Accessibility links

Иран реформашылары тыйымдарға қарамастан қайтадан шеруге шықты


Мусавидің жақтастары оған қолдау білдіріп Теһран көшелеріне шықты. 15 маусым 2009 ж.
Мусавидің жақтастары оған қолдау білдіріп Теһран көшелеріне шықты. 15 маусым 2009 ж.

Иран билігі президент сайлауында жеңілген реформашыл үміткер Мир Хусейн Мусавиді қолдаушылардың шерулеріне тыйым салған болатын. Жұма күнгі сайлауда қазіргі президент Махмуд Ахмадинежад қайта сайланғаннан кейін, наразылық шаралары Иранда маусымның 13-інен бері жалғасуда.

Ирандағы президенттік сайлауда жеңілген реформашыл үміткер Мир Хусейн Мусавидің веб сайтында маусымның 15-інде таңертең жарияланған хабарға қарағанда, дүйсенбіге белгіленген шеру болмауы керек еді. Алайда бұл хабар сайттан шұғыл түрде алынып тасталып, келесі хабар енгізілді.

Ішкі істер министрлігі Мусавидің бейбіт шеру өткізуге рұқсат сұраған өтінішіне жауап бере қойған жоқ деген хабар алғашқы мәлімдеменің орнына орналастырылды.

Маусымның 15-інде түстен кейін шеру бәрібір болды. Оған Мусавидің өзі де келмекші. Сайлауда ең төменгі көрсеткішке ие болған реформашыл Мехди Карруби де шеруге қатысады деп хабарланды.

Президенттікке үміткер реформашыл саясаткер Мир Хусейн Мусави наразылық шеруіне шыққан өз қолдаушылары алдында сөйлеп тұр. Теһран, 15 маусым 2009 ж.
Иран билік орындары оппозициялық шерулерге тыйым салған болатын. Осыған қарамастан, Мусави қолдаушылары дүйсенбі күні Теһранда наразылық шарасын ұйымдастырды.

Хабарларға қарағанда, Мусавидің мыңдаған қолдаушылары Теһрандағы революция алаңына жиналды. Сол жерде Мусави мәлімдеме жасайды деген хабар тарауда. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Мусави мен Ахмадинежадты қолдайтын топтар өзара қақтығысып қалған.

Мусави 12-ші маусымдағы президенттік сайлауда заңбұзушылықтар болды деп айыптап, сайлау қортындысын жоққа шығаруға шақырып келеді. Ахмадинежад болса, сайлау әділ әрі шынайы болған деп мәлімдеді.

Иран теледидарының хабарына қарағанда, Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменей жұмадағы сайлауда жеңілген үміткер Мир Хусейн Мусавидің президент сайлауында заңбұзушылықтар болды деген шағымдарын байсалды және заңды түрде сот арқылы шешуіне кеңес берген.

Мусави аталған шағымына байланысты арызын Арнайы кеңеске тапсырған болатын. Кеңес ол арызға жауаптың 10 күн ішінде дайын болатынын хабарлап та үлгерді.

Соңғы 2 күннің ішінде 150-ден аса реформашыл тұлғалар мен белсенділер және журналистер ел бойынша қамауға алынға. Сарапшылар мұндай күшпен басудың одан әрі күшеюі мүмкін екенін ескертуде.

Мусавидің жақтастары оған қолдау білдіріп Теһрандағы Азаттық алаңына жиналды. 15 маусым 2009 ж.
Хабарларға қарағанда, қауіпсіздік күштері дүйсенбінің таңында Теһран университетінің жатақханаларына шабуыл жасап, бірнеше студентті жаралаған. Шерушілердің біразы қамауға алынғаны туралы хабарланды.

Осыған ұқсас жағдай Исфахан университетінде де болды. Жексенбінің кешінде осы университеттің студенттері "Диктаторға өлім келсін!" деп ұрандап жатақханада шерулеткен болатын.

Теһран университетіндегі басып-жаншуларды көзімен көрген бір студент былай дейді:

«Өз көргеніме өзім әлі сене алар емеспін. Ахмадинежадтың жақтастарының бірі бір студентті аяусыз сабап жатты. Таяқ жеген студентке оны ұрған адам: «Сенің қалай таяқ жегеніңді анаң көрсе ғой, шіркін!» деді рахаттана».

Сәлден кейін қауіпсіздік күштері мен арнайы агенттер жатақханаға шабуылдап, оның есік-терезелерін сындырып, студенттерді сабаған болатын.


Мұндай шерулер мен күш қолданулар Иранда 1979 жылғы төңкерістен бері болмаған еді.
XS
SM
MD
LG