Accessibility links

«Қазақстанға уақытша ұстау орындары қажет емес» дейді құқық қорғаушылар


Марат Қоғамов, Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры. Астана, 8 қараша 2010 жыл
Марат Қоғамов, Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры. Астана, 8 қараша 2010 жыл

Қазақстандық заңгерлер уақытша бас бостандығынан айыру мекемелерін жабу керек деген пікірде. «Себебі адам құқықтары негізінен осындай мекемелерде бұзылады», - дейді мамандар.


Бұл туралы қарашаның 8-і күні Астанада өткен дөңгелек үстел барысында айтылды. Жиынға халықаралық ұйым өкілдері және Қазақстандағы түрлі құқық қорғау органдарының мамандары қатысты.

ҚАЗАҚСТАНҒА ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕМЕЛЕР

2006 - жылдың сәуірінде Қазақстан, азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық құжатты бекіткен. «Осы арқылы Қазақстан өзіне үш түрлі міндеттеме алды, - дейді адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйым мүшелері, - Біріншісі құжаттағы талаптарды қадағалау, екіншісі қолданыстағы заңның халықаралық құжат мазмұнымен сәйкес келуі, үшіншісі адам құқықтары жөніндегі БҰҰ жанындағы комитетке баяндамалар ұсыну».

Алайда, әкімшілік тұтқындау мен уақытша қамау және әділетті сотқа қол жеткізу мәселелерінде, аталған халықаралық құжатта көрсетілген міндеттемелер бұзылып отыр деп санайды жиынға қатысушылар. Осы ретте Қазақстандағы уақытша қамау мекемелерін жабу қажет деген ұсыныс айтылды.

УАҚЫТША ҚАМАУ МЕКЕМЕЛЕРІНДЕ ҚҰҚЫҚ ЖИІ БҰЗЫЛАДЫ

- Уақытша қамау мекемелерін жабатын кез баяғыда-ақ келді. Бойында төлқұжаты болмағаны үшін қамап қою нағыз құқық бұзушылық. Оның үстіне ол адам ешқандай заң бұзбаған болса. Уақытша қамау мекемелері бас бостандықтан айыратын орындардың бірі. Үш сағаттық ережені сақтағанымен ол жерлерде адамға психологиялық қысым көрсетіледі, - дейді Қазақ гуманитарлық заң университетінің ректоры Марат Қоғамов.
Уақытша қамау орындарындағы адам құқығы туралы дөңгелек үстелге қатысушылар. Астана, 8 қараша 2010 жыл.

Уақытша қамау мекемелерінде адам құқықтары бұзылатынын халықаралық ұйым өкілдері де растап отыр.

- Адамдардың азаматтық және саяси құқықтары бұзылғаны жөнінде айғақтардың болғаны құқыққорғау органдарының өздерінің мәліметтерінен белгілі. Сонымен бірге адам құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдардың мәліметтері де бар, - дейді «Сорос – Қазақстан» қорының «Құқықтық реформа» бағдарламасының директоры Аида Айдарқұлова.

«ҚАЗАҚСТАН КАЛИФОРНИЯ ЕМЕС»

Уақытша қамау мекемелеріне түскен адамдардың азаматтық құқықтарын таптау фактісі ретінде жиынға қатысқан адвокат Данияр Қанафин мынадай бір мысалды алға тартты.

- Менің қорғауымдағы бір азаматтың айтуынша, ол қамауға түскен кезде туған-туыстарына бір рет телефон соғуды полициядан өтінген. (Қолға түскен сәтте бір рет қоңырау шалуға заң жүзінде құқық бар - автор). Сонда оған полицейлер «Калифорнияға барғанда телефон шалуға құқығың болады» депті. Міне, неге осындай оқиғаларға жол берілген, өйткені ондай құқықтың бар екені таныстырылмайды, - дейді адвокат Данияр Қанафин.
Талғат Мұқатаев, Астана прокурорының халықаралық келісімдерді қолдануды қадағалау жөніндегі аға көмекшісі (ортада). Астана, 8 қараша 2010 жыл.

Әйтсе де прокуратура мамандары қылмыскерлерді қолға түсіруде уақытша қамау мекемелерінің орасан рөл атқарып отырғанын айтады. «Қазақстанды айтпағанда алыс-жақын шет елдердің өзінде іздеуде жүрген қылмыскерлердің екіден бірі уақытша қамау мекемелерінде анықталып жатады», - дейді Астана прокурорының халықаралық келісімдерді қолдануды қадағалау жөніндегі аға көмекшісі Талғат Мұқатаев.

- Анализ көрсетіп отырғандай, ұсталған қылмыскерлердің жартысынан көбі осы уақытша қамау мекемелерінде анықталып жатыр. Егер ондай орындарды жабатын болсақ, бұл жерде біз халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерлерді босатқандай боламыз. Осы ретте, іздеуде жүрген қылмыскерді ұстап беру туралы міндеттелген халықаралық келісімді бұзған боламыз, - дейді Астана прокурорының аға көмекшісі Талғат Мұқатаев.

«ПОЛИЦИЯНЫҢ ҚҰЗЫРЫНАН АЛУ КЕРЕК»

«Уақытша қамауға алынғандардың арасында төлқұжаты жоқтар немесе мас болып ұсталғандар, сонымен қатар іздеуде жүрген қауіпті қылмыскерлер де болуы мүмкін. Мекеме сондайларды анықтау үшін де қызмет атқарып тұр», дейді жоғарғы соттың судьяларды ғылыми-тәжірибелік және оқу- әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету басқармасының бастығы Раиса Юрченко.

- Тергеу изоляторларында азды-көпті тәртіп бар. Ал уақытша қамау орталықтарына ол әлі жете қоймаған шығар. Олар әзірге реформаланған жоқ.
Сондықтан әкімшілік ереже бұзып қамауға алынғандарды ұстайтын мекемені ішкі істер министрлігінің құзырынан алып басқа бір органға беру керек. Олар тек ұсталғандардың кім екенін анықтап содан кейін тиісті орындарға жөнелтумен айналысатын болады, - дейді жоғарғы соттың отставкадағы судьясы Раиса Юрченко.

Бірақ нақты қай органның қарамағына беру қажет екенін дөңгелек үстел басында бас қосқандар айта алмады.
XS
SM
MD
LG