Accessibility links

Ағайынды кәсіпкерлер қазақ билігінің үстінен американдық сотқа шағымданды


Қазақ түрмесінде отырған ағайынды екі бизнесмен әділеттік іздеп, АҚШ сотына жүгінді, деп жазады американдық интернет-портал. Олар Қазақстанның заң орындарына рейдерлікпен айланысады, қорлап-азаптайды деген кінә тағып отыр.


АҚШ СОТЫНА ЖҮГІНУ

Қазақстанның екі азаматы – ағайынды Серік және Әділ Бектаевтар АҚШ-тың Колумбия округінің федералдық сотына жүгінді, деп жазады заңгерлерге жаңалық тарататын Courthousenews service интернет-порталы. Газеттің жазуынша, Қазақстанның бұл екі азаматы өз елдерінің үкімет орындарына қарсы талап-арыз берген.

Ағайынды екеу Қазақстандағы көптеген миллион доллар тұратын өздерінің бизнесін елдегі үкіметтік мекемелердің қызметкерлері ұрып-соғу, қорқыту, пара беру және заңсыз түрде ұйымдастырылған сот ісі арқылы күш көрсетіп, тартып алғандығын айтады.

Ағайындының бірінің куәлігіне қарағанда, оған тағылған айыптау мазмұнымен заң орындары оны ол ауруханада ес-түссіз жатқанда «таныстырыпты». Ал ағайындының екіншісі, елдегі құқық орындарының қызметкерлері кәнігі баукеспе ұрылар тәрізді іс-әрекетке барып, оның өзі мен екі баласын әбден ұрып-соққанын айтады.

Қазақстан түрмесінде жатқан Серік пен Әділ Бектаевтар өздерінің мүлкін Әділет министрлігінің қарамағындағы орындардың заңсыз тартып алуына Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) мен Қазақстан Республикасының әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері жалған құжат жасау арқылы көмектесті деп отыр.

Бұрын құрылыс саласында кәсіпкерлікпен айналысып, Қазақстанда танымал болған ағайынды бұл екеуі өздерінің үстінен іс қозғалып, жылжымайтын мүлікті заңсыз тіркеді деген жалған айып тағылғандығын айтады.

Ағайындылар бұл былықтың барлығын өздерінің бәсекелестері ұйымдастырып отыр деп санайды. Олар әлгі бақталастары бұлардың бизнесін, соның ішінде Алматы мен Астананың кей бөліктерінде тұрғын үй салу құқын тартып алуға ұмтылып отырғанын айтады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 2008 жылғы әлемдегі адам құқықтары жөніндегі баяндамасында Қазақстанда мұндай жайттар кеңінен таралған деп айтылған.

«СОТ ПЕН ПРОКУРОР ПАРА БЕРУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ»

Адам құқықтарын қорғау туралы баяндамада Қазақстанда жемқорлық «сот процесінің әр сатысында ашықтан-ашық кездеседі» делінген. Себебі, делінген онда, «қылмыстық істер қаралатын көптеген жайттарда соттар, прокурорлар мен басқа да шенеуніктер оңтайлы сот үкімін шығарып беруге уәде айтып, есесіне пара сұрайды».

Онлайн-басылым, геосаяси себептер бойынша, Америка Құрама Штаттары президент Назарбаевты сынауда шабан қимылдап келді дейді. Вашингтон онымен, ұстамды басшы ретінде, достық қарым-қатынаста отыр.

Courthousenews service сайтында жарияланған мақаланың ауторы «клептоман» (ұры) терминін қолданыпты. Сонымен қатар, бұрындары Қазақстанның мұнай табысынан жымқырылып, жасырын шетелге аударылған бір миллиард доллардан астам қаражат жайлы сөз болады. Кейін мұны халық біліп қойып, Қазақстан қоғамында үлкен дау-дамай көтерілген болатын.

Тұтқындағы бизнесмен Серік Бектаевтың айтуынша, ол 2008 жылдың шілде айында жүрегі ұстап, ауруханаға түскен. Сол кезде, қаржы полициясы «жедел түрде қылмыстық іс қозғап», оған қаржы мәселелеріне қатысты заң бұзған деген айып таққан.

2008 жылғы шілде айының 28-күні, аурухананың жансақтау бөлімінде жүрегінің ұстамасымен жатқан Серік Бектаевқа прокурор келіп, ес-түсі жарым-жартылай халде жатқан науқасқа тағылған айыптаудың мәтінін оқып береді.

Сол кезде, құқық орындарының қызметкерлері науқасты ауруханадан шығарып, тергеу абақтысына әкеп тастауды дәрігерлерден талап етеді. Дәрігерлер олардың айтқанын орындаудан бас тартқан соң, олардың өздері солай істеді, деп жазады арыз беруші.

ҰЛЫН ТҰТҚЫНҒА АЛУ

Серік Бектаев абақтыда жүрек ауруына қарсы дәрінің орнына бірнеше рет өзіне «есуастандырғыш заттардың» берілгендігін айтады. Түрмеде жатқан уақытта оның бойындағы диабет, тұз байлану, ревматизм тәрізді дерт түрлері асқынып, кеудесі жиі ауратын болған. Сонымен қатар, мида ісік пайда болуының нышандары байқалған.

Серік Бектаев өз шағымында осы дерттерге қарсы оған ем алу мүмкіндігі берілмегендігін жазады, деп атап көрсетеді сайт.

Әділ Бектаев өзі мен ағайынының үстінен қаржылық қылмыс жасады деген айып тағылған соң, ұлдарын үш ер адам ұрып-соғып кеткендігін айтады.

Астана көшесінде дос қызымен келе жатқан оның бір ұлын 3 ер адам тепкілеп кеткен. Ал екінші ұлын, оның өзінің пәтерінде үш еркек ұрып-соққаны туралы оның арызында айтылады, деп түсіндіреді онлайн-басылым.

Оның екі ұлы «шабуыл жасалды» деген арызбен полиция бөлімшесіне барғанда, оның біреуі тұтқындалып, сот оны қудалау жөніндегі істі доғарғанша, 9 ай бойы абақтыға қамалған. Оны қамауға алуға негіз болған «айыптау мәні бұлыңғыр», дейді арызданушы.

Даугерлер тізіміне ағайынды бизнесмендердің «S.K. Innovation» мен «S.K. Biofuel» компаниялары және «the Human Redemption Foundation» қоры еніп отыр. Олар өз активтері ұсталып, бизнестері тартып алынып, қиратылғанға дейін ол бизнестің нарықтық құны 90 миллион доллардай болған деп отыр.

Ағайынды Бектаевтар енді өздерінің құқығының бұзылғаны үшін қаржылай өтемақы өндіріп алғысы келеді. Олар өздерін азаптауды да аталған құқық бұзу іс-әрекетінің қатарына қосып отыр, деп түсіндіреді Courthousenews service.
XS
SM
MD
LG