Accessibility links

Әдебиетшілер ескерткіштері кешеніндегі мүсіндердің үштен екісі жарамсыз деп танылды


Петропавлдың орталық саябағына орнатылған мүсіндер. Авторы - Қазыбек Сатыбалдин. Шілде, 2010 жыл.
Петропавлдың орталық саябағына орнатылған мүсіндер. Авторы - Қазыбек Сатыбалдин. Шілде, 2010 жыл.

Петропавлдағы орталық саябаққа биыл жазда қойылған ескерткіштердің жартысынан астамын автор Қазыбек Сатыбалдин қайтадан алып кетті. Былтыр осы жобаны мақұлдап, жасатуға тапсырыс берген қалалық әкімдік мүсіндердің көркемдік бейнесін жаратпай қалды.


Петропавлда қазақ және орыс ақын-жазушыларының ескерткіштері биыл шілде айының басында өткен қала күніне орайластырылып орнатылған болатын. Қалалық әкімдіктің мақұлдауымен орнатылған ескерткіштер ондағы бейнелегенген тұлғаларға ұқсамайтындығы туралы сыннан кейін, биыл жазда саябаққа қойылған 34 мүсіннің он екісі ғана жарамды деп танылды.

ТЕНДЕР ЖЕҢІМПАЗЫ

Осыдан бір жыл бұрын саябақты қайта құруға қалалық әкімдік өткізген тендерді «Болашақ МА» компаниясы жеңіп алды. Кейін мүсіндерді сатып алып, орнатуға биыл мамыр айында тағы бір тендер өткізіліп, оған «Болашақ МА» компаниясы қосалқы мердігер ретінде «Аста КZ» фирмасын тартты.

«Аста КZ» фирмасының директоры, Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданында туып-өскен, алайда ширек ғасырдан бері Алматыда тұратын мүсінші Қазыбек Сатыбалдинның жобасын қалалық көркемдік кеңес қарап, мақұлдағаннан кейін автор ұзын-саны 34 ескерткішті дайындап, Петропавлдың қала күнінде саябаққа әкеліп орнатты.

«Қазақстан мен Ресейдің әдебиетшілері» атты бұл кешенде Ақан сері, Анна Ахматова, Қожаберген жырау, Лев Гумилев, Петр Ершов,
Қалалық орталық мәдениет және демалыс саябағына қойылған ескерткіштер кешені. Авторы - Қазыбек Сатыбалдин. Шілде, 2010 жыл.
Ғабит Мүсірепов, Сегіз сері, Сәбит Мұқанов, Николай Гоголь, Антон Чехов, сондай-ақ тағы басқа қазақ және орыс ақын-жазушыларының мүсіндері бар.

ЕР АДАМНЫҢ БӘТІҢКЕСІН КИГЕН АҚЫН ӘЙЕЛ

Бірақ, арада көп ұзамай бұл ескерткіштер жергілікті шеберлердің сынына ілікті.

Сын айтушылардың арасында былтыр осы мүсіндердің жобасын бекіткендердің бірі – әкімдік жанындағы көркемдік кеңестің төрағасы, суретші Валерий Крестников те бар.

«Өкінішке қарай, көркемдік кеңес мүшелері дайын жұмыстарды талқылауға қатысқан жоқ. Мен тек бастапқы жобаға ғана қол қойдым. Ал нәтижесі мүлдем басқаша болып шықты. Мүсіндер кешені сын көтермейді. Мұғалім болсам, оқушымның осындай жұмысына тіпті «3» те қоймас едім», – дейді суретші Валерий Крестников.

Петропавлдық суретші Вера Гаврилкоға ескерткіштердің сырт пішіні ұнамайды.

«Классиктер өздеріне өздері ұқсамайды. Әр кезеңде өмір сүрген қаламгерлер киім-кешек жағынан егіз қозыдай. Етек-жеңдері қысқа. Аяқ киімдері де бірдей. Тіпті әйел ақындардың аяқтарына да автор ер адамдардағыдай бәтеңке «кигізіпті». Анна Ахматованың аяқ киімін көріп, қатты намыстандым. Анна Андреевна өз кезеңінің ең сәнді бикеші болып саналатын. Мынандай аяқ киімді ол өлсе де кимес еді», – дейді Вера Гаврилко.

Ал петропавлдық суретшілер Алтын Кәрімова мен Геннадий Осик бұндай істе жергілікті суретшілердің шет қалып қоятынына наразы.

«Жергілікті шеберлердің өнері басқа жақтан келгендерден артық болмаса кем емес қой. Тапсырысты неге соларға бермеске?» – дейді олар.

«Қазақстан мен Ресейдің әдебиетшілері» кешеніне тек кәсіби шеберлердің ғана емес, қарапайым тұрғындар да сын айтып жатыр.

«Мүсіндердің бәрі бірдей. Ешқандай тақтайшасы да жоқ. Тым болмаса, аты-жөндерін жазып қойса етті, кімнің кім екенін айыру үшін», – дейді қызылжарлық Марат Тастанов.

Жергілікті ақын Зейнолла Әкімжанов көпшілікке танымал тұлғаларға орнатылған ескерткіштерден олардың бет-бейнесін таба алмағанын айтады.

«Алтау-жетеуін ғана таныдым, қалғандарынан жаңылдым. Шыңғыс Айтматовтың мүсіні – төртбақ келген, мойны иығына кіріп кеткен, өң-жүзі өзге адам. Айседора Дункан сүмбіл талдай ару, Шаганэ дерлік. Ақан серісі Ақан тұрмақ, қазаққа ұқсамайды. Қожаберген жырауы тақиялы Тазша бала сияқты. Сегіз серісі қуарған қунақ шалдан аумайды. Маяковскийдің дауылпаз тұлғасын тани алмадым. Суреттерінде тау тұлғалы ақын бейнесі көзге ұрушы еді. Ал мынау – бәкене біреудің мүсіні», – дейді Зейнолла Әкімжанов.

«СЫНАУШЫЛАРДЫҢ АРАСЫНДА БІР МҮСІНШІ ЖОҚ»

Владимир Маяковский демекші, оның ескерткіші бір күні жер жастанып жатты. Келесі күні оны құрылысшылар көтеріп қойды. Қазыбек
Саябақтағы мүсіндердің бірі. Авторы - Қазыбек Сатыбалдин. Шілде, 2010 жыл.
Сатыбалдиннің айтуынша, ол кезде өзі Алматыда болған екен.

«Келген соң құрылысшыларға ескерту жасадым. Олар ескерткішті бірден көтермеуі керек еді. Полиция келіп, соның бәрін өз көзімен көріп, суретке түсіріп алғаннан кейін ғана орнатулары керек еді. Полицияға арыздандым. Бірақ әзірге одан шыққан нәтиже жоқ. Осы туралы қоғамдық пікірталас клубының сайты «Ескерткіштер өздерінен-өздері жойылып жатыр» деп фоторепортаж беріпті. Олар неге бүйтеді? Мүмкін жергілікті суретшілердің өздері құлатып кеткен шығар. Ол жағын білмеймін. Осы мүсіндерді орнатқаннан кейін келесі күні Ақан серінің қолындағы домбырасын біреулер сындырып кетті. Журналистер мені сынай бергенше, осыны неге жазбайды?» – деп өз ренішін білдірді Қазыбек Сатыбалдин.

Ақын-жазушылардың аты-жөндері жазылмай қалғанына постаменттер жасап үлгермей қалғандары себеп болғанын айтып ақталған мүсінші өз жұмысына айтылып жатқан жоғарыдағы сынмен келіспейді.

«Суретшілер біздің жұмысымызды місе тұтпай сынап жатыр ғой. Солардың арасында бір мүсінші жоқ. Мың адамның пікірі мың түрлі болады ғой. Алматыдағы шеберханама келушілер көп. Солар бұл жұмыстарымды көрген, көңілдерінен шыққан. Оң бағасын бергендердің арасында мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбеков те бар. Жиырма шақты мүсінші өз пікірін жазып берген болатын. Жергілікті суретшілердің сынымен келіспеймін. Жұмысым көңілімнен шығады. Бірақ асығыс жасалғанын мойындаймын», – деді Қазыбек Сатыбалдин.

34 МҮСІННІҢ 22-СІ ЖАРАМСЫЗ

Дауға қалған мүсіндер мәселесі Петропавл қалалық әкімдігінде қала құрылысы кеңесінің отырысында талқыланды. Оған Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Андрей Попов, суретші Валерий Крестников, мүсінші Светлана Брюсова, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дизайн кафедрасының аға оқытушысы Әбілсейіт Хамиллин қатысты.

Отырыста көркемдік кеңес мүсіндердің әрқайсысына акт толтырып, талқылау ұсынылды. Егер мүсін сын көтермесе және қайта жасауға келмесе, оны авторға қайтарып беру керек деп келісілді. Андрей Поповтың айтуынша, комиссия 34 мүсіннің он екісі ғана сәулет жағынан
Қала құрылысы кеңесінің отырысы саябақтағы кешенде қалдыруды ұйғарған 12 ескерткіш ақ түске боялды. Қазан, 2010 жыл.
тартымды, қалғаны жарамсыз деп ұйғарыпты.

«Қазыбек Сатыбалдиннің өзі де осы тұжырыммен келісіп, комиссия толтырған құжатқа қол қойды. Енді жарамдылары қалып, қалғандары тапсырысты орындаған тарапқа қайтарылып берілді», – деп түсіндірді Андрей Попов.

Осылайша, әкімдік жанындағы кеңес «Қазақстан мен Ресейдің әдебиетшілері» кешенінде Анна Ахматова, Николай Гоголь, Лев Гумилев, Петр Ершов, Қожаберген жырау, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Сегіз сері, Антон Чехов және музаны бейнелеген ескерткіштерді қалдыруды ұйғарды.

Олар ақ түске боялды. Өйткені ескерткіштердің қола түсіне байланысты да сын айтылған еді. Автор өзі жасаған әрбір мүсінді 900 мың теңгеге бағалапты. Өз айтуынша, әу бастағы келісім бойынша осы жұмысына жалпы 38 миллион теңге төленуі тиіс екен.

«Маған тек жұмысымның бағасының 30 пайызын ғана төледі. Қалғанын әлі төлеген жоқ. «Төлейміз» дейді. Бірақ қашан? Әр түрлі қағаз сұрап, әлекке салып отыр. Мен жұмысшыларыма еңбекақы төлеуім керек. Олар мені сотқа бергелі жатыр. Жергілікті билікпен өз мәселемді бейбіт жолмен шешуге тырысып бағудамын. Олар маған «алып кет» деген соң, мүсіндерді алып кеттім. Неге бұлай болғанын әлі күнге дейін білмеймін. Ең бастысы, өз туған жерімде мені қаралағаны жанға батып тұр. Басқа еш жерде, ешқашан мұндай мәселе туындаған емес», – деді Қазыбек Сатыбалдин.

Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Болат Кәрімов авторға аванс ретінде 11 миллион теңге берілгенін, ал қалған ақша қарашаның 1-іне дейін төленетінін айтты.
XS
SM
MD
LG