Accessibility links

Астанада 6 тамызда пикетке шыққан бір топ тұрғын үлескерлер, ипотекалық несие алғандар және жерлері мен үйлерінен қуылғандар мәселесін билік шешпей отыр деп наразылық білдірді.

Наразылық пикетіне шыққандардың бірі - Астана тұрғыны Мағауя Біліспаев кезінде банктен алған ипотекалық несиесін өтей алмай жүр. Енді банк одан пәтерді босатуды талап етіп отыр екен айтады:
- Қайта-қайта келіп үйге мазалайды, үйіңді сатамыз деп. Мен оларға түсіндіріп көрдім, жер-көктің бәрінде дағдарыс, менде ақша жоқ қазір деп. Мен енді ұрлауға, тонауға, адам өлтіруге бармаймын ғой? Олар тіпті түннің ортасында келеді, құдайдың құтты күні келеді. Сатамыз, пәтерге сенімхат бер дейді. Мен бере алмаймын дедім. Себебі, пәтерімді өзім рәсімдедім.
Біліспаев бұл іске енді билік араласуы керек деп санайды.
- Екінші деңгейдегі банктер үкіметке бағынады. Үкіметке бағынбайтын мекеме немесе жеке адам жоқ. Үкімет енді халықты қаңғытып жібермейтін шығар. Бұл жағдай 1-2 адамда емес, осы Астанада адамдардың көпшілігі ипотекалық несиемен пәтер алып отыр. Ресей өзінде 5 жылға дейін мораторий жариялады, АҚШ-та, басқа үлкен мемлекеттерде 3 жылға несиені өтеуді шегеріп жатыр ғой, сондай мүмкіншілікті бізге де берсін деп талап қойып отырмыз. Егерде осының бәрі орындалмайтын болса, онда біздің осы уақытқа дейін төлеген ақшамызды қайтарып берсін. Мен барам да, жер үй немесе пәтер сатып алам ғой, әйтпесе қайда кетем мен, бала-шағаммен далаға шығып қалмаймын ғой.
Банктен ипотекалық несие алған Астана тұрғыны Рыскүл Байменова да несие пайыздарының ұлғайып бара жатқандығына наразы:
- Несие өтеу мерзімін шегеруді сұрап жатырмыз, бермейді, берсе де, бұрынғы пайыздан тағы да жоғарлатпақшы банк. Біз 14 пайызбен алғанбыз, енді 3 айға уақыт береміз, 3 айдан соң 15 жарым болады дейді. Содан кейін тағы қосылады. 30 жыл бойы мен 200 мың доллар төлеймін және одан да асып кетейін деп отыр, 240 мың доллар төлеймін. Ал егер тауып бермесең, үйімді тартып алмақшы. Сонда біз үйімізді де саттық, тірлігіміздің бәрін тастап келдік Астанаға, мына ипотекалық несиеге ұрындық.
Байменова да ипотекалық несиені өтеу мерзімін шегеруді сұрайды.
«Лайықты баспана үшін» қоғамдық қозғалыстың төрайымы экс-сенатор Зәуреш Батталова мәселенің осылайша ушығуына билік жауапты, дейді:
- Есімде, президент Назарбаевтың: «Қазіргі кезде мемлекет тарапынан үй мәселесін шешуге, соны тосуға керегі жоқ. Көп азаматтар ақша жинаған. Сол ақшаны мүлік сатып алуға, өздеріне үй сатып алуға жағдай жасау керек. Сол үшін біз ипотеканы кіргіземіз», деп айтқан сөзі. Осының орындалуын біз талап етіп отырмыз.
Зәуреш Батталова: Үкімет тек үлескерлердің мәселесімен шектеліп, өзге азаматтардың проблемасына әлі дұрыс көңіл бөлмей отыр.
Батталованың пікірінше, билік тұрғын үй мәселесін шеше алмай жүрген көптеген тұрғындардың тек бір бөлігіне ғана қолғабыс жасамақшы:
- Үкімет тарабынан, әкімшілік тарабынан бүгінгі күнде тек қана үлескерлердің мәселесі көтерілді. Ал нақты мына жерсіз жүрген адамдар үй саламыз деп, не болмаса құрылысқа байланысты үйлеріне төмен өтемақы алған адамдар және жатақханада көп жыл тұрса да, оны жекешелендіре алмағандар, сосын соттың шешімімен үйден шығарыласың деп жатқан адамдардың мәселесі әлі күнге шешілмей келеді.
Тамыздың 4 күні құрылыс үлескерлерінің қатысуымен өткізілген Алматыдағы отырыста Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының төрағасы Серік Ахановқа ипотекалық несие алғандар проблемасын қарастыруды тапсырған болатын. Қауымдастық басшысы осы мәселе бойынша банк басшыларымен кездесіп, үкіметке тиісті жауабын беретіндігін жеткізді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG