Accessibility links

Мүгедек балалардың көбі өздеріне арнап ашылған орталыққа қабылданбады


Жаңадан ашылған «Шапағат» дәрігерлік-әлеуметтік орталық мекемесі. Орал, 20 ақпан 2010 жыл.
Жаңадан ашылған «Шапағат» дәрігерлік-әлеуметтік орталық мекемесі. Орал, 20 ақпан 2010 жыл.

Оралда мүгедек балаларға арналған орталық ашу үшін «Бәйтерек» қоғамы мүшелерінің күрескеніне бірнеше жылдың жүзі болды. 2009 жылдың соңында осындай орталық ашылды. Бірақ оған тек психоневрологиялық науқасқа шалдыққан балалар қабылданатындықтан, өзгелерге бұл орталықтан орын тимеді.


ОРТАЛЫҚ ҚҰРУ ТУРАЛЫ БАСТАМА

«Бәйтерек» қоғамының белсенділері Орал қаласында мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған орталық ашу туралы бастамамен, 2008 жылдың соңында Батыс Қазақстан облысының әкімінен көмек сұрап барған кезде, оларға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ноғаев 2009 жылдың соңында мұндай орталық ашылатынын кесіп айтып, кейін бұл істі қала әкімі Самиғолла Оразовқа тапсырған екен.

«Бәйтерек» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің бірі Бағдат Арыстанғалиеваның айтуынша, 2009 жылдың қаңтарында Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразов жаңа орталыққа лайық ғимараттың табылғандығын, бірақ, бұл нысанның күрделі жөндеуге зәру екенін айтыпты.

Бағдат Арыстанғалиева, «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Орал, 20 ақпан 2010 жыл.
- Қамкөңіл балдырғандарға арналған бейімдеу орталығы енді Оралда да ашылатынын естігенде қуанышымызда шек болмады. Бұрынғы балалар бақшасының ғимаратын осыған сай қайта лайықтау жөнінде шешім де шығарылды. Осылайша, жергілікті билік 2009 жылдың соңына таман мұндағы жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтап, балалар осы орталыққа бара бастайды деп сендірген еді, - дейді Бағдат Арыстанғалиева.

АНАЛАР МҰҢЫ

Бірақ, үмітін үкілеген аналардың қуанышы ұзаққа бармады. 2009 жылдың желтоқсанында жаңадан ашылған «Шапағат» дәрігерлік-әлеуметтік орталыққа мүгедек балалардың көбісі қабылданбады. «Шапағаттың» шарапатын көру тек психоневрологиялық ауруға шалдыққан жеткіншектер ғана бұйырды.

Мүгедек балдырғанның анасы Бағдат Арыстанғалиева өзі тәріздес аналар балаларының жаңа орталыққа қабылданбайтынын естігенде аза бойы қаза болғанын айтады.

- Мен тіпті не істерімді білмей қалдым. Біздің ұзақ жылдар бойғы сарыла күткен үмітіміз аяқасты күйреп сала берді. Біз, мүгедек-балалардың аналары өзгелер секілді жұмысқа да орналаса алмаймыз, өйткені, мұндай балдырғандардың қасынан қыл елі ұзамай, күндіз-түні бағып-қағу керек.

Бізге берген уәдесінде басшылар жаңа орталыққа барлық балалардың алынатындығын айтып, тіпті бізді де осында жұмысқа орналастырамыз деген болатын. Ал қазір бізді орталықтың маңына да жақындатар емес. Бұл сайып келгенде мүгедектердің құқын шектеу емес пе, - дейді көзінің жасын тия алмаған Бағдат Арыстанғалиева.

«ОРАЛҒА ДА БІР ОРТАЛЫҚ КЕРЕК-АҚ»

«Бәйтерек» қоғамының төрайымы Мерует Саңқаеваның айтуынша, Оралда бейімдеу орталығы жоқ болғандықтан көптеген ата-аналар өз балаларын Алматы, Мәскеуге және Самара қалаларына апаруға тура келеді екен.

- Ауру баланы басқа қалаға алып бару өте қиын іс. Алматыға жетудің өзі үлкен күшке түседі. Пойызбен тынбастан 3 тәулік жүрудің өзі мүгедек бала үшін оңай емес. Сондықтан, мұндай орталық Оралда да керек-ақ, - дейді Меруерт Саңқаева.

Оның айтуынша, мүгедек балалардың ата-аналары қала әкімі Самиғолла Оразовтың жаңа орталыққа 40-50 бала қамтылатындығы, оларға күніне үш мезгіл тамақ беріліп, дәрігер көмегі де көрсетілетіндігі туралы айтқан сөздеріне сеніп келген.

- Әкім орталықта массаж, логопедпен жұмыс, тіпті дефектолог болады деген еді. Тіпті, балалардың уақытын бос өткізбеу үшін мәдени шаралар ұйымдастырылатын арнайы орындар да ескеріледі деген болатын. Бірақ, бұл сөздің бәрі де, айналып келгенде, батпан құйрық болып шықты, - деп күйінеді Мерует Саңқаева.

«БІЗ ТЕК БҰЙРЫҚТЫ ОРЫНДАЙМЫЗ»

«Шапағат» дәрігерлік-әлеуметтік орталығының директоры Марина Рзалиева психоневрологиялық ауытқуы бар балалардың өзге науқастардан көп екендігін ескере отырып, орталықтың емдеу бағыты дерттің осы түрімен күресуге арналды деп түсіндіреді.

- Бізде дәрігерлік-педагогикалық комиссия бар, осы комиссияның жолдамасына сай, мүгедек бүлдіршіндерді орталыққа қабылдаймыз. Оның тәртібін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен. Біздің қолымыздан не келеді, біз тек бұйрықты орындаушы ғанамыз, - дейді Марина Рзалиева.

«Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бұл істі ақырына жеткізбей тынбайтын табандылық танытып отыр.

Бұл проблеманы шешу мәселесінде жергілікті биліктен қолдау таба алмаған ата-аналар енді Қазақстан парламентінің депутаттарына үшбу хат жолдамақшы.
XS
SM
MD
LG