Accessibility links

Еуропа соты Украинаның ағайынды Байсақовтарды Отанына қайтаруына тыйым салды


Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының мәжіліс залы. Страсбург.
Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының мәжіліс залы. Страсбург.

Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты Украинаның ағайынды Есентай және Жұмабай Байсақовтарды Қазақстанға қайтаруына тыйым салды. Былтыр бір топ оппозиция өкіліне қатысты екіұшты үкімнің шығарылуына осы екі адам себепкер болған еді.


ҚАЗАҚ БОСҚЫНДАРЫНА ҚАТЫСТЫ ПРЕЦЕДЕНТ

Былтырғы жылдың қараша айында Страсбургте орналасқан Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты Қазақстанды жүйелі түрде адам азапталатын ел деп тауып, Украина абақтысында отырғанына 6 жылға жуық уақыт өткен Қазақстан азаматы Әмір Қабыловты өз еліне қайтаруға тыйым салды. Әмір Қабыловқа Алматыда кісі өлтірген деген айып тағылған-ды.

Осы жайт өзіндік сот прецедентіне айналды әрі Әмір Қабыловтың ісіндегі норма бола тұра Еуропа сотының бұл қаулысы бұдан былай кез келген Қазақстан азаматын Отанына қайтаруға байланысты істе шешім қабылдаған кезде негіз бола алады.

Ағайынды Есентай және Жұмабай Байсақовтардың украиналық адвокаты Петр Бойко Азаттық радиосына берген сұхбатында Байсақовтардың және олармен байланысты басқа да адамдардың ісін қараған Адам құқықтары жөніндегі Еуропа соты әлгі прецедентті ескеріп, оларды Қазақстанға қайтаруға тоқтау салды деп мәлімдеді.

– Басқаша шешімнің шығуы мүмкін емес еді. Себебі, Еуропа сотының мейлі осы болсын, мейлі басқа болсын, кез келген шешімін қарасаңыз, тура бір нормаға немесе құқық негізіне арқа сүйегендей прецедентке жүгінетінін көресіз. Әрине, Байсақовтардың және басқалардың істері Еуропа сотында қаралған іске негізделіп тұр. Осылайша, әлгі бастапқы шешім Қазақстаннан қашқан басқа босқындарға да прецеденттік құқық негізінде күшін жүргізе алады. Яғни, ол шешім бұларға ұпай береді, – деді адвокат Петр Бойко.

Павлодарлық бизнесмен Есентай Байсақов 2001 жылғы маусымның орта тұсында кісі қолынан мерт болған тағы бір павлодарлық бизнесмен – «Химпродукт» компаниясының директоры Борис Костановтың өліміне тапсырыс берген адам ретінде айыпталған болатын. Мұнымен қоса Қазақстанның заң орындары Есентай Байсақовтың тапсырысы бойынша Борис Костановты өлтірді деген долбармен Максим Лысых деген Ресей азаматына да айып таққан еді.

Сол айыптың негізінде Томск облысының прокуратурасы іс қозғап, Максим Лысыхқа кісі өлтірген деген айып тақты. Бірақ, 2003 жылғы 30-қыркүйекте шығарған үкімінде Томск облыстық соты Борис Костановтың өліміне қатысты Максим Лысыхты кінәсіз деп тауып, толық ақтап жіберді. Ал, Есентай Байсақов пен оның бауыры Жұмабай Қазақстаннан қашып шықты, сосын Қазақстанның заң органдары оларға мемлекетаралық іздеу жариялады.

БАЙСАҚОВ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Есентай Байсақов пен оның бауыры Украинаға қашып барды. Кейінірек қазақстандық заң орындары Борис Костановтың өліміне қатысы бар деген айыппен Байсақовтың жиені Асанәлі Жекебаевқа, сондай-ақ Сергей Горбенкоға қарсы қылмыстық іс қозғады.

Адвокат Петр Бойконың айтуынша, әу бастан-ақ осы «төрттік» босқын мәртебесін алуға бірге арызданып, өз мүдделерін бірлесе қорғауға мәжбүр болған. Сөйтіп, олардың істері бір іске біріктіріліп, Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотында «Ағайынды Байсақовтар және басқалар» деген атаумен талқыланған.

– Бұлардың бір-бірімен байланыстылығы, мән-жайдың ортақтығы және бұл адамдар Қазақстанда бір-бірімен бұрыннан таныс екендігі олардың істерін біріктіруге себеп болды. Сондай-ақ, олар бірлесіп және бір бағытта күресіп жатқандығы да іске арқау болды, – деді Петр Бойко.

Павлодар облыстық соты 2003 жылғы үкімімен Борис Костановтың өліміне қатысы бар әрі кісі өлтірушінің қолына қару жеткізген адам ретінде Асанәлі Жекебаевты кінәлі деп тапты. Жекебаев 11 жыл түрмеде отыру жазасына кесілді. Ол қатаң тәртіптегі колонияда жазасын өтеп жүріп, мүгедек болып қалуына байланысты түрмеден шығарылды.

Темір тордан босатылған Асанәлі Жекебаев Австрияға кетіп қалды, ол жақта да қазақстандық арнаулы қызмет оның ізіне түсті. Бірақ, австриялықтар Асанәлі Жекебаевты кінәсіз деп тауып, босатып жіберді.

САЯСИ БОСҚЫНДАР

Айыпталушылардың жақтастары оларға қарсы айыптау қолдан ұйымдастырылған және істің саяси астары бар деумен болды. Алайда, ресми Астана Есентай Байсақовтың оппозиция белсендісі болғаны себепті, бірқатар қазақстандық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар жетекшілерінің жолдаған хатының негізінде Есентай Байсақов пен осы іске қатысы бар өзге адамдардың да Украинада саяси босқын мәртебесін алғанын мәлімдеді.

Есентай Байсақовтың пайдасына жараған бұл хатқа Болат Әбілов, Әміржан Қосанов, Владимир Козлов және Асылбек Қожахметовтер қол қойған еді. Осыған байланысты Қазақстанның ішкі істер министрлігі елдегі оппозициялық партиялардың өкілдеріне «тапсырыс бойынша кісі өлтіруге қатысы бар адамның жауапкершіліктен жалтаруына жәрдемдесті» деген айып тақты.

Алматының Алмалы аудандық соты ағайынды Байсақовтардың ізін жасыруға қатысы бар деген айыппен Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Төлен Тоқтасыновтардың үстінен қозғалған істі қарады. Алайда, 2009 жылдың мамырында сот оппозиция өкілдерін қылмыстық жауапкершіліктен босатқан, бірақ, іс бойынша оларды кінәлі деп тапқан екіұшты үкім шығарды.

Қазақстандық оппозиция өкілдері болса, Есентай Байсақов Қазақстан билігіне оппозиция жетекшілерінің бірі, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақияновқа қарсы ақпарат жинақтап, оның үстінен жаңадан қылмыстық іс қозғау үшін керек болып отыр деп мәлімдеді. Ағайынды Байсақовтардың Семей мен Павлодарда үлкен бизнестері болған және олар Ғалымжан Жақияновтың оппозициялық іс-қимылына қолдау көрсетіп отырған.

Бір айтар кетер жайт, Қазақстанның Демократиялық Таңдауы оппозициялық ұйымы талқандалған соң, 2002 жылы сотталып түрмеге қамалған Ғалымжан Жақиянов 2005 жылы бостандыққа шықты. Ғалымжан Жақиянов өзіне қарсы істің саяси астары бар деп мәлімдеген еді. Бүгінде ол Қазақстаннан тысқары жерде.

Адвокат Петр Бойконың Азаттық радиосына айтуы бойынша, Борыс Костановтың өліміне байланысты айыпталған ағайынды Байсақовтар мен өзге де адамдарды Украинадағы Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссардың Басқармасы саяси босқын деп танған соң оларға тиісті мандат берілген.

– Бұлар босқын мәртебесін айла-шарғымен, қандай да бір қарау әдіспен алды деген қауесет қаулады. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі басқармасының шығарған шешімі олардың барлық мән-жайды ескергенін айқындайды. Олардың берген мандаты ағайынды Байсақовтар мен өзгелердің босқын мәртебесін заңды және негізді түрде алғанын әрі әлгіндей қауесеттің жалғандығын растайды. Әйткенменде біз өсек-жаланың неше түрін бастан кешірдік: босқын мәртебесін сатып алдыңдар, пара беріп алдыңдар дегендей сөздер айтылды, – дейді адвокат Петр Бойко.

ТИМОШЕНКО БҰЛАРДЫ ЭКСТРАДИЦИЯЛАУДЫ ЖӨН КӨРГЕН ЕДІ

Аталған іс бойынша талқыдан өтіп жатқан ағайынды Байсақовтар мен басқа да адамдар Украинада жүргенде Қазақстанның заң орындары өз азаматтарын Отанына қайтаруды сұрап, Украинаның бас прокуратурасына бірнеше рет сұрау салды. Адвокат Петр Бойконың айтуынша, Украинада ағайынды Байсақовтардың алдын көп қиындықтар бөгепті.

– Украинада әрбір күніміз, шынымды айтайын, оңай болған жоқ. Біз талай рет қорғауын сұрап, сотқа жүгіндік, ендігі жерде ішкі, ұлттық соттарда Байсақовтардың босқын мәртебесі құқығын қорғап және оларды өз еліне мәжбүрлеп қайтарудан қорғану үшін күресуге мәжбүр болдық. Себебі, бұл елдің бас прокуратурасы өте қатаң ұстанымда болды. Оның үстіне Байсақовтардың босқын мәртебесі бар болса да, іздеуде жүрген адам болғандықтан, оларды Украинаның ішкі істер органдары кез келген сәтте ұстауға құқылы еді. Сондықтан, қайта-қайта сотқа жүгініп, бізді ұстаудың босқын деген мәртебемізге қайшы келетінін түсіндірумен болдық. Сот біздің жағымызға шығып, біз әлгі іздеуді тоқтатуға қол жеткіздік. Біз қорғанудың барлық кезеңдерінен өттік, – дейді Петр Бойко Азаттық радиосына.

Мұнымен бірге сол кездері Қазақстан билігі де бұлардың Қазақстанға әкелінуін көздеп, күрес жүргізіп жатқан еді. Тіпті, ағайынды Байсақовтарды Отанына мәжбүрлі түрде әкелу үшін, Қазақстанның сол кездегі жоғары лауазымды адамдары Украинаға арнайы барып қайтты.

Петр Бойконың сөзі бойынша, бұл мәселе, тіпті, екі елдің премьер-министрлерінің деңгейінде әңгіме болған. Ол Қазақстанның бас прокурорының орынбасары мен бұрынғы ішкі істер министрінің Украина жағымен, оның ішінде бұрынғы ішкі істер министрі Юрий Луценкомен кездесуі жайында Азаттық радиосына мынаны айтты:

– Олар «бізге Байсақовтарды беріңдер» деп талап қойды. Ол әңгіме Луценко, Юлия Тимошенко және халық депутаты бірге отырғанда айтылған. Соңғысының аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, өйткені әңгіменің қалай болғанын баяндап берген адам сол еді. Юлия «сұрағандарын берейік» деген. Сол кезде халық депутаты былай деген: «Сен маған айта ғойшы, министр Луценко, егер Байсақов кісі өлтіргіш болса, сен өз басың әлдебір кісі өлтіргіштің Украинаға қайтарылуын сұрап, басқа елге барар ма едің?» Ол бұған: «Әрине, бармаймын, онымен айналысатын басқа да адамдар бар емес пе?» деп жауап берген. «Мінеки, көрдің бе, ал, мына министр келіп отыр. Оған мұның не керегі бар, егер бұл саясат болмаса?» деген әлгі депутат.

Украиналық адвокат Петр Бойконың сөзіне қарағанда, Украинада экстрадицияны реттейтін ұлттық заң жоқ. Есесіне, Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының шешімін орындау тәртібін көрсететін заң бар.

– Дұрысы қалай екенін, әуелі, біз – заңгерлер де білмейміз, өйткені тек халықаралық шарттарға ғана сілтеме жасалады, ал, ішкі заң жоқ. Қандай да бір қиындық Еуропа сотына байланысты емес, экстрадиция тәртібіне қатысты туындауы мүмкін. Бізде беларустерге де, басқаларға да қатысты осы тәріздес қиындықтар болған. Ал бірақ Қазақстанға келгенде мәселе айқындалды. Қазақстанды демократиялық ел деп санауға әлі ерте болуы себепті, бұл ел стандарттардан алыс болғандықтан, мейлі, ол жақта адам не істесе де, оны қайтаруға болмайды, – дейді адвокат Петр Бойко.

Әңгімеміздің соңғы жағында адвокат Петр Бойко қазір Есентай және Жұмабай Байсақовтардың, сондай-ақ Асанәлі Жекебаев пен Сергей Горбенконың Украинаны тастап шығып, Еуропалық одақ елдеріне барып орныққанын және сол елдердің толық қорғауында екенін жеткізді.
XS
SM
MD
LG