Accessibility links

Балалар үйінің түлегі билік уәде еткен пәтерден айрылып қалудан қорқады


Балалар үйінің түлегі Анатолий Романов өзіне бөлінбекші пәтердің балконында «Алға» партиясының белсендісі Мақсат Айсаутовпен бірге тұр. Орал, 30 тамыз 2009 жыл.
Балалар үйінің түлегі Анатолий Романов өзіне бөлінбекші пәтердің балконында «Алға» партиясының белсендісі Мақсат Айсаутовпен бірге тұр. Орал, 30 тамыз 2009 жыл.

Орал әкімдігі Анатолий Романовқа қыркүйектің соңына дейін бір бөлмелі пәтер беруге уәде етті. Бірақ, осы берілетін 49 пәтерге кезекте тұрғандардың тізімінің соңында, елуінші болып тұрғаны Анатолийдің көңілін күпті етіп отыр.

Баспана үшін күрескен Оралдағы балалар үйінің түлегі Анатолий Романов алдағы күндері көптен аңсаған арманына жетуі мүмкін. Бәрі де сәтті болса, қоныс тойын тойлайтын күн де алыс емес. Өзіне тиесілі әлеуметтік баспанаға қол жеткізу мақсатында небір шырғалаңды басынан өткерген жігіттің тарихы елдегі мыңдаған жетімдердің қилы тағдырынан сыр шерткендей.

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесі қарсаңында жергілікті билік өкілдері Анатолий Романовқа Орал қаласындағы ықшамаудандардың бірінде жаңадан бой көтерген үйден берілетін пәтерді ресми түрде көрсеткен еді.

Бірақ, Анатолий бұл пәтерді түптің түбінде иеленетіндігіне әлі онша сеніңкіремейді. Өз айтуынша, бұл мәселеде оның көңілін күпті ететін түйткілді тұстар
Анатолий Романов болашақта өзіне берілетін пәтерде. Орал, 30 тамыз 2009 жыл.
жетерлік.

– Біріншіден, мен секілді кезекте тұрғандарға арналып бөлінген 49 пәтерге кезекте тұрғандар тізімінде менің аты-жөнім ең соңында 50-ші болып тұрғаны мүлдем түсініксіз жайт. Екіншіден, менің үстімнен бұзақылық бабы бойынша қозғалған қылмыстық істің немен тынары да әзірге белгісіз, – деді Азаттық радиосына берген сұхбатында Анатолий Романов.

Бұл қылмыстық іс «Шаңырақ» жатақханасының коменданты Тұрсын Шайхиеваның талап-арызы негізінде қозғалған еді. 2009 жылдың 18-ші наурызында ол өзін Анатолий Романовтың телефон аппаратымен ұрып жыққанын айтып, полицияға шағымданған еді. Тұрсын Шайхиеваның сөзінше, сол күні кешкісін Анатолий Романов телефонмен сөйлесіп жатады. Коменданттың телефонды босатуын өтінгеніне құлақ аспаған Романов оған дөрекілік көрсетіп, балағаттаған көрінеді. Бұған қоса ол телефон аппаратымен басынан ұрғанын айтады комендант. Бірақ, Анатолий Романов ондай айыпты теріске шығарып отыр.

Анатолий Романовтың қоғамдық қорғаушысы Алексей Жансейітовтың айтуына қарағанда, дәл осы қылмыстық іс бойынша шығарылатын сот үкімі уәделі пәтердің басқаға бұйыруына себеп болуы ықтимал.

– Бұл істе қылмыстық құрам болмағанына қарамастан, сот отырысы әлі күнге жалғасуда. Ал бұл сот отырысы белгісіз мерзімге кейінге шегеріліп келеді. Тіпті, Анатолий Романовтың жеке басын куәландыратын құжаттарды түгелдей дерлік іс-құжаттарына тігіп тастады. Енді бұл құжаттарсыз ол ешкім де емес, жұмысқа да орналаса алмайды. Әрі жеке басын куәландыратын құжатсыз оған ешкімнің де пәтер кілтін ұсына салмасы айдан анық, – деп топшылайды Алексей Жансейітов.

Алексей Жансейітов соттың Анатолий Романовқа қатаң үкім шығаруын, тіпті оны темір тордың ар жағына тоғытуы мүмкін екендігін де айтады.

– Меніңше, пәтер кілтін тапсыру ісі сот шешімі шыққанша кешіктірілуі ықтимал. Біздің сот жүйесінің осындай «ерекшеліктерін» ескерер болсақ, биліктің Романовты түрмеге отырғыза салуы да таңқаларлық жағдай емес, – дейді "Балалар үйі тәрбиеленушілерінің одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алексей Жансейітов.

Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы Махамбет Батырғалиев Анатолий Романовты жоқ жерден дау шығарып жүрген адам ретінде сипаттайды.

– Біз оған оның болашақ пәтерін көрсеттік, ол бұған риза боп қалды. Бірақ, тиісті құжаттарды рәсімдеу ісі белгілі бір мерзімде бітетін іс, ол шаралар ұзаққа созылуы да мүмкін, менің білетінім, ол айдың аяғына дейін өз пәтерін ала алады, – деді телефон арқылы тілдескен Махамбет Батырғалиев.

Анатолий Романов биылғы жылдың 26-шы ақпанында Оралда әдеттен тыс ерекше бір қарсылық акциясын өткізгенін Азаттық радиосы хабарлаған болатын. Қолына ұранқағаздарын ұстап, қалалық әкімдік алдында өсіп тұрған теректің басына өрмелеп шыққан ол, балалар үйінде тәрбиеленген өзіне, заңға сәйкес, әлеуметтік баспана берілуін талап етті.

Бұл қылығынан кейін құқық орындары Анатолий Романовты қаладағы жүйке ауруларынан емдейтін ауруханаға мәжбүрлеп жатқызды. Бірақ, бұл іске қоғамдық ұйымдар мен адам құқығын қорғаушылардың араласуымен ол бостандыққа шықты.
XS
SM
MD
LG