені туралы халықаралық баспасөз жазып жатыр.

ЛЕЙК ДЖОРДЖ ҚАЛАСЫНДА ЖҮРГЕН «ОСТАП БЕНДЕР» ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ БОЛУЫ МҮМКІН

«Пост-стар» басылымы Америкаға жұмыс іздеп барып алданған жас студенттердің ахуалы туралы әңгіме жариялапты. Американың Нью-Йорк штатындағы Джордж атты көлдің жағалауында орын тепкен Лейк Джордж курортты кентіне әдетте адамдар жазда топ-тобымен келіп демалады.

Алайда, биылғы жазда бұл қалаға келген қонақтар саны онша көп болмай тұрған көрінеді. Сондықтан, шетелден жазғы демалысында еңбек етумен ақша табуға тырысып, Америкаға келетін студенттер үшін бұл бір қиын ахуал туғызып отырған жайт болды деп жазады аталған басылым.

«Пост-стардың» айтуынша, аталған ахуалға қатысты Лейк Джордж қаласының мэрі Роберт Блэйс шетел студенттерінің үсті-үстіне автобуспен кентке кеп жатқаны әрі не жұмысы, не тұратын жері болмай, аутобекет маңайында бос сенделіп жүргендерін мәлімдеген.

Бұл мәселенің тууының тағы бір ұшы ол күнілгері жұмыс және жатын орын таппастан, студенттерді Лейк Джорджға барып, жұмыс табуға көндіріп жүрген бір шетелдік алаяқ студенттің қылығында жатыр деп атап көрсетеді Роберт Блэйс.

Жергілікті шенеуніктер оның қайдан екенін және кім екенін әлі анықтай алмай отыр. Бұл студент, мұнымен қоса, бос жұмыс орны туралы хабарландыруы бар көптеген бланктерді қолдан басып таратқан. Ол бланктердің үлгісін интернеттен көшіріп алған екен.

Аталған кент қарамағына енетін Уоррен графтығының шерифі бұл жайтқа байланысты тергеу жүргізіп, қылмыс Қазақстанда жасалған деген байлам жасаған. «Біз бұл алаяқтыққа қатысты берілген арыздар бойынша істің анық-қанығын тексердік, сөйтіп, бұл іс біздің құзіретіміздегі аумақта жасалмаған деген шешімге келдік», - деп түсінік береді Уоррен графтығы шерифінің кеңсесіндегі тергеуші Эдвард Aффинито.

«БІЗГЕ ӘУЕЛІ ӨЗІМІЗДІҢ СТУДЕНТТЕРІМІЗДІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МҰҢ БОП ТҰР»

Қазақстан азаматы деп күдіктелген әлгі студент Қазақстан университеттерінде оқитын студенттерге шетелде жұмыс істеуді ұсынып, өзін «Стюдент Конекшнс» ұйымының өкілімін деп таныстырған дейді аталған ұйымның қаржы жөніндегі маманы Дэн Гэрей.

Бұл ұйым әр жаз сайын Лейк Джордж аумағында шетел студенттеріне жұмыс және жатын орын тауып берумен айналысып келеді. Көрген-білгендердің айтуынша, әлгі студент, сонымен қатар, бір жергілікті қонақ үйге барып, ол ұйымнан қызметкер – студенттер тауып бергені үшін ақша талап еткен.

«Егер студенттердің аты-жөні біздің тізімде болмаса, оларға беретін бізде баспана да болмайды, - дейді Гэрей. – Бұл студент негізінен алаяқтықты кәсіп етіп жүр екен».

«Пост-стар», Гэрейдің кент тұрғындары мен «Стюдент Конекшнс» ұйымының аталған студенттің кім және қайда екенін қазір анықтау үстінде екенін мәлімдегені жайлы жазады.

«Ол бірде маған да келген, мен оған өткен жылы Қазақстаннан келген студенттерге байланысты қиыншылықтар туғанын, сондықтан биыл олармен жұмыс істемейтіндігімді айтқам», - деп атап көрсетеді Гэрей.

Ол аталған азаматтың аты-жөнін жөндеп сұрап біле алмағанын мойындайды: «Өзінің барлық жүрген жерінде, ол «Стюдент Конекшнс» ұйымына жұмыс істеймін деп елді сендіріп келген. Ал шындығында бұл олай емес».

Канада көшесіндегі «Адмирал» мотелінің менеджері өзіне 5-6 студент келіп, ол оларды жалдамаса да, «бізді жалдадың» деп мәлімдегенін айтады.

«Маған бірнеше адам телефон шалып, біреудің атын міңгірлеп, соның оларды осында жібергенін айтты. Ал мен керек адамдарды тауып, жалдап қойғанмын деп жауап бердім, - дейді Джэнайн Бехан. – Бізді жалдадың деп тағы біреулер келген. Тегі, бәзбіреулер бұларды сендерге жұмыс табылды деп сендіріп қойған болуы керек».

Гэрейдің сөзіне қарағанда, биыл жазда кентте 300-дей студент жұмыс іздеп жүрген көрінеді.

«Биылғы жазда бұл қалада 300 студенттің бәріне бірдей жұмыс бола қоймайды», - дейді өзі «Лидо» атты бір мотелге иелік ететін Гэрей. Оның айтуынша, студенттердің көбі екі жұмысты бірден істеуге ұмтылады екен.

Лейк Джордждың мэрі Блэйстің сөзіне қарағанда, ол кентте жүріп, жұмыс іздеген көптеген шетел азаматтарын көрген. Мэр олардың жұмыс таба алмай қиналып жүргенін айтады. Әдетте Лейк Джорджда шетелдіктер бір жерден жұмыс тауып, одан тапқан ақшасын жатын орын мен тамақтануға жұмсайды екен де, қосымша тағы екінші бір жұмысқа тұрып, содан тапқан ақшасын жиып-теріп, өздерімен отандарына алып қайтады екен.

Мэр Блэйс биыл Лейк Джорджда жергілікті мекемелердің өткен жылдардағыдай емес, шетелдік жұмысшыларды аз жалдап отырғанын тілге тиек етеді. Мұның себебі әлемдік дағдарыс пен жергілікті тұрғындар арасында кеңінен тарап отырған жұмыссыздықта жатқан сыңайлы.

«Біз биыл көп адам жалдамадық, - деп ағынан жарылады мэр. – Бұл сөз жергілікті жұмыс беруші азаматтардың көбіне қатысты. Бүгінде шетелдіктерді қойып, өз азаматтарымыз бен студенттерімізді жұмыспен қамтамасыз ету мұң боп тұр».

АЗИЯ УНИВЕРСИТЕТТЕРІ РЕЙТИНГІНДЕ ҚАЗАҚСТАН БІРІНШІ ЖҮЗДІККЕ ЕНБЕЙ ҚАЛЫПТЫ

Осы студенттер мен университеттерге қатысты шетел ақпарат құралдары жазатын тағы бір тақырып – ол әлем елдері университеттеріне халықаралық дәреже беретін сарапшылардың Астанада өткен конференциясы болып отыр. Бұл туралы АҚШ-та жарық көретін «Ю.С. ньюс энд уорлд рипорт» журналы жазады.

Маусым айының соңына таман ұйымдастырылған бұл жиынға 30-ға тарта мемлекеттің өкілі келген. Аталмыш басылымның айтуынша, университеттерге халықаралық дәреже беретін сарапшылар тобы 2004 жылдың желтоқсанында Вашингтонда дүниеге келген екен.

Содан бері ол бүкіл дүние жүзі бойынша университеттердің іс-әрекеті мен жұмысының жемістілігіне нақты баға беру ісін әжептәуір алға жылжытқан.

Университеттерге халықаралық дәреже беретін сарапшылар тобының маңызды жетістігінің бірі 2006 жылы «Жоғары оқу орындарын рангке бөлуде қолданылатын Берлин принциптерін» жасау болды деп жазады «Ю.С. ньюс энд уорлд рипорт». Бұл принциптер келер онжылдықтарда университеттерді рангке бөлу жүйесін бағалау мен жетілдіру үшін қажет болатын «тиімді әдістерге» негізделген.

«Вебометрикс» сайты бүкіл дүние жүзілік ауқымда беделділігі мен студенттерге білім берудегі жемістілігі бойынша алты мың университеттің тізімін келтіріп, олардың рейтингтерін беріпті.

Еуропаның жоғары оқу орындары ішінен мұнда Англияның Кембридж университеті алдыңғы орында келеді екен (әлем бойынша бұл университет 28-ші орынды иемденген), оған таяу орындарда Цюрихтегі Швейцария федералдық технология институты (ETH) мен Англиядағы Оксфорд университеті тұр.

Ал «Вебометрикстегі» жалпы дүниежүзілік тізімде АҚШ университеттері ең алдыңғы орындарға шығыпты. Олар алдыңғы 23 орындардың түгелін иеленген, 24-ші орында Канаданың Торонто университеті тұр. Одан кейінгі орындарда тағы да Америка университеттерінің аттары ондаған рет кездеседі.

Дүниежүзілік тізімде ең бірінші орындарда Массачусетс технология институты, Стэнфорд пен Гарвард университеттері, Калифорниядағы Беркли кентінің университеті, т.б. тұр.

Аталған сайт жариялаған дүниежүзілік тізім ішінде Азия университеттерінің атақ-даңқы жұпынылау екен. «Вебометрикс» мәліметіне қарағанда, Азиядағы алдыңғы 5 орын келесідей жолмен үлестірілген: бірінші орында – Токио университеті (Жапония), екінші орында – Тайвань ұлттық университеті, үшінші орында – Киото қаласының университеті (Жапония), төртінші орында – Бейжің университеті (Қытай), бесінші орында – Гонконг университеті.

Ал Қазақстан университеттері Азия университеттері рейтингі бойынша бірінші жүздікке де енбей қалыпты.
XS
SM
MD
LG