Accessibility links

Қазақстанда интернетті мемлекеттік реттеу туралы заң қабылданғанымен, қоғамда бұл мәселе бойынша пікірталас әлі де жалғасуда. Ғаламтордағы еркіндікті жақтаушылар ТМД-ның кейбір елдерінде өкіметтің интернетке қатысты саясатында «қытайлық үлгінің» белең алғандығына сын айтып отыр.

КӨРШІ ЕЛ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЛГІСІН КӨШІРМЕК

2009 жылдың 12 шілдесінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық интернет-ресурстарды қарапайым ақпарат құралдарына теңестірген заңға қол қойды. «Ақпараттық-коммуникациялық желілердің жекелеген мәселелеріне қатысты өзгертулер мен толықтырулар еңгізу» жөніндегі заңға сәйкес енді елдегі барлық интернет сайттарға таратқан ақпараты үшін, интернет-газеттер мен ақпарат агенттікермен бірдей дәрежеде жауапкершілік жүктелетін болды.

Сонымен қатар, мемлекет кез-келген сайтты сот шешімі бойынша жауып, қызметін тоқтата алады, әрі сондай қабылданған сот шешімдерін елдегі барлық провайдерлердің мүлтіксіз орындауын бақылайтын арнайы орган да құрды.

Қазақстанның бастамасы көршілес Қырғызстанда жалғасын тапты. Бұл елде интернетке бақылау орнату туралы ұсыныс бұған дейін де жиі айтылып келсе, енді Қазақстанның үлгісінен кейін осы тақырыптағы талқылаулар тіптен қыза түсті.

Қырғыз заңгерлері бір мәселенің басын ашып алғысы келді: мемлекеттің бүкіл интернетті қадағалауға алғаны дұрыс па, жоқ әлде бақылау тек интернеттегі БАҚ-дарын ғана қамтуы керек пе? Бұл мәселенің саяси негізі басым болғандықтан, депутаттар екіншісіне тоқтағанды жөн көріпті.

Оппозиция мен азаматтық қоғамның белсенді бөлігінің тарапынан зор наразылыққа тап болған бастама аяқсыз қалды, бірақ, кейбір қырғыз саясаткерлерінің аталмыш заңды насихаттау әрекеттері әлі күнге жалғасуда.

Интернетті бақылау мәселесін Ресей де көтерді. Қыркүйектің соңында Ресейдің Әділет министрлігі құқыққорғау органдарына елдегі әрбір азаматтың интернетке шығуын шектеуге мүмкіндік беретін, интернетке қадағалауды күшейтетін заң жобасын Мемлекеттік Думаға ұсынды. Бұл құжат «Ресейлік мемлекеттік ақпараттық ресурстарды пайдалану қауіпсіздігі мәселесі туралы заң актісіне өзгертулер енгізу» деп аталады.

Осы заң жобасына сәйкес, провайдерлер интернет-пайдаланушылар мен оларға көрсетілген қызмет туралы мәлімет беріп тұруы керек, олай болмаған жағдайда айыппұл салу қарастырылған.

РЕСЕЙЛІК САРАПШЫЛАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ

Ресейлік кейбір сарапшылар ғаламторды пайдалану мүмкіндіктерін шектеу Конституцияға қайшы деп санайды.

Азаттық радиосының орыс қызметіне берген сұхбатында Экономика жоғары мектебінің профессоры Михаил Федотов бұл заң жобасы өзінің көздеген мақсат-мүддесіне сай, өз-өзін ақтауы да мүмкін деген пікір білдірді. Бірақ, профессордың пайымдауынша, заң жобасында күдікті тұстар да жетерлік.

«Меніңше, мемлекеттік ақпараттық ресурстарды құқығы қорғалатын жекелеген нысан ретінде жіктеп қарастыру түсінбеушілік туғызып отыр. Бұған қоса, мұндай бастама Конституцияға жат түсінікті қалыптастырады», – дейді Михаил Федотов.

Михаил Федотовтың сөзінше, интернетті пайдалануды шектеу техникалық жағынан мүмкін емес және аса қауіпті болмақ.

«Бұл азаматтардың ғаламторға заңсыз, жасырын шығуына түрткі болады. Басқа жағынан алып қарағанда, осы саладағы ережені бұзуға жол берген барлық субъектілердің заңды тұрғыдан қорғалуын да қарастыру керек. Сонымен қатар, интернеттің трансшекаралық ауқымда екендігін, бір елдің ғана меншігінде еместігін ескерген жөн», – дейді профессор Михаил Федотов.

Ресейлік журналист Дмитрий Верхотуровтың айтуынша, интернет белгілі бір деңгейде реттеуді қажет етеді. Бұл азаматтардың кепілді құқығы сақталып, қорғалуын да қамтуы керек. Сайт иелері мен провайдерлер және интернет пайдаланушылардың өзара қарым-
Дмитрий Верхотуров, веб-журналист. Мәскеу, 2009 жыл. Жеке мұрағатты сурет.
қатынасын ескерген жөн деп санайды Дмитрий Верхотуров.

– Интернет халықаралық кеңістік болғандықтан, бұл істі алдымен интернет туралы халықаралық арнайы конвенция қабылдаудан бастаған абзал. Мәселен, Теңіз конвенциясы секілді. Осыған ұқсас интернет пайдалану ісіне қатысты бір конвенция қабылдап алған артық етпейді. Бұл ретте тар ауқымдағы ұлттық заңнамалардың қауқары жеткіліксіз, сондықтан, Қазақстанда интернетті реттеу туралы бастама сәтсіз болады, мұндай жағдай Ресейде де соның кебін киері анық, – деді Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатында Дмитрий Верхотуров.

Дмитрий Верхотуров интернетті жүгендемек болған қазақ билігінің әрекетін, біріншіден, жаңа технологияны уақтылы қабылдауға бейімделмеген шенеуніктердің қамсыздығынан көреді, екіншіден, билік өзінің ұстанымын белгілі бір деңгейде шегеруге дағдыланбаған.

– Осыдан екі жыл бұрын Қазақстан билігін емін-еркін сынауға болатын. Билік айтылған сынды үнсіз қабылдады. Кейін жекелеген шенеуніктер мен саясаткерлер сөз таластырып, өз пікірін дәлелдеуді меңгерді. Сондайға дағдылану әрбір шенеуніктің міндетіне айналатын болса, интернетке қатысты дау-дамай өз-өзінен жоғалар еді, – дейді журналист Дмитрий Верхотуров.

САЯСИ РЕЖИМДЕРДІҢ ҮРЕЙІ

Посткеңестік мемлекеттердің интернетті қадағалауды күшейтуін көптеген сарапшылар Молдова, Иран, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында болған оқиғалармен байланыстырады. Себебі, митингіге жиылған адамдар өздерінің іс-әрекеттерін Facebook және Twitter әлеуметтік интернет-қоғамдастық арқылы үйлестіріп отырғаны белгілі.

Ал қазақстандық интернетті құқықтық қадағалау механизмін енгізудің саяси негізі бар екендігін Қазақстанның Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің басшысы Қуанышбек Есекеев көпшілікке ашық түрде мәлім етті.

«Желідегі нәрсенің бәрі қадағалауға алынуы керек. Егер біз бұл мүмкіндікті мүлт жіберсек, онда интернет арқылы барша халық ереуілге шыққан Молдовадағы жағдай бізде де орын алуы мүмкін. Әрі барлық оқиғалар интернет арқылы таралды», – деп мәлімдеді 2009 жылдың 11-ші маусымында Қазақстан Парламентінің Сенатында аталмыш заң жобасын ұсыну барысында Қуанышбек Есекеев.

Алматыдағы MediaNet халықаралық журналистика орталығының директоры Әділ Жалилов Қуанышбек Есекеевтің қаупінің негізі бар екендігін айтады, өйткені, интернет аз реттелетін ақпараттық кеңістіктің бір бөлігі ғана, әрі ол уақыт өткен сайын дамып, өркендеп келеді. Ғаламтордың даму қарқыны туралы Әділ Жалилов былай дейді:

«Интернеттің мүмкіндігі мол: түрлі мазмұндағы мәліметтер мол көлемде келіп түсетін, түрлі қозғалыстар мен партиялардың өзара байланыс орталығы да осы кеңістік. Тек интернет қана Иран, Молдова мен Қытайда орын алған наразылық сипатындағы қарсылық шеруінің өтуіне мүмкіндік берді – бұл ретте веб-екі (web 2.0) жобалары биліктің реттемек болған әрекетіне оңайлықпен көне қоймайды, бұл жобалар интернет пайдаланушылары арқылы жасақталған әлеуметтік желілер, блог, форум, википедия, үзінділер топтамасы. Бұл жобалардың жиынтығына жетекшілік ету іс жүзінде мүмкін емес. Сондықтан, дәл осылар сөз бостандығының дамуына, азаматтардың бірігуі, еш цензурасыз өзін-өзі жетілдіруі секілді процестерге серпін береді. Интернетті реттеуге ұмтылудың себептері де осылардан келіп шығады. Әлбетте, ол үшін порнографиямен күрес мәселесі дегенді «игі» мақсатты желеу етіп алады».

Әділ Жалиловтың айтуынша, интернетті қадағалауға алмақ болған үкімет осы әрекеті арқылы ғаламторды дамытуды көздегендерден әлдеқайда артта қалып отыр. Сондықтан, интернетті реттеу, сарапшының пікірінше, мүмкін емес нәрсе.

– Бүгінде көптеген мемлекеттер байсалды реттеу әдістемесінің техникалық және өзге де мүмкіндіктерін меңгермегендігін мойындап отыр. Бұл ретте Әзірбайжан мен Қытайды мысалға келтірсек те жеткілікті. Қытай қуатты ресурстары бола тұра бүкіләлемдік жүйені реттеуге қауқарсыз болып отыр.

Ал толыққанды реттеу ісінің Қазақстанда жүзеге асырылатындығына күмәнім бар. Бұған басты бөгет – техникалық мүмкіндіктер. Біздің елімізде жоғары сапалы әрі ауқымды техникалық жоба болған да емес. Мәселен, ғарышты игермек болған әрекетіміз күлкілі болды, тіпті сатып алған әзір өнімді де ұшыруын ұшырсақ та басқара алмай айрылып қалдық. Электронды үкімет жөніндегі бастаманы да осылай айта кетуге болады, – дейді медиа сарапшысы Әділ Жалилов.

Дмитрий Щелоков, блоггер. Орал, 2009 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Сарапшы Жалиловтың пікіріне ұқсас уәжді Орал қаласының тұрғыны, «Азат интернет үшін» қозғалысының үйлестірушісі Дмитрий Щелоков та білдірді. Оның сөзінше, сайлауды қуыршақ ойынына айналдырған саяси режимдер интернетте шыншыл ақпараттың жиі жарық көретінінен қорқады.

– Бұған қаржылық дағдарыстың да салқыны тигенін айта кету керек. Барлық жерде де әлеуметтік наразылық ұшқындары бой көтеруде, интернетке қарсы наразылық акцияларына телеэкранда орын болмаса да, бұл бүкіл қоғам үшін келелі мәселеге айнала білді. Билік азаматтардың қарсылығы интернет арқылы бүкіл елге тарауынан қауіптеніп, билікке жағымсыз ақпаратты ашық айтатын блоггерлерді сырттай соттап, оларды тіпті ешбір соттың шешімінсіз-ақ, интернеттен айырып тастауды көздеп отыр, – дейді белсенді блоггер Дмитрий Щелоков.

АҚШ БАРЛЫҚ ЕЛДЕРГЕ ҮЛГІ КӨРСЕТТІ

Егер жекелеген елдер интернетті шектеу жөніндегі бастаманы жаппай құптап жатса, АҚШ-тың әрекеті өзгелерге үлгі боларлықтай. Биылғы жылы 30 қыркүйек күні осы мемлекеттің үкіметі интернетті бақылауды азайту жөніндегі келісімге қол қойып, бүкіләлемдік ғаламтордың реттеушісі «Internet Corporation for Assigned Names and Numbers» (ICANN) ұйымымен өзара уағдаластыққа келді.

Тарихи келісім болған бұл алғашқы уағдаластық жаңа дербес мүмкіндіктер бермек деп күтілуде. Осыған дейінгі бүкіләлемдік ғаламтордың реттеушісі ICANN-мен жүргізілген келісімде интернетті қатаң түрде шектеу көзделген болатын, ал бұл келісім өзге елдердің қарсылығын туғызды.

АҚШ үкіметі жасақтаған ICANN коммерциялық емес жеке құрылымының мақсаты – интернеттің ең маңызды, құрамды бөліктерін бақылау болып саналады. Әсіресе, құрамында com және uk бар, жоғары деңгейдегі домендерді қадағалауға басымдық берілген.

Жуырда бұл ұйым домен есімдерін реттеудің қатаң ережелерін жұмсартуды ұсынды, осы арқылы корпорацияларға желілік мекен-жайына өз брендін, ал жеке тұлғаларға өз есімдерін жазуға мүмкіндік беру көзделіп отыр.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG