Accessibility links

Қарағандыда дзюдо күресінен ел чемпиондары анықталды


Дзюдо күресінен Қазақстан чемпионатындағы белдесулердің бірі. Қарағанды, 22 қараша 2009 жыл.
Дзюдо күресінен Қазақстан чемпионатындағы белдесулердің бірі. Қарағанды, 22 қараша 2009 жыл.

Қараша айының 20-22 аралығында дзюдо күресінен өткен Қазақстан чемпионаты мықтыларды анықтап берді. Енді олар 2010 жылы Алматыда өтетін әлем біріншілігіне дайындықтарын жалғастырып, шеберліктерін шыңдай түспек.


Соңғы жылдары Қазақстан дзюдо күресінің мықтылары әлемдік ареналарда айрықша көзге түсуде. Бапкерлердің айтуынша, осы үрдіс қарқынды дамып келеді. Оның дәлелі – Қарағандылық Максим Раков биылғы жылы Голландияда дзюдо күресінен өткен әлем чемпионатында Қазақстан спорты тарихында алғаш рет алтын медальды жеңіп алып, дүниежүзілік дүбірлі сайыста Қазақстан туын көкке желбіретті.

Бұл жолы Қарағандыда өткен ел біріншілігінің ашылу салтанатында дзюдо күресінен Қазақстанның тұңғыш әлем чемпионы Максим Раковқа «Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы» атағы берілді.

Қарағандыдағы балуандар сайысында осыған дейін Қазақстанның ешбір аумағында тіркелмеген ерекшелік болды. Ол – жарысқа қатысам деп келген спортшылар санының көптігі. Ерлер мен әйелдер өзара сынға түскен Қазақстан чемпионатына арқа төсіне елдің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық спортшы келіп қатысты. Олардың барлығы 16 салмақ дәрежесінде белдесіп, бақ сынады.

Қарағандылық спортшылар арасынан Максим Раков, Ержан Шынкеев, Ислам Беспаевтар кілем төрінде өздеріне қарсылас шақ келтірмесе, әйелдер арасынан Гүлжан Ықсанова мен Эльмира Сейфулғазиналар нәзік жандылардың білегінде де күш барлығын дәлелдеп алтыннан алқа тағынды.

Бекет Махмұтов, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті. Қарағанды, 22 қараша 2009 жыл.
Жалпы бұл жолғы белдесулерде жарыс иесі – Қарағанды құрамасының командасы жиынтығында 5 алтын мен 3 қола медальдерді жеңіп алып, командалық есепте Қызылорда командасының алды және Алматының дзюдошыларынан кейін екінші командалық орынды иемденді.

– Бұл сайыс келесі жылы Алматыда өтетін әлем чемпионатына іріктеу болып табылады. Ал мына жарыстың ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Мұнда кілең мықтылар жиналып отыр, – дейді Қазақстан республикасының дзюдо федерациясының президенті Бекет Махмутов.

Бапкерлер келер жылғы әлемдік жарысқа қатысатын қарағандылық балуан Максим Раковқа ерекше сенім артады. Оның командалас серіктері, осы жолғы сайыстың жүлдегері болған Ержан Шынкеев пен Ислам Беспаевтар да намысты қолдан беретін жігіттер емес дейді жаттықтырушылар.
XS
SM
MD
LG