Accessibility links

Евгений Жовтис кісі өдіміне кінәлі еместігін айтады


Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис баспасөз мәслихатында. Алматы, 22 шілде 2009 жыл.
Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис баспасөз мәслихатында. Алматы, 22 шілде 2009 жыл.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис өзінің қатысуымен болған жол-көлік апатында жаяу жүргіншінің қаза табуына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратты Азаттық радиосына растады. Ол өзін кінәлі деп санауға негіз жоқ деп санайды.

КҮРЕ ЖОЛДАҒЫ ОҚЫС ОҚИҒА

Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис өзі айдап келе жатқан «Тойота» маркалы автокөлігімен шілденің 26-сы күні сағат 22.30-дың шамасында Қараой-Алматы тас жолының 131-шақырымында жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

«Мен жексенбі күні кешкісін балық аулаудан қайтып келе жатқанмын, көлігімді сағатына 80-90 шақырым жылдамдықпен жүргіздім. Ол жердегі рұқсат етілген жылдамдық сағатына 110 шақырым. Көлікте 3 адам болды. Алматы облысы Ақдала ауылының маңында күре жолдың үстінде маған қарсы бағытта жүріп келе жатқан көліктің, тіпті бір емес екі көліктің түсірген жарығы көзіме шағылысты. Әлгі автокөліктердің өткені сол еді, кенеттен жол үстінде бір адамның сұлбасы пайда болғанын байқадым, бірақ оның қайдан шыққанын білмеймін. Мен оны 2-3 метр қалғанда ғана байқағандықтан ештеңе істей алмадым, бұрылып кетуге де, тоқтауға да мүмкіндік болмады. Сөйтіп, жолдың ортасын бөлетін сызықтан сәл оңға таман оқыс жағдай болды – әлгі адам көліктің астында қалды. Мен көлікті тоқтатып, апатты жағдайдағы шамдарын жағып, полицияны шақырдым», – деді Евгений Жовтис Азаттыққа сейсенбі күні.

Оның айтуынша, сол жерде тіл тартпай жантәсілім еткен жүргінші 36 жаста, бойдақ болыпты.

«Оқиға болған жерге оның туыстары келді. Мен оның ағасымен сөйлесіп, өзімнің көмегімді ұсындым. Туыстары талап етпесе де, барлық шығындарды өз мойныма көтеруге әзір екенімді айттым. Туыстары түсіністік танытты», – деді Евгений Жовтис.

ПОЛИЦИЯ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАДЫ, ЖОВТИС ӨЗІН КІНӘСІЗ САНАЙДЫ

«КазТАГ» агенттігі Алматы облысының ІІД бастығының орынбасары полковник Берік Қожамбердиевке сілтеме жасап, бұл жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-ші тармағы бойынша (байқаусызда адам өліміне апарып соқтырған көлікті басқару кезінде жол ережесін бұзу) қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Полиция қылмыстық іс қозғалғаны туралы қаулымен өзін сейсенбі күні таңертең таныстырғанын Азаттықққа Евгений Жовтистің өзі хабарласып айтып берді.

«Қылмыстық іс жаяу жүргіншінің қазасы бойынша қозғалып отыр, яғни маған қарсы емес. Қазір тергеу жүріп жатыр. Алайда мен өзімді кінәлі деп тануға ешқандай негіз жоқ деп санаймын», – деді Евгений Жовтис.

Сондай-ақ ол полицияның қылмыстық іс қозғау туралы қаулысына байланысты шағым беру немесе бермеу мәселесін әзірге ойланып отыр. Әйткенмен, өзінің кінәсі жоқтығына сенімді екендігін айтады.
XS
SM
MD
LG