Accessibility links

Алматының Алатау ауданына қарасты Қарасу ауылында тағы да үйлер қиратылды


Билік өкілдері Қарасу елдімекеніндегі салынып жатқан бірнеше тұрғын-жайдың шаңырағын ортасына түсірді. Алматы, 15 шілде 2009 жыл.
Билік өкілдері Қарасу елдімекеніндегі салынып жатқан бірнеше тұрғын-жайдың шаңырағын ортасына түсірді. Алматы, 15 шілде 2009 жыл.

Шілденің 14-інде таңертең Қарасуға жеткен ауыр техникаларды ала келген 10 шақты адам өздерін «әкімшіліктенбіз» деп таныстырып, елдімекенде салынып жатқан бірнеше баспананы қиратып кеткен дейді тұрғындар. Әлгі қиратқыштарға құқық органдарының қызметкерлері еріп жүрген.

– Барлық үйлерді қатарынан емес, ауыл ішінен іріктеп алып 10 шақты дайын тұрған баспананы қиратып кетті. Сондықтан тұрғындар тарапынан ешқандай қарсылық болмады. Барлығы тып-тыныш келді де бұзып кетті, – дейді ауыл тұрғындарының бірі.

Алматының іргесінде орналасқан қарасулықтар бұл жерлерді заңсыз басып алған дейді жергілікті билік. 12 мыңға тарта тұрғыны бар Қарасу ауылындағы тұрғындардың кейбірі құжаттарын заңдастырып та үлгерген.

Сағынай Ахметбекқызы өз баспанасы тұрған жер телімінің заңды құжаттары болғанын айтады. Қарасу, 15 шілде 2009 жыл.
Солардың бірі Сағынай Ахметбекқызы өз учаскесіне өткен жылы кішігірім үй салып алған екен. Алайда кеше кешкісін ол әлгі үйінің қиратылғандығы туралы хабар алған.

– Мен осы ауылдың ішінде басқа жерде тұрамын. Ал мынау менің ұлымның тұрғызған үйі болатын. Ол қазір ауруханада жатыр, кеше мен ұлыма кетіп қалғанмын. Осындағы көршілер маған хабарласып, үйді бұзып жатқанын жеткізді, – дейді Сағынай Ахметбекқызы.

Қарасуда Сағынай сияқты құжаттарын заңдастырып алғандар көп емес. Құжаттарын заңдастырудың қамымен жүргендердің бірі – екі баланың анасы Салтанат.

– «Жерді заңсыз басып алды» деп бізді сынайтындар көп. Алайда біз ол шараға амалсыздан бардық. Мен өзім бірнеше жыл пәтер жалдап тұрдым, одан кейін осында келіп, жағдайым болмаған соң, 14 күн киіз үйде тұрдым. Екінші қызымды босанғаннан кейін әйтеуір сары сылақтан шағын үй тұрғызып алдық. Оның өзінде шатырының жартысы ғана жабық. Соған қарамастан
Сағынай Ахметбекқызының үйінен қалғаны осы. Қарасу, 15 шілде 2009 жыл.
кеше менің үйімді де қиратуға әрекет жасады, мен балаларыммен үйден шықпай қойдым, – дейді ашынған ана.

Салтанат өзі баспана салып алған ұлтарақтай жерін заңдастыруға 1 жылдан астам уақыт бұрын құжаттарын тапсырып қойған екен. Алайда оған әлі ешқандай жауап алмапты.

Ал Мариямгүл есімді тағы бір тұрғын өзінің аяқталуға аз-ақ қалған үйін қиратып кеткендігін айтты. Жеті баланың анасы енді өзінің қайда барарын біле алмай отырғанын айтады.

– Менің қолымда кәрі енем, 7 балам мен немерелерім бар. Ауылда ешқандай жұмыс болмағаннан кейін отбасымызбен нәпақа табу үшін Кегеннен осында келген едік. Үй салып жағдайымыз жақсарар деп ойлап едік, енді міне, күйеу баламыздың екі болмелі шағын үйінен басқа барар жеріміз қалмады, – дейді Мариямгүл.

Мариямгүлдің қарт енесі де сөзге араласты.

80 жастағы Маржан әжей баспанасын бұзуға келгендерге қарсылық танытқанымен полицейлер өзін үйден күштеп алып шыққанын айтады. Қарасу, 15 шілде 2009 жыл.
– Мен еңбек ардагерімін, 12 жастан бастап ауыл шарушылығында еңбекке араластым. Сондағы бар алған алғысым осы ма, айтшы, айналайын!... Кеше дәл сен сияқты немереммен жасты бір топ әскерилер келді де үйімізді бұзып кетті. Мен «бұзбаңдар» деп ішіне кіріп алып едім, екі жігіт екі жақтан көтеріп алып шығарып тастады. Көз алдымда үйімді қиратып кетті ғой, – дейді жасы 80-нен асқан Маржан әжей.

Қарасулықтар өздерінің үйлерінің «іріктеліп» бұзылатындығы мен құжаттарының заңдастырылуы әр үй иесінің қалтасының қалыңдығына тікелей қатысты деген тұжырым айтады.

– Алатау ауданына қарасты жергілікті өзін өзі басқару комитетінің басшылығы құжаттарды заңдастыру үшін 500 доллардан ақша талап етеді. Ондай ақшасы барлары береді, ал жоқтары біз сияқты гүрілдеген ауыр көліктің дауысын естіген сайын қорқып отырады – дейді Шолпан есімді ауыл тұрғыны.

Осы айтылғанға қатысты Азаттық тілшісі жергілікті өзін өзі басқару комитетінің төрайымы Галина Чебакова хабарласқан еді. Ол әлгіндей
Билік өкілдері қиратып кеткен Маржан әжейдің үйін кейуананың балалары мен немерелері қайтадан қалпына келтіруге кірісті. Қарасу, 15 шілде 2009 жыл.
сөз – тұрғындардың сандырағы дегенді айтты.

– Сол сөздерді айтқан адам прокурорды және сізді алып маған келіңіздер! Сол жерде көреміз – кімдікі дұрыс, кімдігі бұрыс екендігін! – деді Галина Чебакова.

– Сіз тұрғындардың бұл сөзін шындыққа жанаспайды дегіңіз келіп тұр ма әлде...

– Жоқ! Мен ешкіммен сөйлеспеймін, мен сіздің бұл сұрақтарыңызға жауап беруге міндетті емеспін! – деп қысқа қайырды Галина Чебакова.

Ал Қарасуда бұзылған үйлерге қатысты Алатау ауданы әкімшілігіне хабарласқанымызда, «әкімнің жиналыстан қолы босамайтынын» айтқан хатшы қыздың сөзінен басқа, қойған сұрағымызға ешкімнен жауап есту мүмкін болмады.
XS
SM
MD
LG