Accessibility links

Үлескерлерді алдағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстанның екі азаматы Таиландта тұтқындалды


Ипотека борышкерлерінің наразылық шеруі. Астана, 6 қыркүйек 2009 жыл.
Ипотека борышкерлерінің наразылық шеруі. Астана, 6 қыркүйек 2009 жыл.

Таиланд жерінде Қазақстан үлескерлерінің ақшасын жымқырды деген күдікпен іздеуде жүрген қазақ елінің екі азаматы ұсталды. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, олар 9 миллион АҚШ долларын заңсыз иемденіп, Қазақстаннан қашып кеткен. Тұтқындар өздерін кінәсізбіз деп отыр.


САЛЫНБАҒАН ПӘТЕРЛЕРДІҢ КІЛТТЕРІ

Халықаралық полициялық операция нәтижесінде Қазақстанның екі азаматы Таиландтың Паттайа қаласында тұтқындалды, деп хабарлайды Pattaya Daily News басылымының сайты. Тұтқындалғандарға үлескерлердің ақшасын жымқырды деген айып тағылып отыр, ол ақшаның жалпы мөлшері 9 миллион АҚШ долларының маңына барады.

Басылымның жазуына қарағанда, Таиланд полициясының полковнигі Атитсавад Камолрат басшылық еткен полицияның қызметкерлерінің тобы өткен жұма, қаңтардың 8-күні Қазақстаннан қашып кеткен 2 адамды қолға түсірген.

Басылымның дерегіне қарағанда, олардың 26 жастағы біреуінің аты Ғазиз болса, ал жасы 53-тегі екіншісінің аты Құлман екен. Pattaya Daily News сайты олардың тегін атамаған, алайда Қазақстан сайттарында бұл туралы ақпарат кездесіп қалады. Ғазиздің де, Құлманның да тегі бірдей – Уәлихановтар. Олар әкелі-балалы адамдар.

Қазақстанда мердігерлік құрылыс ұйымына басшылық еткен бұл екеуі Астанада 470 пәтер саламыз деген уәдемен жұрттан ақшаны жиып алған соң, құрылыс басталмай жатып қаражатты қалтаға басып, қашып кеткен деген болжам айтылады.

Қазақстан полициясы бұл екеуінің соңына түсіп, Таиландтың миграциялық билік орындары өкілдерімен байланысып, бұларды ұстауға жәрдемдесуін өтінген.

Таиландтың миграциялық билік орындарына сыртқы келбеті қазақ заң органдары іздеу салған екі азаматтың келбетіне ұқсас ер адамдар жөнінде ақпарат жетеді.

Миграциялық полицияның ақпараты бойынша, бұл екеуі Таиланд жеріне Лаоспен шекарадағы Нонг Хай күзет бекеті арқылы 2009 жылы қыркүйектің 25-күні енген екен. Содан кейін олар Солтүстік Паттайадағы көппәтерлі Sky Beach Condo тұрғын үйіне тұрақтайды. Таиланд миграциялық полициясы қызметкерлері екі қашқынды сол жерден ұстаған.

ҰСТАЛҒАНДАР ӨЗДЕРІН КІНӘСІБІЗ ДЕП ОТЫР

Ұсталған Қазақстанның екі азаматы өздерінің ісін қарайтын соттың басталуын күтіп, абақтыда жатыр. Олар өздеріне тағылған айыпты мойындамай отыр. Олардың айтуынша, мұндай айыптау оларға қателікпен таңылған, деп түсіндіреді Pattaya Daily News.

Басылымның айтуынша, ұсталған екеуге мұнымен қатар Таиланд жеріне заңсыз енді деген де айып тағылған. Таиланд полициясының қызметкерлері оларға қатысты өзінің тергеуін одан әрмен жалғастыруда және бұл істе олар Қазақстан елшілігі тарабынан көмек алып отыр.

Бұл тұтқындалғандар туралы Таиландтың басқа да бұқаралық ақпарат құралдары хабарлап жатыр. Pattaya One басылымына сілтеме жасап, Thai Visa сайтында жарияланған мақалада тұтқындардың Қазақстан полициясының қолына табыс етілгені хабарланған.

Pattaya People апталық газеті әлгі екі адам жұртқа тек Қазақстанда ғана емес, Таиландта да тұрғын пәтер салып береміз деген уәдемен алаяқтық іс-әрекетке барған деп жазыпты.

Бұдан бұрынырақ Қазақстан баспасөзінде «Азия групп» компаниясының басшылары – бас директор Ғазиз Уәлиханов пен оның әкесі әрі орынбасары Құлман Уәлиханов үлескерлердің ақшасын жымқырып, қашып кетті деген ақпарат тараған болатын.

Қазақстан сайттарының ақпары бойынша, «Азия групп» құрамында төрт бірлестік болған. Сонымен қатар, оның Астанада төрт құрылыс нысаны болған екен, олар: «Бейбітшілік», тоғыз бірдей қабатының қаңқасы тұрғызылған «Қайта өрлеу» («Возрождение») және құрылысы мүлде басталмаған «Шыңбұлақ» пен «Құлан» тұрғын үй кешендері.

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) Астана қаласы бойынша департаменті сайтының мәліметіне қарағанда, Ғазиз Уәлихановқа қылмыстық істер жасаған деген күдік бойынша іздеу жарияланған.
XS
SM
MD
LG