Accessibility links

Режиссер Қалдыбай Әбенов «ағаттықпен» жұмыстан шығып қалғанын естіді


Қалдыбай Әбенов, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген «Аллажар» фильмінің режиссері. Алматы, 4 желтоқсан 2009 жыл.
Қалдыбай Әбенов, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген «Аллажар» фильмінің режиссері. Алматы, 4 желтоқсан 2009 жыл.

«Аллажар» фильмінің режиссері Қалдыбай Әбеновтің жұмыстан шығып қалғаны туралы хабар Азаттықтың сайтында жарияланған күні оқу орны оны бұрынғы жұмысына қайта алды. Әкімшілік бұл істе кеңсе қызметкерінің ағаттығы болғандығын айтады.

«КІНӘ – САЛҒЫРТ ҚЫЗМЕТКЕРДЕН»

Желтоқсан оқиғасы туралы әйгілі «Аллажар» фильмінің режиссері Қалдыбай Әбенов желтоқсанның 1-інен бастап Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясынан жұмыстан шығарылғаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған болатын. Оқу орнының басшылығы оны қызмет штатының қысқартуымен деп түсіндірген еді. Бұл жайында Азаттықтың сайтында мақала жарияланған соң іле-шала, Қалдыбай Әбенов жұмыстан «ағаттықтың салдарынан шығарылған екен» деген хабар жетті.

Бұл туралы желтоқсанның 8-күні Қазақ өнер академиясының кино және телеарна факультетінің деканы Айтқазы Нұрасылұлы хабарлады. Оның айтуынша, Қалдыбай Әбеновтің есімі жұмыстан қысқаратындардың тізіміне оқу орны қызметкерінің салғырттығынан байқаусыз жазылып кеткен. Қазір енді бұл ағаттық түзетіліп, Әбенов бұрынғы жұмысында қалатын болды, деді декан.

– Оқу бөліміндегі лаборант басқа бір адамның орнына Әбеновті жазып жіберіпті. Ол кісі жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл жағдай кеше
Лаборант басқа бір адамның орнына Әбеновті жазып жіберіпті.
анықталды. Лаборантқа ректордың атынан қатаң сөгіс жарияланды, – деді Айтқазы Нұрасылұлы желтоқсанның 8-күні Азаттық тілшісіне.

Бір атап өтер жайт, осы декан желтоқсанның 4 күні Азаттық радиосына берген түсініктемесінде Қазақстаннның білім және ғылым министрлігінің оқу жоспарына сәйкес факультеттен заңды негізде екі адам қысқартылғанын, соның бірі Қалдыбай Әбенов екенін айтқан болатын.

Режиссердің айтуынша, Азаттық сайтында жарияланған мақаладан соң онымен академия ректоры Арыстанбек Мұхаммедиұлының өзі кездесіпті.

– Ректор маған: «сізді жұмыстан шығарған жоқпын, жұмысыңызды істей беріңіз», деп қазір ғана айтты. Желтоқсанның 1-күні мені жұмыстан шығарғаны – факт. Ал енді бүгін жұмыстан шығарған жоқпын деп отырғаны да факт. Шынымды айтсам, қайсысы бұрыс, қайсысы дұрыс екенін біле алмай отырмын, – деді Қалдыбай Әбенов Азаттық тілшісіне.

Айтпақшы, бұған дейін Әбенов өзінің жұмыстан не себептен шығарылғанын сұрамақ болып талпынғанымен, ректор Арыстанбек Мұхаммедиұлына жолыға алмай, оның қабылдау бөлмесінен қайтқанын айтқан-тын.

Енді ол өзінің жұмыстан мүлдем шығарылмағанын, осының бәрі қатардағы кеңсе қызметкерінің кінәсінен болды дегенді естіп бұл істің ауанын айыра алмай отырғанын айтады.

ЗИЯЛЫ ТОПТЫҢ НАРАЗЫ ҮНІ

Желтоқсанның 8-күні Қалдыбай Әбенов Қазақ өнер академиясында, алдағы наразылық акциясына дайындық мәселесін талқылаған қазақ зиялыларының жиынына қатысты.

Бұған дейін Азаттыққа берген сұхбатында Қалдыбай Әбенов кенеттен жұмыстан шығарылуын қазақ зиялылары осы өткізбек болып дайындалып жатқан наразылық акциясымен байланыстырған болатын.

Зиялылар тобы «Ұлт бірлігі» доктринасына тоқтау салу туралы билікке талап қойған еді. Егер билік бұл талапқа мойынсұнбаса олар желтоқсанның 17-нен бастап Алматыда аштық акциясын бастайтындарын ескерткен-ді. Зиялылардың үндеуіне Қалдыбай Әбенов те қосылып отыр. Оның пікірінше, бұл қолдауы Қазақ ұлттық өнер академиясының басшылығына жақпай қалған.

2002 жылдан бері Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында студенттерге дәріс беріп келе жатқан Қалдыбай Әбеновтың айтуынша, оның оқу орнынан алатын айлығы 10 мың теңге (шамамен 70 АҚШ доллары).

– Әрине, мен ол жерде осы мардымсыз ақша үшін емес, сондағы шәкірттерім үшін ғана жүрдім, – деген режиссер әркез өз шәкірттеріне
Мен ол жерде мардымсыз ақша үшін емес, сондағы шәкірттерім үшін ғана жүрдім.
Желтоқсан оқиғасы жайында әңгімелеп, болашақта қай жерде, қандай қызметте болмасын ұлт мүддесін алға қойып, туған ұлтының бақыты үшін күресу – қазақ жастарының ең аяулы парызы екенін олардың құлағына үнемі құйып отыратынын айтады.

Қалдыбай Әбенов «Аллажар» фильмін 1989 жылы түсіруді қолға алған. Алайда, советтік Қазақстан үкіметі 1990 жылы кино жұмысын тоқтатып тастаған-ды. Ал, 1991 жылы түсіру жұмыстары қайта басталып, кейін аяқталған бұл шығарма көпшілік көрерменге жеткен жоқ.

Желтоқсан оқиғасының 23 жылдығы қарсаңында режиссер «Аллажар» фильмін Алматыда көрсетуді ниет етіп отыр.
XS
SM
MD
LG