Accessibility links

Тұтқын менеджерлер жұбайлары ештеңеден бейхабар


Тұтқындалған менеджерлердің жұбайлары: (солдан оңға) Жәмилә Жәкішева, Марийка Цоцория және Наталья Парфенова күйеулері туралы сұрап Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысының алдында тұр. Астана, 4 маусым 2009 ж.
Тұтқындалған менеджерлердің жұбайлары: (солдан оңға) Жәмилә Жәкішева, Марийка Цоцория және Наталья Парфенова күйеулері туралы сұрап Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысының алдында тұр. Астана, 4 маусым 2009 ж.

Қамауға алынған жұбайларының тағдырын білмекке Астанаға келген «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы топ-менеджерлерінің әйелдерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысындағылар есігінен де қаратпай қойды.

«ТЕЛЕДИДАРДАН КӨРСЕТІЛГЕН ҰҚК-нің ВИДЕОЖАЗБАСЫНАН КҮЙЕУЛЕРІМІЗДІ ӘЗЕР ТАНЫДЫҚ»

Астананың Кривогуз көшесінің бойында орналасқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысының темір қақпасы маусымның 4-і күні ашылған жоқ. Ғимарат алдына келген «Қазатомпром» ұлттық компаниясының қамауға алынған бұрынғы басшыларының туыстары қанша тырысса да, жауабын осы мекемеден білмек болған сұрақтарына жауап ала алмады.

– Бұл жерден басқа қайда барарымызды, кімнен сұрарымызды да білмейміз. Бір білетінім, Мұхтарды соңғы рет арнайы көлікпен осы ғимаратқа қарай әкетіп бара жатқанын көргендер бар екен. Сол бойынша, осында келіп тұрмыз, бірақ мұндағылар бізге тіл қатпайды. Не бар, не жоқ деп те айтпай отыр, - деді Мұхтар Жәкішевтің әйелі Жәмила Жәкішева.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысы. Астана, 4 маусым 2009 ж.
Ал маусымның 1-інде Астанада өткен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз мәслихатынан кейін теледидардан күйеулерін көрген «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы вице-президенттерінің әйелдері өз жұбайларымызды өзіміз таныған жоқпыз дейді.

– Теледидардан көріп, шошып кеттім. Мүлдем Малхаздың келбеті емес. Құдды бір зомбилап қойған сияқты. Өмірімде оның мұндай адам шошитындай түрін бірінші рет көріп қатты қорықтым. Оған қандай да бір дәрі-дәрмек берген секілді, - деген күмәнін айтады бұрынғы вице-президент Малхаз Цоцорияның әйелі Марийка Цоцория.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің екінші орынбасары болған Дмитрий Парфеновтің әйелі Наталья Парфенова да теледидардан көргенінде жұбайының бет әлпетіндегі біршама өзгерісті байқағанымен бөлісті.

– Көздерінің айналасы көгеріп тұрды. Оған физикалық, психологиялық күш көрсеткен. Қандай да бір психикасын өзгертетін дәрі берген сияқты. Себебі, оның сөздерінен өзім шошып кеттім, – деді Наталья Парфенова Азаттық тілшісіне.

Ал «Қазатомпром» ұлттық компаниясын он жылдай басқарған Мұхтар Жәкішевтің қазір қандай күйде екенін ешкім білмейді.

АДВОКАТТАРҒА БІЛУГЕ БОЛМАЙТЫН ҚҰПИЯНЫ ДЕПУТАТТАР БІЛЕДІ

Мұхтар Жәкішев мамырдың 21-інде тұтқындалған сәттен бастап туыс-жақындары одан мүлдем хабар-ошарсыз отыр. Содан бері Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішева күйеуінің хал-жағдайы туралы хабар білмекке Астанаға осымен екінші рет келіп тұр. Бірақ, өткендегідей, бұл жолы да ол Мұхтар жайлы ештеңе біле алмады.

«Казатомпром» компаниясының тұтқынға алынған бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішева ҰҚК-нің тергеу абақтысы алдында журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 4 маусым 2009 ж.
– Мен оның денсаулығына қатты алаңдаймын. Өзіммен бірге денсаулығының сырқат екенін айғақтайтын құжаттарды алып келдім. Бірақ тергеу абақтысы бұл құжаттарды қабылдамай отыр. Біз қандай мемлекетте өмір сүріп отырмыз? Кеше ғана іс ашық жүреді деп мәлімдеді. Бірақ неге туыстарының олармен көрісуіне мүмкіндік бермейді? Мемлекеттік құпия деген желеумен адвокаттарды тергеу ісіне жібермей отыр. Бірақ сол құжаттарды депутаттарға таратыпты. Сонда адам құқығын қорғайтындарға құпия болады екен де, депутаттарға құпиялығы жоқ па? Мүлдем қисынсыз. Заңды белден басып отыр, – деп ашынады Жәмила Жәкішева.

Күйеулерінің тағдырына алаңдаған қапалы әйелдер маусымның 4-і күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астанадағы тергеу абақтысының алдында бірнеше сағат бойы сарылып тұрды. Бір мезгілде ғимараттан медициналық жедел жәрдем көлігі шықты.

Дәрігердің көмегіне зәру болып жатқан біздің күйеулеріміз болмасына кім кепіл дейді Жәмила Жәкішева. Алайда оның анық-қанығын әйелдер ешкімнен біле алмады.

«ЖӘКІШЕВТІҢ ЗАҢСЫЗ ІСІН ӘШКЕРЕЛЕЙТІН ДЕРЕК БЕРГЕНДЕР ЖҰМЫСТА ҚАЛАДЫ»

«Қазатомпром» компаниясының заң департаментінде жұмыс істейтін Асылхан Дүйсенбек Ұлттық қауіпсіздік комитетінің топ-менеджерлерге тағып отырған айыптары қисынсыз деген пікірде.

– Уран деген өсетін астық емес қой, егіп, өсіріп, шығарып сата салатын. Ал оффшорлы елге шығарып, сатты деу де қисынсыз. Себебі, кез-келген келісім-шарт тек үкіметтің арнайы қаулысымен ғана жүзеге асырылады. Тек сол арқылы ғана шетке шығарылады. Ал ондай құжатсыз мүмкін емес, – дейді Асылхан Дүйсенбек.

Ол сондай-ақ, Мұхтар Жәкішевтің орнына «Қазатомпром» ұлттық компаниясына жаңадан басшы болып келген Владимир Школьниктің компания қызметкерлеріне кімде-кім Мұхтар Жәкішевті қолдап президентке хат жазатын болса, жұмыстан қуылатынын ескерткенін айтты. Сонымен бірге, жаңа басшылық компания қызметкерлерінің арасынан, жасырын жолмен болса да, бұрынғы басшылықтың заңсыз іс-әрекеттері туралы мәліметтерді жеткізетін адамдардың жұмыстан босатылмайтынын құлаққағыс етіпті.

ПРЕЗИДЕНТ НАЗАРБАЕВ ТЕРГЕУ КЕЗІНДЕ ҚАТАҢ ЗАҢДЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ ТАПСЫРДЫ

Мамыр айының 3-і күні Қазақстан президентінің ресми сайтында, Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада елдің бас прокуроры Қайрат Мәмиді қабылдап, «Қазатомпром» кәсіпорнының бұрынғы басшыларына, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты қозғалған қылмыстық істерді тергеу барысында қатаң заңдылықты қамтамасыз етуді тапсырғаны» туралы ақпарат жарияланды.

Ал содан екі күн бұрын, маусымның 1-інде, «Қазатомпром» компаниясының 3 топ-менеджерлерінің бұрынғы басшылары Мұхтар Жәкішевке қарсы берген жауаптарының видеожазбасы ҰҚК-нің Астанадағы бас кеңсесінде арнайы өткізілген баспасөз мәслихатында ақпарат құралдарының назарына ұсынған болатын.

Аталмыш видеожазбада компанияның бұрынғы топ-менеджерлері Малхаз Цоцория, Асқар Қасабеков, Дмитрий Парфенов Мұхтар Жәкішевтің уран кеніштерін талан-таражға салғаны туралы айтады.

Алайда, туыстары олардың жауаптарының шындыққа сәйкес келетіндігіне күмән білдіріп отыр. Олар мұндай «жауаптар» тек қысым көрсету арқылы алынған болуы керек деген пікірде.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Мұхтар Жәкішевті мемлекеттің меншігіндегі уран кеніштерін өз иелігіне өткізіп алып, «қара есеп» жүргізген деп айыптап отыр.
XS
SM
MD
LG