Accessibility links

Қазақтар Отанында өздерін неге өгей сезінеді?


Қазақстанда өзге елдерге көшіп кеткісі келетін адамдардың қатары көбеюде. Мұндай көңіл- күй ауқатты адамдар мен тапшы мамандықты меңгерген білікті жандар арасында жиі кездеседі екен.

«Сіз әлемнің кез-келген еліне барып, сонда тұрақты тұрғыңыз келе ме? Егер сіздің орташа табысыңыз болса, онда бұл сауалға басыңызды изеп, келісім білдіруіңіз әбден мүмкін».

Дәл осы сұрақ бойынша Американың Гэллоп институты дүниежүзінің 82 елінде қоғамдық сауалнама жүргізіпті. 2006-2008 жылдар аралығында жүргізілген сауалнамаға шамамен әр елден мың адамнан қатысқан.

Сауалнаманың кейбір нәтижелері таңданарлық қорытынды көрсеткен. Мәселен, мигранттардың негізгі бөлігі көшкісі келетін бес елдің қатарына кіретін Ұлыбритания мен Германияны алсақ, бұл елдерде сауалнамаға қатысқандардың 27 пайызы өзге елдерге көшуді армандайтынын білдірген.

Франция – әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бірі. Бірақ, осы елдің тұрғындарының 17 пайызы өзге елдерге кетуге даяр. Ең ауқаттылары мен ең кедейлерінің табысында елеулі айырмашылық бар Ресейдің де осынша тұрғыны басқа елге тұрақты қоныс аударуды армандайды.

Постсоветтік елдердегі сауалнаманың қорытындысы сәл басқашалау. Мысалы, Молдовада 34 пайыз, Әзірбайжанда 28 пайыз, Грузияда 26 пайыз, Украинада 25 пайыз, Арменияда 23 пайыз тұрғылықты халық елден кетуге қарсы емес. Беларусь пен Қырғызстанның 20 пайыздай тұрғыны азаматтық басыбайлылығын дәл бүгін-ақ ауыстыруға әзір екенін айтқан.

Гэллоп институтының Қазақстанда жүргізген сауалнамасының қорытындысы бойынша, республика азаматтарының 13 пайызы елден кетуді қалайды екен. Бірақ, бұл елде қаржылық-экономикалық дағдарыс тереңдемей тұрғандағы көрсеткіш екенін ескеру керек. Гэллоп институты сауалнамасының қорытындысы 2008 жылдың маусым айында жарияланған болатын.

Қазақстанда дағдарыс құбылыстары тереңдеген уақытта басқа елдерге тұрақты қоныс аударуға ниеттілер саны көбейе түсуде, бірақ бөтен елге көшкісі келетін француздар мен ағылшындарға қарағанда қазақстандықтардың себептері басқаша. Азаттық радиосына жауап беруге келіскендердің сөздері бұны дәлелдей түседі.

Осы мақаланы жазуға Алматыдан қысқа мерзімді демалысқа Прагаға келген банк қызметкерімен арадағы әңгіме себеп болды. Азаттық радиосының тілшісімен әңгімеде ол «көптеген қазақтардың елде қиындық сезініп жүргенін, Қазақстанның Отан-ана емес, өгей- ана секілденіп бара жатқанын, сол себепті, туған жерінде өмір кешу қазақтардың өзіне де қолайсыз болып бара жатқанын» мәлімдеді.

Айлық табысы 2 мың АҚШ долларынан астам, Еуропада демалуға мүмкіндігі бар, тасы өрге домалап тұрған бұл қызметкердің айтуынша, әлгіндей қолайсыздықты сезініп отырғандар, негізінен, жоғарғы білімді, өз саласында тәжірибелері жеткілікті, тұрақты және жалақысы жоғары жұмысы бар мамандар екен. Банк қызметкері ертеңгі күніне деген сенімсіздіктен Еуропа елдерінің біріне қоныс аударсам деген өзінің де ойы барын жасырған жоқ.

«Ақ ауыл» құрылыс компаниясының алданған үлескерлерінің бастамашыл тобының жетекшісі Амангелді Шорманбаев Қазақстандағы қазақтар арасында осындай тұнжыр көңіл күйдің барын растады.

«Мұнда да бір ащы шындық бар. Мысалға, қазақты алайық, ол үшін не маңызды? Оның өмір сүріп отырған ортасы, Отаны саналатын – Қазақстан деп аталатын мемлекет.

Бірақ, сол елде адам өзінің барлық – рухани, экономикалық, әлеуметтік – сұраныстарын қанағаттандыру мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр ма? Мысалы, әлеуметтік-экономикалық даму бағытына қатысты, ұлттық тілдің, мәдениеттің, өнердің дамуы сияқты мәселелерде әрбір Қазақстан азаматының, соның ішінде қазақтың да қорғалуы тиіс барлық құқықтары бар.

Бірақ ол күн сайын мемлекеттің даму векторының бағыты айқын емес екеніне көз жеткізеді. Және ол осындағы азаматтардың өз еліндегі басқа азаматтардың әдеттегі иеліктерімен бірдей иелігі бар екенін көре де, сезіне де алмайды.

Ол Конституция бойынша мемлекеттік деп саналатын ана тілінің еленбейтінінің және ұлттық мәдениет пен өнердің кемсітушілігінің куәсі болады. Сондықтан да оның санасында өз елінде емес, өзге елде өмір сүріп отырғандай сезім еріксіз бас көтереді».

Амангелді Шорманбаевпен әңгіме барысында оның да Қазақстаннан кетпекші ниеті болғаны аңғарылды. Азаттық тілшісімен телефон арқылы тілдескен ол былай деді:

— Менің мұндай көңіл күйде жүргенім рас. Шынымды айтсам, мына бір үлескерлік құрылыстың мәселесін шешіп, ақшамды қайтарып алсам, қайда баратынымды да белгілеп қойдым. Өзімнің заңгерлік мамандығым бойынша шетелде білімімді жалғастырып, сол жақта жұмыс істеп қалғым келеді. Өйткені, Қазақстанда бірдеңе білетін заңгерге дұрыс жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндік берілмейді. Мысалы, сотқа барсаң, сенің білімің мен тәжірибеңді ешкім керек қылмайды. Істің бәрін жоғарғы жақтағы байланыстар мен төлеген пара шешеді. Ал заңгер ретінде өзіңнің кәсіби мүмкіндігіңді іске асыруға жағдай жоқ.

Өз аты-жөнін атамауды өтінген шағын бизнес өкілдерінің бірі, алматылық кәсіпкер, орташа табысы бар адамдар арасындағы көңіл- күйдің кенет құбылуының себебін олардың жоғарғы биліктің өзгеруін күтуінен көреді.

«Көбісі жоғарғы жақтағы өзгерістерден қауіптеніп отыр деп ойлаймын. Мұны бәрі тізелері дірілдеп күтіп отыр. Егер билік шыңында өзгерістер болатын болса, онда бұл меншік бөлісуіне алып келеді. Дұрыс па?

Сондықтан, жоғары шенді шенеуніктер әлдеқандай заман бола қалса елден кетіп паналар «қосалқы аэродром» есебінде шетелдерден жылжымайтын мүліктер алып қоюға ұмтылуда. Егер бұл жерде, Қазақстанда бизнесі жолға қойылған болса, уайымсыз өмір сүру үшін ол жақтан да жеке бизнесін қамдап алмақ.

Ашығын айтқанда, қазіргі саяси режимде барлық шендегі мемлекеттік қызметкерлер де, «Самұрық-Қазына», «Қазақтелеком» сияқты мемлекеттік холдингтер мен қорлардың, ұлттық компаниялардың басшылары да өздерін уақытша сезініп, соған сай әрекет етуде. Уақыт барда қарпып қалу, жеп қалу, яғни қара басының байлығынан басқа уайымы жоқ олардың. Бұл жайт көзге көрініп-ақ тұр.

Олардың қарапайым адамдардың қазіргі жағдайына да, сондай-ақ «Папаның» немесе «Нөл біріншінің» (әдетте президентті сыртынан осылай атайды) таусылмайтын алдамшы тапсырмаларына да түкіргені бар. Ал Ақордада оған «Жетер!» деп айтуға қорқады. Өйткені, олардың өздері де күнәдан пәк емес, елдің ресурстарын болмашыға сатып пайда тапты, тауып та келеді.

Сондықтан, билікте отырғандардың бәрі күрт өзгерістен қорқады деп есептеймін. Қазақстанда, ашығын айтқанда, монархиялық билік қой. Ал біздің «папамыз», (биліктегі жағымпаздар айтатындай) біздің «патшамыз» мәңгілік емес. Мысалды алыстан іздеп керегі жоқ – Түркіменстанда не болғаны бәріне белгілі.

Және егер жоғарыда бірдеңе бола қалса, елде қандай меншік бөлісу басталатынын елестету қиын емес. Сондықтан да бәрі, әсіресе ортаңғы тап пен одан сәл жоғарыдағылар осы бөлістің ортасына түсіп қалудан қорқады".

Атын атамауды өтінген алматылық архитектор өнер қайраткерлерін шарпыған түңілушілікті айта келіп, Қазақстанда «кәсіби мамандардың заманы емес» деген ойын айтады. Оның пікірінше, бұл – елдегі кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың көңіл- күйіне кері әсерін тигізіп отырған маңызды себеп.

«Бұл деген қарапайым ғой! Біріншіден, мұндай көңіл- күй Қазақстандағы зиялылардың арасын кезіп жүр, әсіресе өнер саласында. Егер олар өз саласының жетік мамандары болса, олардың талаптары да соғұрлым жоғары. Бірақ, қазір бізде, өкінішке қарай, біліксіздердің заманы болып тұр ғой.

Қазақстанда өнердің барлық саласына біліксіздер «тұмсығын тығуда». Оларды және өнердегі осындай шалағайлардың мүддесін ашық немесе жасырын қорғаушы мемлекеттік шенеуніктерді қызметтің немесе нәтиженің сапасы еш алаңдатпайды. Мейлі, ол «Көшпенділер» сияқты кино жобасы болсын, мейлі қандай да бір идеологиялық маңызы бар архитектуралық кешен болсын.

Ең бастысы, бұл жерде біреудің пайда табуы, әлдекімдер өзінің танысын, досын, ағасын, құдасын дегендей «кіргізіп жібереді». Және ол өз ісінің маманы ма, жоқ па – ол еш маңызды емес.

Бір сөзбен айтқанда, қазір Қазақстанда кәсіби мамандардың заманы емес. Мысалға, біздің саламызға немесе өнердің басқа саласына неліктен көңіл толмайды? Өйткені, олардың талабы қанағанттандырылмайды, оларды бағаламайды, әсіресе, қазіргідей қиын дағдарыс кезінде.

Қазір бізге жоғары мәдениет пен өнер керек емес. Бізге керегі – бірдеңе қылып қарынды қампайту немесе «нан болса, ән де боладының» кері.

Өнердің асқан шеберлері мен кәсіби мамандары өнер саласындағы шенеуніктердің деңгейі төмен «талаптарын» қанағаттандыру үшін сол деңгейге түскілері келмейді.

Олар талаптары орындалмағанымен, өздерінің мүмкіндіктерін, идеялары мен таланттарын қалай болса да жүзеге асырулары керек емес пе? Мәселен, Еуропада, Америкада өнерді түсінеді және жоғары бағалайды. Олар мүмкін көп ақша таппайтын шығар, бірақ олардың өз істерімен айналысуларына мүмкіндіктері бар».

«Ақ ауыл» құрылыс компаниясының алданған үлескерлерінің бастамашыл тобының жетекшісі әрі заңгер Амангелді Шорманбаевтың айтуынша, тіпті шенеуніктердің арасында да өзге елдерге тұрақты қоныс аударғысы келетіндер аз емес екен.

– Жалпы алғанда мұндай адамдар бар, бірақ мен олардың нақты аты-жөндерін атай алмаймын. Өйткені, олар мемлекеттік қызметте отыр. Мен осындай шенеуніктің біреуін білемін, бірақ ол өте сақ адам, сіздермен бұл тақырыпта сөйлеспейді.

Бірақ екеуара әңгімеде өзімнің не істейін деп жүргенімді айтқанымда ол: «мені хабарсыз қалдырма, егер сенің жолың болса, мен де сенімен кетіп қаламын» дегенді айтты.

Бұл шенеунік кімге жұмыс істеп жүргені белгісіз екендігін, күні ертең бастық ауысса, өзінің далада қалатынын айтып мазасызданады. Және ол адам қатардағы біреу емес – Астанадағы орталық органның жоғарғы дәрежелі қызметкері. Солай бола тұрса да, ол ертеңгі күніне сенімсіз. Ал Астанадағы және жергілікті жерлердегі мыңдаған қатардағы шенеуніктер ше, олар өздерін қалай сезінулері керек? – дейді А.Шорманбаев.

Астанадағы билік шыңында отырғандардың арасында мұндай көңіл- күйдің болу себебін «Шаңырақ» оппозициялық қоғамдық қозғалысының жетекшісі Асылбек Қожахметов төмендегіше түсіндіреді:

«Мұндай көңіл - күй, әрине, түсінікті. Қазір адамның білімі мен қарым-қабілетін есепке алатын жүйе қалыпқа түспеген. Бүгінгі біздің жүйеде жемқорлық басым болып отыр.

Қазір бізде азаматтық қоғам да жоқ, билікте де әртүрлі идеологияны жақтайтын түрлі саяси күштер емес, керісінше, бірін- бірі «сыныптас немесе курстас» ұстанымымен, тіпті туыстық, таныстық принципімен қолдайтын әртүрлі топ жиналған.

Және мұндай топқа кірмейтін, басқалардан өзінің кәсіби деңгейі жоғары екенін білетін, бірақ не мансабы, не болашағы жоқ адамдар басқа елге кетуді ойлай бастайды».

Өз ақшаларына балаларын шетелде оқытып жатқан табысы орташа адамдарға қатысты пікір айтқан алматылық кәсіпкер балаларын білім алып болғасын Қазақстанға қайт деп, қыстамайтынын жасырған жоқ.

Бұған қоса ол балаларын шетелде оқытып отырған өзінің таныстары мен достарының да балаларының Қазақстанға қайтып келгенін қаламайтындықтарын айтты. Мұндай құбылыстың себебін екі баланың әкесі былай түсіндіреді:

«Білгір адамдар елдегі барлық жүйе бір адамның ғана мүддесіне орай құрылған немесе билікте елдің ресурстарын өз пайдасына жұмсайтын «таңдаулы ғана топ» отырған кезде өз балаларының елдің игілігіне емес, билігі барға қызмет қылатынын біледі.

Олардың болашағы, мансабы, қызметі білімі мен талантына емес, кім екеніне байланысты. Яғни, олар «бірінші» және «екінші» сортты адамдардың аражігін анық түсінген. Сондай-ақ, бүкіл ел қызмет ететін «бірінші» сортты адамның кім екенін де, ал қалғандардың «екінші» сортқа жататынын да біледі».

Сондықтан да ата-аналар өз балаларының білімін елдің бәрін жекешелендіріп алған жабық түрдегі қуатты корпорация құрайтын шағын топқа қызмет етуге жұмсағанын қаламайды. Ата-аналар қаламағандықтан да осылай болады.

Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай да нашарлай түсуде. Азаттық радиосына сұхбат берген алматылық «Мегаполис» газеті бас редакторының орынбасары Сергей Туник Қазақстанда Балтық елдері мен Шығыс Еуропаның кейбір елдеріндегі сияқты жаппай қарсылық акциялары болуы мүмкін екенін айтады.

Сондай-ақ, Сергей Туник президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа жылдың алдында 2008 жылы Қазақстанда жұмыссыздық азайды деген пікірімен келіспейді.

«Түгі де жоқ! Ресми статистика бойынша жұмыссыздық деңгейі 7 пайызды құрайды, ал шын мәнінде өте көп. Өйткені, кәсіпорындардың көбі жабылды. Өткенде ғана Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әрқайсысында мыңнан аса адам жұмыс істейтін 25 кәсіпорынның жабылғанын хабарлады.

Осылайша, қазірдің өзінде жұмыссыздар саны 27 мың болып отыр. Қанша адамның ақысыз еңбек демалысында екені және бұл демалыстардың екі-үш ай ма, жарты жыл ма, әлі қаншаға созылары белгісіз. Шағын кәсіпорындар жұмыс істеп жатқан жоқ, орташалары да қысқаруда. Сондықтан мен 7 пайыз деген ресми санды өтірік деп ойлаймын.

Сондай-ақ, Балтық елдері мен Еуропаның кей елдерінде болып жатқан жағдайлар жақын арада Қазақстанда да болады деп ойлаймын. Ішкі істер министрлігінде ресми тіркелген қылмыстың саны (яғни тек қана тонау) жұмыссыздықтың өсуінің көрсеткіші.

Ауылдардағы жағдай тіпті масқара! Мал ұрлығының көбейіп отырғанын полицейлер де жоққа шығармайды», – дейді Сергей Туник.

Дегенмен журналист Сергей Туник қазіргі экономикалық дағдарыстың тиімді тұстарын да атады:

«Егер жұмыс орнында өз қызметін атқара алмайтын адам болса, ол жұмыстан босатылуы керек. Қазір жұмысқа бастықтардың ұлын, қызын, жиендерін алмайды. Ақырында бұл іс жүзеге аса бастады. Әрине, кеш, бірақ әйтеуір басталды ғой, мұны бір деңіз.

Екіншіден, мен үкіметте жұмыс істеген адам ретінде ол жерден қазір «жиендердің» кетіп қалғанын анық білемін. Ол жақта мұндай «қызметкерлер» қалған жоқ, қазір барлық жерде қысқарту жүріп жатыр. Жеке фирмалар мен мемлекеттік құрылымдарда да осындай үдеріс орын алуда, өйткені ақша жоқ.

Әрине, «Қазмұнайгаз», «Қазақтелеком», «Қазақстан темір жолы» сияқты ұлттық компаниялардағы қызмет орындары «өз адамдары», яғни шағын топтар үшін ғана қалған. Олар тек өз адамдары ғана жұмыс істейтін әулеттік компаниялар болып қалуда. Бұл бұрыннан белгілі жайт».

Ал «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асылбек Қожахметов экономикадағы қиындыққа да, тұрмыстың ауырлығына да қарамастан елден кетпеу керек деп есептейді.

Асылбек Қожахметов елдегі жағдайды бірлесіп өзгертуге шақырады:

— Бұл туралы сыбырлап, Прагаға немесе басқа бір жаққа барып алып, жасырынып айтпау керек шығар. Бұл туралы осы елде отырып, айқай салып айту керек деп есептеймін. Мұндай мәселені көтеру үшін шенеуніктер бірігуі керек шығар. Мен мұндай адамдарды түсінбеймін және ешкімді бөлмеймін. Иә, әрине, біздегі жағдай қиын, оңға баспай тұр. Бірақ, егер сіз өзіңізге, өз біліміңізге сенсеңіз, онда елдегі жағдайды бірлесіп өзгертейік!

Асылбек Қожахметов азаматтарға кетудің орнына өз құқын қорғау үшін бірлесіп күресуді ұсынады.

— Менің ойымша, елден кету тығырықтан шығар жол емес. Егер сіз өз орныңыз осы жерде, Қазақстанда деп есептесеңіз, егер біреу сіздің құқыңызға қол сұқса, онда жақтастар іздеп тауып неге бірікпеске, неге өз құқымызды қорғап, заңдық мүмкіндіктерімізді пайдаланбасқа?! – дейді ол.
XS
SM
MD
LG