Accessibility links

Израиль тартып алынған мүлікті қайтарып жатыр, ал бұрынғы ССРО елдерінің бұған барғысы жоқ


Холокост зұлматының куәгері 83 жастағы Генри Задженвергиер құрбандарды еске алуға арналған жиында сөйлеп тұр. Эстония, Таллинн, 2 маусым 2010 жыл.
Холокост зұлматының куәгері 83 жастағы Генри Задженвергиер құрбандарды еске алуға арналған жиында сөйлеп тұр. Эстония, Таллинн, 2 маусым 2010 жыл.

Қазақстан әлі күнге дейін ТМД-дағы өзге республикалар тәрізді совет үкіметі тұсында халықтан тәркіленген дүние-мүлікті қайтаруға асығар емес. Ал Израиль өзгелерге үлгі көрсетіп, екінші дүниежүзілік соғыста жапа шеккен еврейлердің меншігін біртіндеп қайтарып жатыр.



ЖАБЫҚ ТАҚЫРЫП

Жеке меншік мәселесі - әлі күнге дейін бұрынғы советтік кеңістіктегі ең даулы әрі саяси-экономикалық жағынан күрделі тақырыптардың бірі. Қазірге дейін бұқараның басым бөлігінде бұл туралы біржақты пікір қалыптаспаған, тіпті, заңдық тұрғыда да түйткілі жетерлік.

Әлемнің өзге елдерінде қалыпты жағдай ретінде шешімін тауып жатқан реституция, яғни кезінде билік тәркілеп алған дүние-мүлікті заңды иелеріне немесе олардың туған-туыстарына қайтару ісіне ТМД-дағы Балтық жалауындағы елдерден басқа мемлекеттер үрке, тіпті, шошына қарайды.

Совет билігі тұсында азаматтардан тәркіленген дүние-мүлікті иесіне қайтару тұрмақ, постсоветтік елдердің бәрі, уәделесіп алғандай, бұл жайында сөз қозғаудан үзілді-кесілді бас тартады. Олар үшін бұл - жабық тақырып.

Ресейге де, Қазақстан мен Украинаға да, өзге де постсоветтік «стан» елдері үшін де өзге шет мемлекеттердің тәжірибесі үлгі емес. Бұл олардың шамына тиетін тақырып.

ТАРИХИ ӘДІЛЕТСІЗДІК

Осыдан бірнеше апта бұрын Израиль өкіметі бұл проблеманы шешуге алғашқы қадам жасады. Соғыс құрбандарын іздестіру мен олардың мүлкін қайтару үшін 2006 жылы құрылған арнайы ұйым екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жазықсыз жапа шеккен еуропалық еврейлердің меншігінде болған дүниесін қайтаруға кірісті.

Холокост құрбандарына тиесілі дүние-мүліктерге иелік ету құқығы 1960 жылдан бастап Израиль мемлекетіне берілген болатын. Бірақ ХХ ғасырдың соңына дейін ешкім бұл мүліктің заңды мұрагерлерін іздеумен нақты айналысқан жоқ. Тек 2005 жылы ғана Израиль парламенті қуғын-сүргін құрбандарына тиесілі мүліктерді олардың туған-туыстарына қайтару туралы арнайы заң қабылдаған еді.

Ал 2006 жылдан бастап құрбан болғандардың дүние-мүлкі мен олардың заңды иелері немесе мұрагерлері іздестіріле бастады. Анықталған деректердің барлығы мұқият түрде қатталып, құжатқа түсіріледі. Қазірдің өзінде 500 жер телімі, 49 пәтер, 150 мыңға жуық акция мен құны 300 миллион шекелге жуық (шамамен 75 миллион доллар) қаржы табылған.

Егер заңда белгіленген мерзімде оның мұрагері табылмайтын болса, бұл дүние-мүлік Холокост кезінде қиянат көрген өзге мұқтаж адамдарға беріледі, сондай-ақ, соғыс құрбандарын есте қалдыруға жұмсалады.

Интернетте 2007 жылдан бастап соғыс құрбандарын іздестіру мен олардың мүлкін қайтару ұйымының арнайы сайты интернетте жұмыс істей бастады: www.hashava.org.il

Мұрагерлер осы сайт арқылы Израильдегі өздеріне тиесілі ақша мен мүлікті немесе өзге де меншікті өз отбасыларына қайтарып алу үшін арыз-өтініш бере алады. Холокоста құрбан болғандардың 60 пайызынан астамының дүние-мүлкі бұрынғы Совет одағынан – Ресей, Украина, Беларусь және Балтық елдерінен шыққан еврейлерге тиесілі екен.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖЕКЕ МЕНШІКТІҢ МҮЛКІН ҚАЛАЙ ТАРТЫП АЛДЫ?

Постсоветтік елдердің басым бөлігі осы реституция процесінен мүлде шет қалып қойды. Жұрт бұл жөнінде ләм-мим деп ауыз аша алмайды. Совет билігі кезінде көптеген адамдардың жазықсыз жапа шегіп, мемлекет олардың меншігіндегі мүлікті тәркілеп, күшпен
Советтік Қазақстанды 1924-1933 жылдары басқарған Филипп Голощекин.
тартып алғаны тарихтан мәлім.

Ондай тәркілеу саясаты («кәмпеске») Қазақстанда да жаппай ұйымдастырылды, «бай-құлақтардың» мүлкі тәркіленіп, олардың көпшілігі итжеккенге айдалды. Сонымен бірге, осындай жаламен жазықсыз қуғынға ұшырағандар Қазақстанға көптен жер аударылды.

Қазақстанда мүлікті тәркілеу жұмысы 1926 жылдан бастап қолға алынды. Науқан белгілі партия белсендісі, қазақ тарихында «кіші Октябрь» деген атқа ие болған оппозициямен күрестің авторы Филипп Голощекиннің басшылығымен жүзеге асты. Ол 1918 жылы патша отбасын атуға тікелей атсалысқан адам болатын.

1926-1927 жылдары Қазақстанда егіндік және жайылымдық жерлерді күштеп бөліске салды. 1,4 миллион шабындық пен 1,3 миллион егістік жерді ауқаттылардан тартып алды.

Бірақ кәмпескелеу бұнымен біткен жоқ. Ол енді ғана қыза бастаған-ды. Келесі кезекте елдің малын тәркілеп, халықты тұрғылықты қонысынан шалғайға жер аудару басталды. Жоспар бойынша 700-ге жуық шаруашылықтың мүлкін тартып алу белгіленді. Құжаттарға қарағанда, осы уақытта 696 шаруашылықтың малы тәркіленген екен. Бірақ нақты сан бұдан әлдеқайда көп болатын.

Мәселен, бір ғана Ақмола өңірінде 200-ден астам шаруашылықтың малы тартып алынған. Ал Петропавлда құжатта көрсетілгендей 34 емес, 102 шаруашылықтың мал-мүлкі талан-таражға түскен.

Тек бір құжаттағы деректен осындай зорлық-зомбылықпен жүргізілген науқан арқылы 145 мың бас ірі қара мал тәркіленгеніне көз
Ашаршылық кезіндегі қазақтар. 1930 жылдары түсірілген сурет.
жеткіземіз.

Сол кезде совет өкіметі тек байлардың ғана емес, орта таптың, тіпті, кедей шаруалардың малын да тартып алған. 1930-1931 жылдары кулактармен күрес кезінде 6800 адам республикадан тысқары аймақтарға жер ауып кетті. Дәл осы уақытта Қазақстанға Совет одағының өзге өңірлерінен осындай қуғын-сүргінге тап болған 180 мың адам күштеп әкелінді.

ІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР АЯҚ АСТЫ БОЛҒАН ЗАМАН

Жеке меншіктің мүлкіне заңсыз қол сұғып, құқығын өрескел бұзу бұқараның санасында қатты әсер етті. Қоғам осы солақай саясаттың зардабын әлі күнге дейін тартып келеді.

Мемлекеттің атымен біреудің мүлкін тартып алған бұл оқиғалар - тарихтағы ең үлкен қиянаттардың бірі болып қала береді. Оның зардабы әсіресе Совет үкіметі құлағаннан кейін, жеке меншікті жаңғырту барысында айқын біліне бастады.

Империя құлаған соң не істерін білмей дағдарған жас мемлекеттер бір кездегі жеке меншік дәстүрінен айырылып қалған еді. Айналып келгенде, мемлекеттік басқару бетімен кетіп, әркім өзінше өмір сүрген бұлғақ кезеңде сол баяғы ұрлық-қарлықтан басқа амал қалмаған болатын.

Ал елді заңсыздық пен тәркілеудің небір қитұрқы түрлері жайлаған заманда халықтың жоғалған дүниесін қайтарып беру мәселесіне биліктің бас қатырмайтыны - заңды құбылыс.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий бұрын «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосының Украин және Түркімен редакциясының директоры болған. Бұл мақаладағы аутордың жеке көзқарасы мен ой тұжырымдары Азаттық радиосының ұстанымына сәйкес келмеуі мүмкін).
XS
SM
MD
LG