Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, Қазақстанда лаңкестік топтардың пайда болуына тікелей алғышарттар болмағанмен сыртқы факторлардың әсерінен елге лаңкестіктің қаупі сейілмей отыр.
- Орталық Азияға, соның ішінде, Қазақстанға жекелеген халықаралық террористік топтар мен ұйымдардың ұмтылысын байқап отырмыз. Қазақстанның территориясында азаматтарымызды террористік әрекеттерге тарту, радикалды идеология тарату сияқты фактілер байқалады. Қазақстанның ұстанымы терроризмнің кез-келген формасына тосқауыл қоюға бағытталған, - деді Нұртай Әбіқаев бейсенбі күні Астанада өткен лаңкестікке тосқауыл бойынша ЕҚЫҰ-ның жиынында.
Ал жиынның ашылуында сөз сөйлеген ЕҚЫҰ төрағасы – Қазақстанның сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев «лаңкестікпен күресуде және өзге де трансұлттық сипаттағы қауіпсіздік мәселелерін шешуде ЕҚЫҰ-ның рөлін күшейту Қазақстанның бұл ұйымға төрағалық етудегі маңызды артықшылығы» болғанын жеткізді.
«ТЕРРОРИЗМ ҚАУПІ БАР, ИММУНИТЕТ ЖОҚ»
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтің пікірінше, Қазақстанда терроризмнің қаупі болғанмен өкінішке орай, онымен күресетін «иммунитет» қалыптаспаған. Оның пайымынша, лаңкестік қаупінің сейілмеуіне сыртқы факторлармен қатар ішкі факторлар да әсер етіп отыр.
- Белгілі бар аумақтарда халықтың өмір сүру деңгейі жақсы емес. Бұл азаматтарды әділдікті басқа жолдан іздеуге итермелейді. Екіншіден, идеологиялық вакуум...Менің ойымша, бұл проблеманы шешу үшін кешенді жұмыстар жүргізілуі керек. Әңгіме кедейлердің санын азайтуға мүмкіндік беретін экономикалық-саяси реформалар жайында болып отыр. Үшіншіден, саяси реформа. Егер адамдар өздерінің саяси көзқарасын заңды түрде жеткізе алмаса, онда мұны заңсыз жолдар арқылы жүзеге асыруы мүмкін. Олардың арасында жарылыс ұйымдастыру немесе адамдарды кепілге алу сияқты тәсілдер де бар. Сонымен бірге мемлекет өзінің азаматтарын дұшпан көрмей, сенуі керек, - деді Досым Сәтпаев.
Оның пікірінше, егер бұл проблемамен тек құқық қорғау органдары айналысса, онда бұл саяси репрессияға айналып кетуі мүмкін дейді. Сондықтан бұл проблеманы шешуде барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар атсалысуы керек.
ДІНИ АЗШЫЛЫҚТАРДЫ ҚУДАЛАУ
Ал құқыққорғаушы Андрей Гришиннің пікірінше, полицияның «лаңкестермен күресінің» нәтижесінде көп жағдайда діни ұйым өкілдері зардап шегіп жатады. Қазақстан жағдайында бұл тіпті әдетке айналғандай.
Олар шын мәнінде шынайы террористерге емес, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бақылауында жүргісі келмейтін тәуелсіз мұсылмандарға шүйліге қалады.
- Қазақстанға терроризм қаупі төніп тұрғанмен ҰҚК оның түп-тамыры, себептерімен емес, тек салдарымен күресіп жатқан сыңайлы. Олар шын мәнінде шынайы террористерге емес, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының бақылауында жүргісі келмейтін тәуелсіз мұсылмандарға шүйліге қалады. Себебі, комитет бұл ұйымдардың немен айналысып жатқанынан хабарсыз. Ал мұндай жағдайда бір ғана тәсілді қолданады: не оларды тұншықтырады, не қорқыта бастайды, - дейді Андрей Гришин.
Мысал ретінде құқыққорғаушы өткен жылы «Алматыда террористік акт жасауға дайындалды» деген айыппен сотталған қордайлық алты азаматтың ісін келтіреді. Дәлелдерінің аздығына қарамастан полиция оларды «террористік ұйым құрғаны», «қару-жарақ ұстағаны» және «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіргені» үшін айыптап, барлығын 10 жылдан астам мерзімге бас бостандықтарынан айырған.
- Ол жерге барған кезімде комитет мамандарының қолданған тәсілдері мені таңқалдырды. Тіпті бұл азаматтарда қандай да бір ғимаратты жару ниеті болды деп қарасақ та, комитет мамандары өздерінің кәсіпқой емес екендіктерін көрсетті. Олар қаруды болуы мүмкін жерден іздемеген, қай жерден табу қолайлы, сол жерден іздеген. Екіншіден, менің ойымша, бұл азаматтарда ешқандай бөтен ниет болмаған. Бұлар құдайға сенген қарапайым отбасы болатын. Дәлелдердің аздығы, соттың жабық өтуі бұл істе жауаптан гөрі сұрақтардың көп екенін көрсетеді, - деді Андрей Гришин.
ТҮРМЕДЕГІ БІР «ТЕРРОРИСТІҢ» КҮЙІ
Сотталған азаматтардың арасында Біржан Жарғожаев та бар. Қазанның 11-і күні құқыққорғаушы Вадим Курамшин Азаттыққа Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Құсмұрында жазасын өтеп жатқан бұл азаматты жергілікті түрмеге ауыстырмай отырғаны жөнінде хабарлады.
Сотталушының әйелі Бекзада Шайбекованың айтуынша, комитет мамандары сотталушының заңбұзушылықтарды көп жасағанын алға тартқан.
- Маған оның (Біржан Жарғожаев – ред.) сапқа тұруға шықпайтынын айтты. Бұрындары оның бір көзі көрмейтін еді, енді оның екінші көзі де көруден қалды. Қалайша ол сапқа тұра алады? Бұған қоса, оның буын ауруы біртіндеп қозып келеді. Соңғы рет оны қыркүйек айында көрдім, оны жетелеп жүру қажет. Таяқпен әрең қозғалады, сондықтан ол сапқа тұра алмайды. Ал мұны заңбұзушылық ретінде санап отыр, - деді Бекзада Шайбекова қазанның 11-і күні Азаттыққа.
Қазақстанда 14 ұйымның жұмыс істеуіне тыйым салынған. Бұлар: "Әл-Қаида", "Шығыс Түркістанның ислам партиясы", "Күрт халық конгресі", "Өзбекстанның ислам қозғалысы", "Асбат-әл-Ансар", "Мұсылман бауырлар", "Талибан" қозғалысы, "Бозғұрд", "Орталық Азия моджахедтер жамияты", "Лашкар-и-Тайба", "Әлеуметтік реформалар қоғамы", "Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы", "АУМ Синрике" және "Хизб-ут-Тахир».