Accessibility links

Қазақстанда түсірілген «Қызғалдақ» фильмі Шотландиядағы кинофестивальға қатысты


«Қызғалдақ» фильмінен көрініс. Фильмнің басты кейіпкері Асаның рөлінде - Асхат Көшеншереков.
«Қызғалдақ» фильмінен көрініс. Фильмнің басты кейіпкері Асаның рөлінде - Асхат Көшеншереков.

Бұл күндері Эдинбургте «Қызғалдақ» («Тюльпан») фильмі көрсетіліп жатыр. Ол былтыр Канны қаласындағы (Франция) өткен Халықаралық кинофестивальде «Ерекше көзқарас» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған болатын.

ҚАЛЫҢДЫҚ ІЗДЕЙ ЖҮРІП

«Қызғалдақ» фильмі Қазақстанның ауылдары мен шалғайдағы аймақтарында тұратын шопандардың тауқыметті өмірі жайлы сыр шертеді. Киноларға сын айтумен және ойын-сауық индустриясы саласының туындыларын жарнамалаумен айналысатын «Лист» ұйымының сайты, көрерменнің фильмде басты кейіпкер боп ойнаған қыздың бейнесін көруден мақрұм қалатындығын тілге тиек етеді.

Фильмнің шытырман оқиғасы осы бір «бұл бойжеткен кім болды екен» деген сауал айналасында бұратылып, ширатылып көрерменді соңынан үйіріп әкетіп отырады. Қойылым сюжетіне сай, Аса немесе Асхат (оның рөлін Асхат Көшеншереков ойнайды) есімді жас жігіт әскери-теңіз флотындағы Отан қорғау борышын өтегеннен соң, Бетпакдаладағы туған жеріне қайтып оралады.

Ол өзінің үлкен әпкесі Самал (рөлін Самал Ісләмова сомдаған), жездесі Оңдас (рөлін ойнаушы - Оңдасын Бесікбасов) және олардың қолды аяққа тұрмайтын, тынымсыз үш баласымен бір шаңырақтың астын паналауға мәжбүр болады. Оның әпкесі мен шопан жездесінің кәсібі – қой бағу. Олар осы маңда ата кәсіп саналатын мал бағумен айналысып, көшпендінің күнін кешеді.

Аса туған даласының төсін керемет сүйеді, ондағы атқан таң мен батқан күн ол үшін бір жаннаттың жұпар иісі тәрізді бақыт сыйлар көрініс. Балпақ пен дала қырандары да Асаның ұнататын жануарлары. Бозбала армансыз бола ма?! Аса да адам боп, өз алдына түтін түтетіп, қора толы қой ұстап, мал бағуды аңсайды. Алайда, бұл арманы орындалуы үшін оған әйел алу керек болады, ол үй шаруашылығында мұның көмекшісі әрі қолғабысы болуы тиіс.

Бойдақ бозбалаға кім қалыңдық бола алар екен? Бүкіл маңайда тек бір-ақ қыз бұған татыр адам деп есептеледі. Ол Қызғалдақ есімді бойжеткен. Қызғалдақтың ауылы Асаның ауылына іргелес, ол мал бағып, қой қамын күйттеген тағы бір шопанның қызы. Алайда мінезі асау тайдың мінезіндей адуын Қызғалдақ Асаны менсінбей, «қалқан құлақсың» деп жерге қаратады. Дегенмен де алған бетінен қайтпайтын фильмнің басты қаһарманы үмітін үзбейді, ол да қыз соңынан қалмай, оның келісімін алуға жету мақсатынан танбайды.

Әйтсе де, оның талпынысы нәтиже бермейді: қалыңдық болар деген қыз мұнан бетін аулақ сап, оқуға барам деп қалаға кетуді аңсайды да тұрады. Қызғалдақ мұны менсінбесе де, Аса үмітін үзбейді, ол тағдырдың сыйлар тәтті сыйы жайлы қиялдауын қоймайды. Алайда, оның алдынан пешенесіне жазылған жаңа бөгеттер сап ете түсіп, аяқ астынан пайда бола кетіп отырады...

ТАЛАПТЫҒА НҰР ЖАУАР?!

Қойылымның басты идеясы – адам өз өмірлік мақсатына жетуі жолында ыждаһат танытып, өзін-өзі танып, рухани мұрасы мен қадір-қасиетін қастерлей біліп, өз бақыты үшін күресе алуы тиіс дегенге кеп саяды.

Аталған кино туындысы Канныда өткен фестивальдің жүлдесін жеңіп алған еді. Фильмге «Ерекше көзқарас» байқауының бас жүлдесінің неге берілгенін ұғу қиын емес. Әрине, жүлдені берудің басты себебі қойылымда көрсетілген қазақ малшысы тұрмысының тамсандырар көркі деу, немесе Бетпақдала табиғатының жан тамылжытар көкорай майса шөбі мен айдын-шалқар көлдері деу асыра сілтеу болар еді.

Қазылар алқасы мүшелері аталған қазақ шопандарының ауыр тіршілігін бейнелейтін шындықты байқап қалған. Яғнн, олар қазақ даласының халқы қалай күн кешіп жатыр, жейтін нанын нендей қиындық, қандай тауқымет арқасында тауып отырғанын көріп абыржыды әрі бұған тәнті болды, деп жазады «Лист» сайты.

Ел болса, ендігі мұнайға бай, дәулетті ұлыс ретінде әлемге әйгілі боп отыр. Алайда ауыл мен аймақтың тұрғынының тұрмысына қарасаң, көбінің көрген күні кейбір атқамінердің итінің күніне бергісіз.

Асаның әпкесі мен жездесі өз малын бақпайды. Жо-жоқ, үйдеп ойлап, қателеспеңіз. Олар тек қол еңбегін сатқан жалшылар ғана. Мұны олардың жұпыны тұрмысы мен жартылай ғана тола дастарханынан дереу тани кетуге болады. Отардың иесі – қалада шырт түкіріп, шалжиып жатып өмір сүретін бір мыңғырған бай біреу. Әр шетінеп кеткен қой үшін ол басыңды ала жаздайды.

Бірде қоздағалы тұрған қой мен туып жатқан қозылар белгісіз бір індет себебінен баудай түсіп қырылып қалады. Асаның жездесі тексеріп келген мал иесінің шабарманына өзінің кінәлі еместігін бастыққа жеткіз деп жатып кеп жалынады. Алайда әлгі илікпейді, «өткен жолы өстимін деп бастықтан таяқ жедім» деп ат-тонын ала қашады.

Қойылымдағы кейіпкерлердің ащы тер мен тағдыр тәлкегіне толы өмірін көре отырып, мұның қазіргі заман қоғамын сипаттау екенін түсіну қиын емес: бүгінгі күні билік басындағылар қарапайым адамның қиыншылығын естуге құлықсыз болса, онда ол туралы сөз еткен бейбақтар әртүрлі жазаның қамшысының астында қалады. Билік өзі мен өз істері туралы мақтау сөзді ғана сүйеді.

Сол Қызғалдақтың Асаның меселін қайтарып, «қалқан құлақсың» деп уәж айтуы, мәселенің бергі беті ғана. Негізінен, ол Асаны кедей, қалтасынан көк тиын табуға болмайтын жарлы деп менсінбей отыр. Асаның бар мүлкі – ішінде әскерден ала келген киімі бар көне сандық қана. Тіпті оның басында қалқа болар үйі бар деп айтуға да келмейді.

Қызғалдақтың жасарын жасап, асарын асап, көпті көрген қарт шешесі де қызының ауылда қалып, қалың ши арасында қой соңынан кетуден опа таппасын біледі. Ол қызым қалаға барсын, оқып, адам болсын деп тілейді. Жас бойжеткен уағында өзі ерте күйеуге тиіп, шаңырақ көтеріп кеткен еді. Алайда, өмірде өзі көксеген көптеген арманы қол жеткізбейтін қиял екенін кемпірге кейін дала өмірі көрсетті...

ДОКУМЕНТАЛДЫҚ СУРЕТТЕМЕ

«Қызғалдақ» фильмін документалист Сергея Дворцевой түсірді. Бұл оның көркем фильм саласындағы дебюті саналады. Фильмнің сюжеті өмір шындығын неғұрлым бұрмалаусыз, дәл кейпінде бейнелейді, деп атап көрсетеді сайт.

Аталған өнер туындысын фильмді қоюшылар Бетпақдаланың шөлінде түсірген. Бұл кең көсіліп жатқан, шексіз-шетсіз шөлейт өңірде құм
«Қызғалдақ» фильмінің режиссері Сергея Дворцевой баспасөз мәслихатында. Алматы, 16 маусым 2008 жыл.
дауылы көз аштырмай құтырына борайды. Мұнда асфальтты жол аталатын қазіргі заман даңғылын түсіңде де көрмейсің. Электр шамын пайдалану игілігі өте сирек кездеседі. Орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесі дегеніңнің не екенін ондағы жұрт әлі күнге дейін көрмеген.

Сергея Дворцевой осыншама азап пен қиындыққа толы ахуалда еңсесін тік көтере ғұмыр сүріп, өздерінің қадірін лайықты бағалай білген фильм қаһармандарына заманымыздың хас батыры деген атақ беруден аулақ. Дегенмен, ол өмірдің ащы да тым тұзды ақиқатын келісті де орынды қалжың аясына сидыра білген.

Студиядан тыс, далада түсірілген қойылымның көріністері де жоғары бағаға лайық. Поляк операторы Йола Дилевска қала тұрғыны үшін экзотика болып табылатын көптеген таңғажайып көріністі кадрға жазып алған, соның ішінде қойдың қалай қоздағаны жайлы уақиға да кездесіп қалады.

Шотландия киносыншылары мал дәрігерінің мотоциклінің арбасына жатқыза таңып байланған түйенің ботасы туралы эпизодты таңсана тамашалағанын жасыра алмайды. Бұл кадрда ботасынан айырылған боз інген, жарақат алған ботақанын емдеуге әкеткен мотоциклді құтырған бураша жанталасып қуады.

Қойылымда кәсіпқой актерлер және әртіс емес қарапайым адамдар түсіп, өнер көрсеткен. Дегенмен, олардың өздері ойнаған кейіпкерлердің рөлін қалай сомдағаны таңдай қақтырады. Мәселен, Төлепберген Байсақалов, Асаның әңгімеқұмар әрі «Бони М» тобы әуендерін беріле тыңдауды сүйетін жандосының рөлін тамаша орындаған.

«Қызғалдақ» фильмі көркем фильм жанрының туындысы болып табылады. Әйтсе де, шалғайдағы қазақ ауылының тұрмысын өмір шындығына толық сай түрде, қаз-қалпында бейнеленген.

Ерекшелігімен өзіне еріксіз назар аударатындықтан, бұл қойылым 2009 жылдың кинематографиялық сюрпризі болып табылады, дейді «Лист» сайтының киносыншылары.
XS
SM
MD
LG