Accessibility links

Айықтырғыш қызметкерлеріне мекемеге түскен кісіні соққыға жыққаны үшін айып тағылды


Оралдағы дәрігерлік айықтырғыштың ғимараты. 16 сәуір 2010 жыл.
Оралдағы дәрігерлік айықтырғыштың ғимараты. 16 сәуір 2010 жыл.

Оралдағы дәрігерлік айықтырғыш қызметкерлерінің үстінен адамның денсаулығына залал келтірген деген айыппен қылмыстық іс ашылды. Тергеу орындары бұл істі айықтырғыштан шыққан соң мүгедек боп қалған Жұмабай Тамаевтың туыстарының арызы бойынша қозғаған.


ІСТІ ЫҢ-ШЫҢСЫЗ ЖАБУ ӘРЕКЕТІ

Жапа шеккен 56 жастағы Жұмабай Тамаевтың зайыбы Зайнап Тамаева ішкі істер департаменті мен прокуратураның қылмыстық істі қозғауға асықпағанын айтады. Оның сөзінше, күйеуіне қарсы жасалған қылмыстық істі құқық органдары жылы жауып тастамақ болған.

– Қылмыстық іс қозғау үшін тіпті адвокат жалдауға тура келді. Осыдан кейін ғана, шамамен бір апта бұрын, қылмыстық істің қозғалғаны туралы қаулы келді. Қазір оралдық дәрігерлік айықтырғыштың үш бірдей қызметкеріне Қылмыстық кодекстің 308-бабының 4-бөлімі бойынша «қызмет бабын асыра пайдаланып, күш көрсеткені» үшін айып тағылды. Енді тергеу жұмыстарының аяқталуын күтеміз, – дейді Зайнап Тамаева Азаттық радиосына берген сұхбатында.

ЕҢ ҚИЫН КЕЗЕҢ АРТТА ҚАЛДЫ

Миына ұйыған қанды тазалап тастаған соң Жұмабай Тамаевтың халі біртіндеп түзеле бастаған. Дәрігерлер ең қиын кез артта қалғанымен, жапа шеккен азаматты толық емдеп жазудың мүмкін еместігін айтады.

Зайнап Тамаеваның пікірінше, оның күйеуіне тағы бір ауыр операция жасату қажет, бұл жолы операция бас сүйегіне орнатылған пластиналарды кіріктіру үшін керек.

– Қазір Жұмабай үйде. Тиісті ем-дом алып жатыр. Алда тағы бір операция тұр. Дәрігерлер оны мүгедек деп танып, тиісті құжаттарын рәсімдеу керектігін айтты. Өйткені, ол енді бұрынғыша жұмыс жасай алмайды. Осылайша, дені сау апталдай азамат аяқастынан мүгедекке айналды, – деп шағынады Зайнап Тамаева.

АЛДА СОТ

Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі осы оқиғаға байланысты қылмыстық істің қозғалғанын жасырмады, бірақ тергеу ісінің аяқталмауына байланысты бұл туралы ақпарат беруден бас тартты.

Осыған дейін Азаттық радиосы хабарлағандай, биылғы ақпанның 12-і күні жарақат алған Жұмабай Тамаев дәрігерлік айықтырғыштан ауруханаға жеткізілген болатын.

Айықтырғыш қызметкерлері Жұмабайдың кереуеттен құлап қалып, соның кесірінен оның денесінде көптеген ісіктер мен жарақаттар пайда болғанын, тіпті бас сүйегінің шытынағанын айтқан еді. Сол кезде Зайнап Тамаева Орал қаласының прокуратурасына осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуді сұрап шағым түсірген болатын.
XS
SM
MD
LG