Accessibility links

«Нұрбанктің» Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы басшысына іздеу жарияланды


«Нұрбанк» акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы. 18 қазан 2010 жыл.
«Нұрбанк» акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалы. 18 қазан 2010 жыл.

Жарты миллиардтан астам теңге жымқырған деген күдікпен «Нұрбанктің» Шымкенттегі филиалының директорына іздеу жарияланғаны туралы ақпаратты полиция растады. Банкирдің отбасымен бірге қазір қайда екендігі белгісіз. «Нұрбанк» басшылығы әзір бұған қатысты ешқандай түсінік бермей отыр.




«Нұрбанк» басшылығының Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне жолдаған ресми хатының негізінде, соңғы екі жылдан бері осы банктың Шымкенттегі филиалының директоры болып жұмыс істеген Асқар Көшербаевтың үстінен «өте көп мөлшерде ақша жымқырған» деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болып отыр.

ЖАРТЫ МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ

«Нұрбанк» филиалының ОҚО ішкі істер департаментіне жолдаған ресми хатында банктен 535 миллион теңгенің [3 миллион 600 мың АҚШ доллары шамасында] жоғалғаны жайлы және қазан айының бас кезінен банк филиалының директоры Асқар Көшербаевтың із-түссіз кеткені туралы жазылған. Осы хатты негізге алған полиция «өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін жымқырған» деген күдікпен банкирдің үстінен қылмыстық іс қозғаған.

– Банк басшылығы тарапынан келген хат негізінде, қазанның 8-і күні ол азаматтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 176-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір ол азаматқа іздеу жарияланды. Заң талаптарына сәйкес, ол үш ай бойы республика аумағында іздестіріледі. Егер бұл уақытта ел аумағынан табылмаса іздеу шаралары алыс-жақын шетелдерде жалғасады, – деді ОҚО ІІД баспасөз-қызметінің бастығы Салтанат Қаракөзова Азаттық тілшісіне.

Қылмыстық кодекстің бұл бабы бойынша жауапқа тартылған адамды 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған. Полицияның хабарлауынша, күдіктіні қамауға алу жөнінде сырттай санкция берілген екен. Қылмыстық істі ОҚО ІІД бастығы қатаң бақылауға алғаны айтылып отыр.

«НҰРБАНК» БАСШЫЛЫҒЫ ӘЗІР ҮНСІЗ

«Нұрбанктің» Шымкент қаласында орналасқан облыстық филиалының басшылығы бұл оқиғаны жоққа шығармағанымен, оған байланысты сұқбат беруден бас тартты.

Дүйсенбі күні Азаттық тілшісіне банктің қауіпсіздік басқармасы арқылы берген жауабында, филиал директорының орынбасары Гүлназ Ахметова бұл мәселе бойынша түсініктеме бере алмайтынын айтып, «Нұрбанктің» Алматы қаласындағы бас кеңсесіне сілтеді.

Қазанның 19-ы күні Азаттық тілшісінің сауалына Алматыдағы «Нұрбанк» акционерлік қоғамы баспасөз хатшысы Әйгерім Байжұманова «бұл мәселеге байланысты банк басшылығы кейінірек жауап беретінін» айтумен шектелді.

Қазір қайда екендігі белгісіз банкирдің Шымкенттегі пәтерінің және өзге телефондары жауап бермей тұр. Іздеу жарияланып отырған банкирдің Қазақстан аумағынан шығып кеткені туралы айтылып жатқан ақпараттарға қатысты полиция тергеу құпиясына сілтеме жасап, әзір ештеме айтпай отыр.

ЖОҒАЛҒАН МЕНЕДЖЕРЛЕР

Қазақстандағы екінші деңгейлі коммерциялық банктердің бірі – «Нұрбанк» акционерлік қоғамының топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің 2007 жылы қаңтарда із-түссіз жоғалуы осы банкке қатысты ең шулы оқиғаның бірі болды.

Ол екі адамның тағдыры туралы әлі күнге еш дерек жоқ. Бұл шым-шытырық іс Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің арасы ашылған соң сотқа дейін жетіп, Қазақстан соты шетелге бас сауғалаған Рахат Әлиевті бірнеше ауыр қылмыстар жасаған, соның ішінде, банкирлерді ұрлаған деп тауып, оны сырттай 20 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Осы іске қатысты ондаған адам жазаға тартылды. Кейіннен Ақмола гарнизоны әскери соты Рахат Әлиевті «билікті күшпен басып алмақ болған» деген айыппен тағы 20 жылға сырттай соттады.

Баспасөзге берген сұхбаттарында Рахат Әлиев «Нұрбанк» менеджерлерінің жоғалуына өзінің қатысы жоқ екендігін айтумен келеді.

Қазақстан қор биржасының сайтындағы деректер бойынша, 2010 жылғы мамырдың 14-іне дейін «Нұрбанк» акционерлік қоғамының барлық акцияларының 50,69 пайызы Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның және 5,98 пайызы Нұрәлі Әлиевтің меншігінде болып келген. Ал мамыр айының ортасынан бері банк акцияларының 70,52 пайызы Софья Сәрсенованың иелігінде.

Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және қадағалау жөніндегі агенттіктің деректеріне сүйенсек, Nurgroup қаржы тобының құрамына енетін «Нұрбанк» акционерлік қоғамы актив көлемі бойынша Қазақстандағы екінші деңгейлік коммерциялық банктердің арасында сегізінші орында тұр.
XS
SM
MD
LG