Accessibility links

Қырғызстандағы ата-аналар жаңа оқу жылында балаларының қауіпсіздігіне алаңдайды


Тігулі шатыр астында ойнап отырған балалар. Ош, 21 тамыз 2010 жыл.
Тігулі шатыр астында ойнап отырған балалар. Ош, 21 тамыз 2010 жыл.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі қақтығыстан кейін жаңа оқу жылы басталарда аймақтағы әрбір адам қауіпсіздік жағдайына алаңдап отыр. Ата-аналар мектептер балаларды қалыпты өмірге қайта әкелер деп үміттенгенмен, елде әлі де қауіпсіз жағдай толық орнамағанын айтады.


ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ

Биылғы жаңа оқу жылында Қырғызстанның оңтүстігіндегі көптеген ата-аналар тығырыққа тіреліп отыр.

Олар қанды қақтығысты көрген балалары мектепке барса бәрін ұмытып, бұрынғы тұрақты жағдай қалыптасады деп үміттенгенімен, көбісі балаларын мектепке жіберетіндей қауіпсіздік жағдайы қажетті деңгейде емес екенін алға тартады.

Маусымдағы этникааралық қақтығыста өртеніп кеткен мектеп ғимараты. Ош, 26 маусым 2010 жыл.
Ош қаласының 13 жасар тұрғыны Алмаз мектепке баруға асығып жүргенін, достарын сағынғанын айтады. Алайда әке-шешесі оны қыркүйектің бірінде мектепке жіберуге екі ойлы болып отыр.

- Олар «басқа балалар да мектепке бара ма екен, бір айдай күтуіміз керек» деді. Мен сыныптастарымды сағындым, бірге ойнайтын едік. Қырғыз-өзбек аралас 21 досым бар. Мен достарыма телефон шалып, мектепке барасыңдар ма деп сұраған едім, олар әзірге білмейміз деп отыр. Олардың кейбірі Ресейге кетіпті, бір қыз Қызыл-қияға (Баткен облысындағы қала) оқуға кеткен. Келешек деген досым ауылда қалатын болды. Сондықтан бәріміз мектепке баруға аздап қорқып отырмыз», - дейді Алмаз.

ХАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТЫ ҰМЫТА ҚОЙМАДЫ

Ош қаласы мен аймағы қазір тынышталып, жағдай тұрақтана бастады. Соңғы апталарда ешқандай атыс немесе қақтығыс бола қойған жоқ.

Бірақ аймақтағы қауіпсіздікке алаңдаған жұрттың есінен 400-дей адамның өмірін қиған этникалық қақтығыс кете қойған жоқ. Маусым қақтығысынан, көбісі этникалық өзбектер, 400 мыңдай адам үйлерін тастап босып кеткен еді. Қазір этникалық қауымдастықтар әлі де бір-біріне сенбейді. Кездейсоқ қамапты, адам ұрлап кетіпті деген хабарлар мен алып-қашпа сөздер халықтың бітімге
Ош мемлекеттік университеті. 26 тамыз 2010 жыл
келу процесін қиындатып отыр.

Қауіпсіздік жағдайына байланысты бірқатар отбасылар басқа аймақтарға, тіпті Ресейге де көшкен. Ош қаласының 530 мұғалімі жұмыстарын тастап кеткен.

ҚАУІПСІЗДІК ОРНАМАҒАНЫН ӘКІМ ДЕ МОЙЫНДАЙДЫ

Ош әкімі Мелс Мырзакматов қалада қауіпсіздік жағдайы орнамай, үлкен проблема болып отырғанын жасырмайды.

Ол жақында қала мектептерінде қауіпсіздік орнату үшін қосымша 500 полиция қажет екенін атап өткен. Әкімнің сөзіне қарағанда, мектептерге полиция күштерін қоймаса, 2004 жылы Ресейдің Беслан қаласындағы мектепте болған кепілдікке алу оқиғасы сияқты жағдай болуы мүмкін.

Әйтсе де Білім министрлігінің ресми өкілдері мектептердегі балалардың қауіпсіздік жағдайы қамтамасыз етілетін болады деп отыр. Билік өкілдері халықтың сенімін тудырып, балаларды оқудан қалдырмау үшін «Мектепке қош келдіңіз» деген науқан жүргізгендерін айтады.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі аймақтарда балаларды мектепке апарып-әкелетін автобустар болады. Сонымен қоса, білім министрлігі ата-аналардың өздері де балаларын қадағалап, ең болмаса алғашқы екі апта оларды көлікке отырғызып, қарсы алуы керек дегенді айтып отыр.

Ош облысы білім департаментінің басшысы Абдібали Балтабаев қауіпсіздікті қамтамасыз ету биліктің басым бағыты екенін атап өтті:
Маусым айында болған этникааралық қақтығыста зардап шеккен балаларға психологиялық жәрдем беруге арналған орталықта. Ош, 17 тамыз 2010 жыл.


- Біздің мектептеріміз дайын: қауіпсіздік мәселесін көтеріп, әрбір мектепке 3-4 полициядан сұрап отырмыз. Онымен қоса біз балаларды таситын он бағыт бойынша 35 автобус сұрадық. Бұл мәселе 1 қыркүйекке дейін шешіліп қалады, - деді.

226 МЫҢ ОҚУШЫ МЕКТЕПКЕ КЕЛЕДІ ДЕГЕН ҮМІТ БАР

Ош қаласында қырғыз тіліндегі 14 мектеп, өзбек тілді 22 мектеп және 9 орыс тілді мектеп бар. Қалған 12-сі - аралас мектептер. Билік өкілдері ата-аналарды, әсіресе қырғыз бен өзбек балалары баратын аралас мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін топқа қатысуға шақырып отыр.

Қырғызстанның оңтүстігіндегі жоғары оқу орындары жаңа оқу жылын қазан айының ортасында ғана бастайтын болды. Университет студенттері балаларды қорғау жөніндегі арнайы қауіпсіздік тобына жұмыс істеуге шақырылған.

Өзбек тілінде білім беретін мектеп шәкірттерінің салған суреттері. Ош, 24 шілде 2010 жыл.
Ош облысында екі мектеп маусым қақтығысы кезінде өртеніп кеткен. Қалған мектептер жартылай талқандалған.

Ош аймағының билігі жаз айларында 57 мектеп толығымен жөндеуден өтті дейді. Бірақ Хамза мектебі әлі жабық тұр, оның 500 оқушысына осы маңдағы мектептерге барыңдар деген.

Сонымен қоса БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры сияқты халықаралық ұйымдар Қырғызстанға қолдау танытып, елдің оңтүстігіндегі білім жүйесін қалпына келтуге күш салып жатыр.

Оштағы білім департаменті қыркүйектің 1-інде облыстағы 226 мың оқушы мектеп табалдырығын аттайды деп отырғандарын айтты.

МЕКТЕПКЕ КИІП БАРАР КИІМІ ЖОҚ

Алайда кейбір ата-аналар балаларын мектепке беру-бермеу мәселесіне келгенде әлі де екі ойлы боп отыр.

Ош тұрғыны, этникалық өзбек Мамлакат Патидонова өзімен қоса бірнеше өзбек отбасы қауіпсіздігі қамтамасыз етілсе де, балаларын мектепке жібере алмайтындарын айтады. Олар маусым қақтығысынан кейін барлығынан айрылып, мектепке киетін балалар киімі мен қажеті құрал-жабдықтарын алуға қаражаттары жоқ екенін алға тартады.

- Мен баламды мектепке жібере алмаймын. Оған басты себеп - қаржы мәселесі. Біздің үйіміз түк қалмай өртеніп кеткен. Қазір баламызға киім не басқа заттар сатып алатын жағдайда емеспіз, - дейді Мамлакат Патидонова.

Өзбек аналардың бірі Гулноза Каримова да қауіпсіздік мәселесі мен ақшаның жоқтығынан балалары мектепке бара алмай қалуы мүмкін екендігін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG