Accessibility links

Қауіпсіздік комитеті шекарадағы атыстан екі адам жараланғанын растады


Қазақ-өзбек шекарасы. 2009 жылдың қарашасы.
Қазақ-өзбек шекарасы. 2009 жылдың қарашасы.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті кеше қазақ-өзбек шекарасында болған атыс салдарынан екі азамат жараланғанын ресми түрде растады. Оқиға Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы шекара маңында болған.


Комитет баспасөз қызметі Азаттыққа былай деп хабарлады.

Қазақстан ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасына түскен ақпарат бойынша маусымның 17-сінде 18 сағат 50 минутта Сарыағаш шекара отрядының «Дархан» шекара заставасы бөлігінде, мемлекеттік шекара сызығына жақын жерде Өзбекстаннан Қазақстанға контрабандалық жүк өткізу фактісі тіркелді.

Шекара күзеті Мемлекеттік шекара бұзғандарды тоқтату кезінде олар күшке салып, қатты қарсылық көрсеткен. Сол сәтте шекара бұзғандарға шамамен 20 жергілікті тұрғын көмекке жеткен.

ҰҚК мәліметінше, елдің Мемлекеттік шекара туралы заңына сәйкес бірнеше мәрте ескертуден кейін шекара бұзғандардың кері әрекеттері мен қаруларын тартып алу үшін шекара күзеті қару қолданған.

Атыс нәтижесінде 1963 жылы және 1987 жылы туған жергілікті екі тұрғын аяқтарынан жараланған. Шекарашылар тарапынан алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар медицина мекемесіне жеткізілген.

«Тәртіп сақтау органдары оқиғадан бірден құлағдар етілген. Сарыағаш әскери прокуратурасы тексеру шараларын жүргізіп жатыр» делінген ҰҚК ақпаратында.

Азаттық радиосы бұған дейін хабарлағанындай, бұл тосын оқиғада шекарашы сарбаздың атқаны оғы тиіп жараланған екі адам Қазақстан азаматтары болып отыр.
XS
SM
MD
LG