Accessibility links

«Вашингтон пост»: Ядролық бомба жасауға керекті зат Қазақстаннан осылай шығарылған еді


Құрамында жоғары байытылған уран бар металл бөлшегі. Окридждегі Y-12 зертханасы, Теннеси штаты, АҚШ.
Құрамында жоғары байытылған уран бар металл бөлшегі. Окридждегі Y-12 зертханасы, Теннеси штаты, АҚШ.

1994 жылы өте құпия операция барысында Қазақстаннан 500 келіге жуық аса байытылған уран Америкаға әкетілді. «Вашингтон пост» газетінің дерегі бойынша, ядролық қарудың құпия қоймасын сатып алу үшін Қазақстанға шамамен 27 миллион доллар төленген.

«Вашингтон пост» газетінің қыркүйектің 21-індегі санында «Сапфир» атты аса құпия операцияның тарихы туралы егжей-тегжейлі баяндалған. Осындай бүркеме атпен американдықтар бұрынғы ССРО аумағында мұра боп қалған ядролық материалдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды алып шығу үшін арнайы операцияны іс жүзіне асырған болатын.

«САПФИР» ЖОБАСЫНЫҢ ТАРИХЫ

1993 жылғы желтоқсан айының қарлы күндерінің бірінде, Энди Вебер Алматыдағы американ елшілігіндегі қызметіне кіріскеннен соң біршама уақыт өткенде, ол бір бойшаң, кең маңдайлы адаммен кездесті. Аты-жөні Koрбатор екенін білгені болмаса, ол адам туралы Вебер басқа ешнәрсені білмейтін.

«Энди, жүріңіз, серуендеп қайтайық» деген ұсыныс жасайды полковник. Тұрғын үйдің көлеңкелі ішкі ауласында серуендеу кезінде, полковник Kорбатор Вебердің қолына бір парақ қағазды қыстыра салады. Вебер оны ашса: «U235 (яғни «Уран 235-ші»), 90 пайыз, 600 келі» деген жазу бар екен. Вебер дереу есептеп жіберіп, бұл 1 322 фунт байытылған ураннан шамамен 24-тей ядролық бомба жасап шығаруға болатынын біледі. Ол қағазды қалтасына сала салды да, полковнике рахметін айтып қоштасады.

Бірнеше ай бойы әртүрлі адамдармен таныс-білістігі мен байланыстарын жолға қойып, жетілдірген Вебер ақыр соңында өзі іздеген сауалдың жауабын да тапқан болатын.

Энди Вебер Қазақстандағы қару-жарақ ураны туралы алғаш рет 1993 жылы жазда естіген еді. О кезде бұрындары совет сүңгуір қайығының қолбасшысы болған Виталий Meтте өте-мөте сақ түрде, ел көзінен тасалап мұнымен байланысу ниеті бар екенін білдіреді. Өзінің Веберге арналған хатын Метте өзі басшысы болған кәсіпорынның қара жұмысшысы мен автомеханигі арқылы беріп жіберіпті.

Метте Веберге өзінің Америка Құрама Штаттарына уран сатпақ ниеті бар екенін айтады. Дегенмен, Метте уранның байытылу дәрежесі жөнінде ештеңе демеген. Уран Үлбі металлургиялық зауытында сақталып тұр екен. Ал Өскемен қаласындағы бұл зауыт ядролық отын өндірумен айналысатын алып өнеркәсіп кешені болып саналатын әрі оның директоры сол кезде осы Метте еді.

Меттенің сеніміне ену үшін Вебер Қазақстанның шығысындағы Алтай тауларына онымен бірге аңға да шығады, моншада ыссы буға қақталады, ысталған шошқаның етін жеп, таңсәрідегі Сібірдің қақаған аязында Метте және басқалармен бірге дірдек қағады, деп жазады «Вашингтон пост».

Содан қойшы, әйтеуір аталған сапардың соңында, Меттенің өзі Веберге Өскемендегі зауытты көрсетпекке ниет білдіреді. «Егер бұл құпия болмаса бір сауалым бар еді», - деп жайлап сұрақ қояды Вебер Меттеге, олар көлікпен зауыттың биік қорғанына таяп келгенде. «Сіздерде жоғары байытылған уран бар ма?» Метте сауалға нақты жауап беруден жалтарып кетеді. Ал Веберге Вашингтондағы скептиктерге дәлел ретінде көрсету үшін Қазақстанда жоғары байытылған уран бар екендігінің нақты дерегі қажет болатын...

Вебер кейін Меттеге тағы бір рет барады. «Мынаны тыңдаңыз», - дейді ол оған. – «Біз сіздің ұсынысыңызды лайықты бағалай алуымыз үшін, сіз маған уранның байытылу дәрежесі және оның сіздердегі нақты мөлшері қандай екені туралы айтып бергеніңіз дұрыс болады». Осы әңгімеден соң біршама уақыт өткенде, Вебер полковник Корбатор қолынан әлгіректе сөз болған хатты алады.

МӘМІЛЕ НАЗАРБАЕВТЫҢ САПАРЫ КЕЗІНДЕ КЕЛІСІЛДІ

Вебер дереу Вашингтонға жеделхат жөнелтеді. Бұл жеделхат мәтінімен таныса алатын адамдар саны шектеулі еді. 1994 жылдың қаңтарында жіберілген ол жеделхат тұп-тура Ақ үйде маңызды мәселелерді талқылап жатқан жиналыстағылардың назарына түседі. Қорғаныс министрінің көмекшісі Эштон Картер дереу Старр есімді адамға, оның кеңсесіне телефон шалады. Картердің бұйрығы қысқа да нұсқа болады: «Не істесең, оны істе, бірақ бұл тапсырманы қалайда орында».

Картер бүкіл уранды Америка Құрама Штаттарына бір ай ішінде жеткізуді талап етеді. Старр аса құпия түрде жұмыс істеуі тиіс «жолбарыстар тобын» ұйымдастырады. Бұл арнайы топ құрамына түрлі үкіметтік агенттіктер мен мекемелердің шенеуніктері енеді.

1994 жылдың 14 ақпанында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Америкаға бірінші іссапарының барысында Вашингтонға ат басын тірейді. Мұнда ол президент Билл Клинтонмен кездеседі. Осы сапар кезінде Вебер мен Американың Қазақстандағы елшісі Уильям Кортни да Вашингтонда болатын.

Вебер мен Кортни «Блэр Хаус» атты ғимаратта тоқтаған Нұрсұлтан Назарбаевқа көптің көзіне түспей, оңаша кездеспек ниетпен қонаққа барады. Олар Назарбаевқа Өскемендегі уран құрамын анықтау үшін АҚШ өз маманын Қазақстанға жібере ала ма деп сауал қояды. Нұрсұлтан Назарбаев бұған өз келісімін береді, алайда мұның аса құпия түрде жүзеге асырылуын өтінеді.

АЗАМАТТЫҚ СОҒЫСТАН ҚАЛҒАН ҚҰЛЫПТЫҢ АСТЫНДА САҚТАЛҒАН УРАН

Уранның алғашқы үлгілерін алу үшін Вебер Өскеменге келгенде, Виталий Метте бұл уранның сүңгуір қайықтағы ядролық отынды қолдануға қатысты жобада пайдаланылмақ болғандығын айтады. Алайда кейіннен Совет Одағы армиясының басшылығы 1980-жылдары жобаны доғару туралы шешімге келеді. Ал жоғары байытылған уран болса, зауытта қала береді.

Вебер мұндағы қауіпсіздік жүйесінің тым көне құрылғыдан жарақталғанын байқап қалады. Кейіннен оның өзі бұған «азамат соғысы заманынан қалған құлып» деген ат қояды.

Қақпа ашылған соң, олар жер еденді, қабырғасы бетоннан тұрғызылған үлкен бөлмеге енеді деп жазады басылым. Биіктігі тізенің деңгейіне дейін жетер кірпіш платформалар бөлменің ана шетінен мына шетіне дейін тізіле орналасыпты. Олардың үстінде беті ағаш тақтайшамен жабылған болат шелектер мен кәністрлер қойылған екен. Бұлардың ішіне уран салыныпты әрі олар бір-бірінен он фут арақашықтыққа аулақ қойылыпты. Веберге бұл басқарылмайтын тізбекті реакция басталып кетпеуі үшін жасалған шара екені түсіндіріледі.

«Менің көзім мұны көргенде жайнап сала берді, себебі мен қолымда осынау бір металл кесекті ұстап тұрған едім. Мен мұның бомба жасайтын материал екенін білдім. Уранның бұл металына енді ештеңе істеудің қажеті жоқ болатын – оған тек дұрыс пішін беріп әрі олардың көлемін сәл көбірек етіп алса болды, бомба даяр еді. Еш өңдеу енді керек емес болатын. Бұл таза металл күйіндегі 90 не 91 пайыз мөлшерінде байытылған уран 235-шінің өзі еді», – деп еске алады Вебер.

«АСА МАҢЫЗДЫ ЖҮК»

Алматыға келе сала, Вебер елші боп қызмет атқаратын Кортниге тексерістің жүргізілгенін, жоғары байытылған уранның бар екенін жеткізеді. Елші дереу Вашингтонға жеделхат жолдайды. Онда зауыт қақпасындағы «азамат соғысы заманынан қалған құлып» туралы айтуды да ұмытпайды. Вебердің айтуынша, жеделхат Вашингтондағыларға дәл жандарында бомба жарылғандай әсер етеді.

1994 жылдың қазан айында уранды алып кетуді мақсат тұтқан құпия миссия операцияны бастауға толық әзір тұрады. Теннесси штатындағы Америка үкіметінің ядролық кенті саналатын Окридждегі Y-12 зертханасында жылжымалы уран өңдеу стансасы даяр болады. 8 қазанда Делавэр штатының Дувр кентіндегі АҚШ әскери-әуе күштерінің базасынан Азияны бетке алып C-5 маркілі үш ұшақ ұшып шығады. Бұлар әлемдегі ең үлкен ұшақтар типіне жатады. Олардың бортында арнайы топ пен жылжымалы уран өңдеу стансасы бар болатын.

Үлбі зауытында жұмыс істеген топ мүшелері өздері мейман болған қонақүйден таңертең ерте кетіп, он екі сағат бойы үздіксіз жұмыс істеп, тым кештете ғана жатын орнына оралып жүрді. Олар уранды арнайы контейнерге тиеумен айналысатын еді. Қоймада құрамында ураны бар материалдың 7 типі бар болатын, олардың көбісіне улы бериллий араласып кетіпті.

Тұтастай алғанда, топ қоймадан 1 032 контейнер табады. Бүкіл бұл процесс дәлдікті, ыждаһаттылықты, төзімді әрі құпиялықты сақтауды талап етеді. Қарашаның 11-іне қарай уранды буып-түю аяқталып, 448 баррель уран ұшаққа тиеледі. Аса құпия режим аясында әуеге көтерілген алып көлік құралдары 20 сағат бойы Дувр әуе базасын бетке ала үздіксіз ұшады.

Отынды ұшақтарға олар ұшып келе жатқан бетте, әуеде құюға тура келеді. Бұл американ тарихындағы C-5 ұшақтарының ең ұзақ әуе сапары деп саналады. Делавэрге жеткеннен соң, уранды тану белгісі жоқ алып жүк автомобилдеріне тиейді. Олар ядролық материалды Окридждегі мекемеге жеткізу жолында лайықты қорғау үшін арнайы құрал-жабдықпен жарақтандырылған болатын, деп аяқтайды мақаласын «Вашингтон пост» газеті.
XS
SM
MD
LG