Accessibility links

«Нұрлы көш» оралмандардың үмітін ақтай ала ма?


«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 3 жылда Қазақстанға шетелден 300 мың адамды көшіріп алу жоспарланған.

Жақында Шымкент қаласында «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша «Асар» ұлттық әлеуметтік корпорациясы 69 үйдің құрылысын аяқтап, қоныс тойын жасады. Бұл үйлерге өзбекстандық оралмандар ие болды.

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша баспаналы болған оралмандар «Тұрғын үй жинақ» банкі арқылы 4%-дық несиемен, бұл үйлердің құнын 15 жылда өтеп шығуы тиіс. «Асар» шағын ауданында тұрғызылған үйлердің жанында жылыжай қоса салынған. Бұл
оралмандарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатынан туындап отыр. Осы жылыжайларда көкөніс өсіріп, оны саудалау жоспарланған.

Жалпы, шеттегі, соның ішінде ТМД елдеріндегі қазақтардың өкілдері Азаттық радиосына берген сұхбатында осы «Нұрлы көш» бағдарламасына арқа сүйейтіндіктерін айтқан еді. Бағдарлама – 2010-2012 жылдары жүзеге асырылмақ. Биыл Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында бұл жоба тәжірибеден өтпек. Шымкенттегі «Асар» шағын ауданындағы 69 үйдің пайдаға берілуі осының айғағы.

БҰЛ ОРАЛМАНДАРҒА ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН ҮЛКЕН КӨМЕК

Шымкенттегі «Оңтүстік» Ұлттық әлеуметтік кәсіптік корпорациясы төрағасының орынбасары Бердібек Жаңабаев «Нұрлы көш» бағдарламасының оралмандарға арналған ірі көмек екенін айтады:

– Биылғы жылы 575 коттедж салу үшін 3,5 миллиард теңге бөлінген, ал коммуникация үшін 751 миллион қаралған. Үш жылдың ішінде 1725 коттедж салынады. Қазір 340 үйде жұмыс жүрілуде. 340 оралманмен келісім шартқа отырғанбыз. Ол кісілердің есеп-шотына 1 миллиард 170 миллион теңге аударылған. Мұнда салынған коттедждер екі типті. Бірі – 101 шаршы метр болса, екіншісі – 166 шаршы метр. Әрбір салынып жатқан үйлердің бір шаршы метрі 368 долларға тең. Яғни, бір коттедждің құны тиісінше – 37 мың және 62 мың долларды құрап отыр.

Бүркіт ұстаған жігіт. Алматы, 22 наурыз 2009 жыл.
Сондай-ақ, жылыжай 8200 долларға бағаланған. Ал, одан жылына 12000 доллар пайда табады деген болжам бар. Әрі бес жыл бойына олар банкіге ешқандай қаржы төлемейтін болады. Бес жылдан кейін ғана 4,5 пайыз өсімін төлей бастайды. Оралмандар осы құрылыс жұмыстарына өздері қатысып, жұмыспен қамтамасыз етілген. Қазір «Ақ ордасы» атты құрылыста Өзбекстанның Субхандария және Сырдария облыстарынан келген қазақтар жұмыс істеуде, - дейді ол.

Оралмандардың «Бастама» қоғамдық бірлестігінің төрағасының орынбасары Рахым Айып бағдарламаның тиімділігі ретінде оралмандарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін кешенді түрде қарастырып отырғандығында дейді.

– Бұрын оралмандарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі стихиялы жүргізіліп келген болса, енді ол кешенді түрде қолға алына бастады. Әуелі оралмандарды бір жерге шоғырландырып орналастырмас бұрын, оның экономикалық-техникалық негіздемелерін анықтап алатын болады. Сондай-ақ, бұрын оралмандары ауылды жерлерге қоныстандыруды көбірек көздейтін болса, бұл бағдарлама бойынша, ұлттық және аймақтық тіректі қалалардың маңына орналастыру көзделген, – деген ол бұл бағдарламаның толықтай дерлік жүзеге асатындығына күмәнді.

– Өйткені, бізде көптеген бағдарламалар қабылданды. Алайда, соның аяғына дейін жеткені жоқ. Мысалы, кезінде ауылды жерлерді көркейту мақсатында 167 миллиард теңге бөлінгені белгілі. Бірақ, сол қаржының сайда саны, құмда ізі қалмады. Берген нәтижесі қайсы? Бұл бағдарламаны кім бақылайды? Мәселе осында, - деген ойын білдірді.

БАНККЕ ТӘУЕЛДІ ЕТУДІҢ АМАЛЫ

Азаттық радиосына сұхбат берушілердің арасында бағдарламаның өзіне күмәнмен қарайтындар табылып жатты. Біз сауал қойған оралмандар арасында банкіден 4,5% өсіммен қарыз алудың өзінен қорқатындар кездесті.

– Менің аздап экономикадан хабарым бар. Үкімет егер сізге 4,5% көлемінде қарыз берсе, оған банкі тәуекелділігі, сыйақысы, тағы да бір қосымшалары қосылып, бұл өсімақы 4,5% емес, 20%-ға жетіп жығылады. Демек, бұл оралмандарды өмір бойы банкіге тәуелді етудің амалы. Одан да бізге 10 сотық жер берсін, әрі қарай баспанамызды өзіміз тұрғызып аламыз, – дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан экономист.

Жасарал Қуанышәлин, «Жаса Азаттық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Алматы, 13 шілде 2009 жыл.
«Жаса, Азаттық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Жасарал Қуанышәлин де бұл бағдарлама қазақты банкіге тәуелді етеді деген пікірде.

– «Нұрлы көш» қазіргі билікте дайындалып жатқан басқа да құжаттары секілді шикі, біріншіден. Екіншіден, онда халықтың мүддесі ескеріліп отырған жоқ.

Өйткені, халықтың заңдық сауаты шамалы. Заңгерлермен ақылдаса бермейді. Сол тұрғыдан алғанда, олар банкіге қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалуы мүмкін.

Одан да Конституция бойынша, әрбір адамға тиесілі 10 сотық жерін беретін болса, олар өз күнін өзі көріп кетер еді. Бұл «Нұрлы көште» ескерілмеген, - дейді ол.

Экономист Т.Рысқұлов атындағы Экономика университетінің Банкі ісі кафедрасының доценті Ильяс Есаев Үкімет ұсынған жеңіл несиелерге Банкінің үстеме ақысы қосылып кетеді де, ең соңғы алушының үстеме пайызы өсіп шыға келетіні анық дей отырып:

– «Тұрғын үй» жинақ банкі мемлекеттік банк. Оның өзіндік ережелері бар. Бұл банкіден несие алуға үміткерлер алдын ала бірнеше жылдар бойы өз есеп-шотына ақшасын жинай береді. Бұл қаржының өзіндік өсімі бар. Оның жинақ банкіндегі ақшасы белгілі бір деңгейге жеткеннен кейін, оған үкімет өзінің аударатынын аударады. Сөйтіп, бұл тәртіп бойынша, банк 4 пайыздық үстемемен қарыз бере алады, – дейді.

ТҰРҒЫЗЫЛҒАН БАСПАНА КӨҢІЛДЕН ШЫҚПАЙ ЖАТЫР


Алматының іргесіндегі Байбесік ауылын оралмандар тұрғызған. Осы жобаның жетекшісі, оралмандардың Республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Қайрат Бодауханұлы жер берудің тиімді және тиімсіз жақтары бар екенін айтады:

– Оралмандарға жер берген абзал. Алайда, Астана, Алматы секілді ірі қалаларда, облыс орталықтарында өз қолдарымен үй салып алу қиынға түседі. Оның инфрақұрылымдарын олар өз мойнына ала алмайды. Мысалы, Байбесікте үй салған оралмандардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі болғаны себептен, олардың өз қолымен тұрғызған үйлері қаланың сәулетіне нұқсан келтіріп тұр. Ал, ауылды жерлерде мұның жөні бөлек, - деген ол «Нұрлы көш» бағдарламасындағы жеңілдетілген несие жүйесінің қарастырылғандығы оң іс екендігін айтады.

– Бірақ, «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің барлығы бірдей Шымкенттегі «Асар» шағын ауданындағы үйлер секілді талапқа сай емес. Мәселен, жақында Астана қаласында осы бағдарламаға орай, халықаралық конференция болып өтті. Сонда қатысқан азаматтар Ақмола облысында салынып жатқан үйлердің сын көтермейтіндігі жайында шағым айтты. «Мердігерлер тендерде
«Нұрлы көш» бағдарламасында жетілдіре түсетін тұстары көп. Бұл бағдарламаға оралмандардың өздері араласып, бөлінген қаржыға өздері басшылық етсе дұрыс болар еді.
жеңіп алып шаршы метрі 270 доллар тұратын үй тұрғызуға кіріскен екен. Салған үйлері бұл талапқа сай келмейді» дейді олар.

Демек, «Нұрлы көш» бағдарламасында жетілдіре түсетін тұстары көп. Бұл бағдарламаға оралмандардың өздері араласып, бөлінген қаржыға өздері басшылық етсе дұрыс болар еді. Әйтпесе, тұрғызылған үй көңілдерінен шықпаса, ол үшін қыруар қаржыны банкіге төлесе, әрине, оралмандардың бұған көңілі толмайды. Бәлкім, бұл үйлер жылға толмай жатып, құлап қалатын шығар, оған ешкім жауап бермейді, - деген ол, Астанада өздерінің «Нұр бесік» атты жобасының «Нұрлы көш» бағдарламасынан тыс қалғандығын айтады.

– Біздің жобамыз дайын, оны салып беруге мердігерлер де табылып отыр. Бірақ, оған қаржы бөлініп отырған жоқ. Егер, үкіметтің оралмандарға шын жаны ашыса «Нұрлы көш» бағдарламасына бөлінген қаржыны бақылаудың механизмдерін ойлап тапса дұрыс болар еді, – дейді.

Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған «Нұрлы көш» бағдарламасы 2010-2012 жылдары жүзеге асырылуы тиіс. Мемлекеттік және жергілікті бюджеттен бұл бағдарламаға 197 миллиард теңге қарастырылып отыр. Үш жылда бұл бағдарлама бойынша, 60 мың отбасын, орта есеппен 300 мың адамды көшіріп алу жоспарланған.
XS
SM
MD
LG