Accessibility links

Бейжің көрнекті ұйғыр профессорына дәрісті «саяси дұрыс» бағытта оқуға қолқа салды


Үрімжі көшелерімен келе жатқан қытай әскеріне дүкен алдында қарап отырған ұйғыр баласы. 12 шілде 2009 жыл.
Үрімжі көшелерімен келе жатқан қытай әскеріне дүкен алдында қарап отырған ұйғыр баласы. 12 шілде 2009 жыл.

Бейжің Шыңжаңдағы өз саясатын өзгертуге кетәрі еместігіне емеурін білдіріп отыр. Қытай басшылығының елдегі ұйғыр зиялыларына қарым-қатынасы жұмсарғандай көрінгенімен, жас профессор Тохти қарама-қайшылықтардың аз еместігін айтады.


ТЕҢ ҚҰҚЫЛЫҚ ЖАРШЫСЫ

Бүгінде қайсыбір қонақ келіп Тохти мырзаның үйінің қоңырауын шылдырлатар болса, ол мазасызданып, жүрегі дір ете қалады, деп жазады «Файненшл таймс» басылымы. Соңғы рет мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің кісілері онымен бір айдай уақыт бұрын тілдесіпті.

Содан бері Тохти олардың үнсіздігінің арты неге апарар екен деген уайыммен отыр. Ол осы елдегі ұйғыр ұлттық азшылығының көрнекті өкілі әрі Бейжіңдегі Минзу (Minzu) университетінде экономика пәнінен сабақ береді.

Ұйғырларға тең құқылық берілсін деп үндеуші әрі үкіметтің Шыңжаңдағы сәтсіз саясатын сынаушы адам болғандықтан, профессорды көп жылдан бері билік бақылауда ұстап келеді. Ұйғырлардың ата-мекені болып табылатын Шыңжаң Қытайдың солтүстік-батыс бөлігі болып саналады, деп түсіндіреді газет.

Өткен жылғы шілде айында Шыңжаң астанасы Үрімжіде бүлік болған кезде, ғалымды үш апта мерзімге абақтыға қамап қойған болатын. Одан кейін қауіпсіздік қызметінің тыңшылары оның үйіне дейін кіріп, қоныстасына айналды. «Олар дәл осы менің қонақ бөлмемде тұрды, әрі ұйықтайтын бөлмемде де мені назарынан тыс тастамады» дейді Тохти.

«Үйден кеткім келсе, олар маған тек тамақ ішу үшін ғана кетуге, сонымен қатар, шомылу үшін ғана ванна бөлмесіне баруыма рұқсат
Қытай әскері өшпенділік кернеп, елеуреген ханзулардың жолын бөгеп тұр. Үрімжі, 8 шілде 2009 жыл.
беретін», – деп әңгімелейді ол.

Тамыз айының соңында, таңертеңнен бастап қаншама уақыт бойы ұзын-сонар қоңырау шалса да, оның таңғы тамақ ішу үшін рұқсат алмақ болған қоңырауына ешбіреу жауап бермейді. Сөйтіп, ол әлгі шақырылмаған қонақтардың мұның үйінен кетіп қалғанын байқайды.

«Мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне қоңырау шалдым. Алайда олар: «О, не дегеніңіз?» деумен болды. Олар бұл істі өздері ұйымдастырғанын мойындамай, ат-тонын ала қашты», – деп сөзін жалғастырады Тохти.

Содан бері мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің адамдары әлсін-әлсін бұған келіп тұрады екен. Үстіне көнетоз свитерін кигенде, көзі шүңірейген Тохтиды 40 жастағыдан әлдеқайда кәрі адам ба деп қаласың.

Тохти қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері өзіне бұдан 15 жыл бұрынғы кездегіге қарағанда жұмсарған сарында қарым-қатынас жасайтынын тілге тиек етеді. Алайда, Тохти сол кездегі оқиғалар туралы әңгіме қозғауды қаламайды.

«Ол кезде маған алғаш рет күдікті адам ретінде қарай бастаған еді», – деп есіне түсіреді ол.

ТОЛҚУДЫҢ ТҮП-ТӨРКІНІ

Биылғы қаңтар айында Бейжің Шыңжаңдағы саясатының бағытын бұруы мүмкін екендігі жөнінде емеурін білдірген мәлімдеме таратты. Мәлімдемеде жоғары деңгейде кездесу өткізу үшін даярлық жұмыстары жүргізіліп жатыр деп хабарланды. Бірақ Тохти мырза бұл уәделерге көп үміт артпайтынын айтады.

«Олар, әрине, былтырғы шілденің 5-күнгі Үрімжі бүлігінен соң өз саясатының ұстанымын талқылау үстінде. Алайда мен бұдан ауыз
Алматыдағы ұйғыр мектебінің шәкірттері сабақта. 22 қыркүйек 2009 жыл.
толтырып айтар нәтиже болады деп күтпеймін», – дейді профессор.

Профессордың ойынша, әлеуметтік теңсіздік пен кемсітушілік мәселесін шешуді басты мақсат етуі тиіс шенеуніктердің көздегені – өздері тыныштық бұзуға себепкер деп тапқан жандарды «қаттырақ басып-жаншу». Көптеген тәуелсіз сарапшылар да наразылықтың түп-төркіні нақ осы мәселелерден шыққан деген көзқарас ұстанады.

Шыңжаңның оңтүстігіндегі бір ауылдық аймаққа қатысты статистика дерегін келтіре отырып, профессор толқығаннан дауысы дірілдеп кетті, деп жазады «Файненшл таймс». Онда саны 450 мың болатын жергілікті ұйғырларға арналған, сабақ ана тілінде оқытылатын жалғыз ғана жалпы орта білім беру мектебі бар екен.

Ал ол маңдағы тағы бір сондай орта мектепте пәндер қытай тілінде оқытылады. Жергілікті ұйғырдың көбі қытай тілінде соншалықты еркін ұғыса алмайды. Осы аталған қытай мектебі саны үш мыңға жетпейтін жергілікті қытайлардың балалары оқып білім алуы үшін салынған екен.

СЫНДАРЛЫ ЖОЛ

Өздері Тохтиді аңдып отырған билік кейде одан кеңес сұрайды екен. Мәселен, Шыңжаңда өнеркәсіпті дамыту саясатын қалайша іс жүзіне асыру жайлы ғалымның пікірін біліпті.

«Әр аптада мен олар қарастыруы үшін орта есеппен екі ұсыныс жасаймын», – дейді профессор. Ал оның идеяларына тек сырт көзден таса жерде, бетпе-бет қалып, екеуара әңгімелесетін кезде ғана қолдау айтылады екен.

Өткен айда университеттегі коммунистік партия хатшысы Тохтиге алдағы қытай жаңа жылы кезіндегі демалыстан кейін оның өзі сүйіп оқытатын пәнді профессордың бұдан былай оқытпайтынын айтқан. Оның бүкіл Орта Азия аумағын қарастыра отырып түсіндірген Шыңжаң экономикасы, мәдениеті мен қоғамы жайлы дәрістеріне студенттердің ынта-ықыласы ауып, қызығушылықтары артқан. Осы дәрістерінің арқасында студенттер арасындағы оның абыройы ерекше өсіпті.

Ол Қытай мен Қазақстандағы этникалық азшылықтар мен Орта Азиядағы демократияландыру мәселесін, Совет Одағының ыдырауы тақырыбын кеңінен талқылап, студенттерге түсіндіріп беріп отырған.

«Қытай ыдырап кетсін деп емес, мұндай ахуалдың болмауына көмектесу үшін мен осылай істеп келемін», – деп мәлімдейді ол. Бұған қоса профессор, ұйғырларға қатысты Бейжің «ассимиляция емес, интеграция» саясатын қолданғаны жөн дейді.

Алайда, мәселені шешудің егжей-тегжейіне дейін ұқыпты мұндай әдістері үкімет назарына ілінбей қалып отыр. Келесі семестрде профессор жаңа курсты оқытатын болды.

Ол курс «Шыңжаң халқы, табиғи қорлары мен қоршаған ортасы» деп аталады. Оған аталған курс «саяси дұрыс» бағытта оқытылуы қажет екендігі құлаққағыс етіліпті.
XS
SM
MD
LG