Accessibility links

“Тобыл” “Тоболға” айналды, қазақ тілі жайына қалды


"Тобыл" футбол клубының эмблемасы. Қостанай, 2 маусым, 2009 жыл.
"Тобыл" футбол клубының эмблемасы. Қостанай, 2 маусым, 2009 жыл.

Қостанайдың «Тобыл» футбол командасы биылғы ойын маусымындағы кездесулерге «Тобол» деген атаумен шығып жүр. Әу бастағы қазақ тіліндегі атау көпшілікке түсініксіз болғандықтан өзгертілді деген клуб әкімшілігінің уәжін сынаушылар бұны мемлекеттік тілді менсінбеу деп бағалайды.

«Тобыл» футбол клубының директоры Николай Паниннің айтуынша, «Тобыл» деген сөз көп адамға түсініксіз, ал Тобол десе – барлық ұлт өкілдерінің көңілінен шығады екен.

Бұл пікірді клуб жанкүйерлерінің басшысы Юрий Коломацкий де қостайды.

- Біз бұдан бұрын да ешқашан және еш уақытта «Тобыл» деп ұран салған емеспіз. Біздің айтуымызға «Тобол» дегені әбден қолайлы. Оның үстіне «Тобыл» болғанда команда чемпиондық тұғырға көтеріле алмады, енді оған қол жеткізетін шығар, - деді ол Азаттық тілшісіне.

«Тобыл» командасы «Тобол» деген атпен биылғы сәуірдің 7-сінде Қостанай облыстық әділет басқармасының заңды тіркеуден өткен.

Тобыл деген қазақ тіліндегі транскрипцияны өзгертудің қандай қажеттілігі болды деген Азаттық радиосының сауалына аталмыш басқарманың заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бастығы Қанат Өмірбаев:

«Ол құрылтайшылардың қалауы, біз бар болғаны олардың тілегін орындадық» деумен шектелді.

Алайда клубтың қазақша атауын өзгертумен келіспейтіндердің бірі - «Тобыл» командасының бұрынғы бастығы Болат Ысқақов бұны мемлекеттік тілді менсінбеу деп бағалайды.

Ал жергілікті ақын Серікбай Оспанов өз наразылығын:

«Тобыл» десе сөнетіндей, «Тобол» десе жеңетіндей,
Өзен атын өзгертпесе, біреу зардап шегетіндей,
Тілімізді құндамайды, бұрмалайды, жұлмалайды,
Футболшылар клубына кім айтады «бұл қалайды?» деген өлең жолдарымен білдірді.

Клубтың атауы Қазақстан мен Ресей жері арқылы ағып өтетін, жалпы ұзындығы 1591 шақырым Тобыл өзені атауынан алынған.
XS
SM
MD
LG