Accessibility links

Қазақстанда халық саны көбейгенімен, демографиялық ахуал нашарлап отыр


Соңғы санақ нәтижесі Қазақстанда адам санының өсімі бар екенін көрсетті. Алайда кейінгі жылдардағы елдің демографиялық ахуалының нашарлап бара жатқанын ресми деректер де жоққа шығармайды. Осы өзекті мәселеге арналған Азаттық радиосының дөңгелек үстеліне ресми орындар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.


24 желтоқсанда Алматыда өткен республикалық конференцияда сөйлеген сөзінде мәжіліс депутаты Айткүл Самақова өткен жылдың «қаңтарынан қыркүйек айына дейін – алдыңғы жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда – 1339 сәби кем туды», – деп мәлімдеді. Алайда, депутат 2009 жылы нақты қанша сәбидің дүниеге келгені туралы тіс жармады.

Оған қоса ерлер мен әйелдердің санындағы айырмашылықтың алшақтай түскені байқалды. Айткүл Самақованың атап көрсетуінше, «ерлер мен әйелдер санындағы айырмашылық 30 жастан басталып, зейнетке шығатын уақытқа қарай 100 ер кісіге 140 әйел адам келеді. Оның ішінде бала тәрбиелейтін жастағы ерлердің саны айтарлықтай кем болып отыр.

Мәжіліс депутатының мәліметіне сәйкес, ерлер мен әйелдердің жас ұзақтығында да айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалға, 2008 жылы ерлердің орташа жасы әйелдерден 10,5 жылға кем болған.

Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстелінің тақырыбы Қазақстандағы қалыптасып отырған осындай демографиялық ахуалға арналады. Оған «Аман-саулық» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақтылы Түменова, тарих ғылымдарының докторы, демограф Әзімбай Ғали және Қазақстан президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат бойынша ұлттық комиссия хатшылығының бас сарапшысы Гаухар Нұрахметова қатысады.

Дөңгелек үстелді Азат Еуропа/Азаттық радиосының қызметкері Сұлтанхан Аққұлұлы жүргізді.

Дөңгелек үстелдің толық аудиожазбасын мына жерден тыңдауға болады.

ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ КӨРСЕТКІШТЕР НЕНІ АҢҒАРТТЫ?


Жүргізуші:

– Бүгінгі пікірсайысымызда талданатын бірінші мәселе: Қазақстандағы демографиялық көрсеткіштердің айтарлықтай нашарлағанын ресми билік мойындады. Ал олардың нашарлауына нақты қандай факторлар себеп болды?

Гаухар Нұрахметова:

– Рақмет. Демографиялық проблемалармен айналысу, оны шешу – мемлекетіміздің ең басты міндеті. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда
Гаухар Нұрахметова, Қазақстан президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының бас сарапшысы. Ресми веб-сайттағы суреті.
демографиялық ахуал 2001 жылға дейін жақсы көрсеткіштермен шыққан. 2001 жылдан бастап демографиялық ахуал жақсарғанымен әр жанұяда баланың туу деңгейі төмендеп кетті деп айтуға болады. Мысалы, әрбір отбасында қазір 1-2 бала ғана тұрақтанады. Бұл, әрине, үлкен мәселе.

Зерттеулердің нәтижесі бойынша, бұның басты себептері – отбасының ажырасуы, еркектер арасындағы өлім көрсеткішінің жоғары болып отырғандығы. Бірақ, республика бойынша кейбір облыстарда бала туу деңгейі өте жақсы деп айта аламын. Мысалы, Шымкент секілді оңтүстік облыстарда 2008 жылы бала туу 21 пайызға көбейді. Ал Солтүстік Қазақстан облысында керісінше 2,5 пайызға ғана. Бұл бала тууы бойынша республикамыздағы ең төменгі деңгей.
2001 жылдан бастап демографиялық ахуал жақсарғанымен әр жанұяда баланың туу деңгейі төмендеп кетті деп айтуға болады.


Мұның әртүрлі себептері бар. Мысалы, халқымыздың арасында көптеген аурулардан қайтыс болу, содан кейін қазіргі жас отбасылар арасында батыстың сәнімен некеге отырмай, тіркеусіз тұра беретіндер де көбейіп барады. Зерттеулер спирттік ішімдіктермен әуестену, нашақорлық деген факторлардың да бұған әсері үлкен екендігін анықтап отыр.

Ауруға байланысты айтар болсақ бұл жерде жүрек дертінен қаза табатындардың саны бірінші орында тұр. Сонымен қатар, Семей полигонының зардабын шеккендердің әртүрлі деңгейдегі онкологиялық ауруға ұшырап, дүние салуы жоғарғы қалпында қалдып отыр.

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ САНЫ ОРАЛМАНДАР ЕСЕБІНЕН АРТЫП ОТЫР

Әзімбай Ғали:

– Біріншіден, жалпы туу үрдістерінің әлеуметтік, демографиялық заңдылықтары бар. Соңғы санақ деректерін қарасақ, Қазақстан жұртшылығының саны 37 пайызға өскен екен. Егер де санақтың деректері рас болса, бұл – өте жоғары көрсеткіш.

Қазақстан жұртшылығының санының өсуі – оралмандар есебінен болды. Тек қана соңғы он жылдың ішінде Қазақстанға 1 миллионнан
Әзімбай Ғали, демограф, тарих ғылымдарының докторы. Алматы, наурыз, 2009 жыл.
астам оралман келді. Сол санның арқасында Қазақстан жұртшылығы 16 миллион 400 мыңнан асты. Егер санақ деректері дұрыс болып шықса.

Ал қазақтың саны 11 миллионнан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бірақ қазақ жұртшылығының, орыс жұртшылығының туу коэффициенттері төмендеп келе жатыр.

Бірқатар этностар, ол: орыс, украин, белорусс, татарлардың депопуляциясы байқалады. Қазір немістердің де депопуляциясы басталады. Яғни, осы ұлттардың туғандарынан өлгендері көбірек. Бұл ұлттардың тұрмысы, денсаулығы қазақтан артықтау болуы мүмкін. Бірақ тууы төмен болғандықтан, ол белгілі бір кезеңде бұл ұлттардың азаюына әкеледі.

Ал қазақтың саны өте жақсы өсті. Біз 1989-жылғы көрсеткішке жеттік. Бірақ территориямыз бес Франция, ал халқымыз 16 миллион 400 мыңның үстінде.

Дегенмен бүгінгі таңда қанша ынталандырсаң да мемлекет баланың санын көбейте алмайды. Тек қана ол әлеуметтік шара болып қалады.

Қазақстан тұрғындарының сандық өсуінің бір-ақ негізгі жолы бар. Ол бала тууды мейлінше 2,5 баладан төмендетпеу. Ынталандыру Екіншіден, оралмандар, үшіншіден, басқа ұлттардың келуі және олардың қазақ болып жазылуын ынталандыру.

Соның ішінде мысалы қырғыздың, өзбектің бір бөлігін, қарақалпақтың т.б қазаққа өте жақын ұлттарды Қазақстанға шақырып, оларға қазақтың төлқұжатын беру. Сондықтан бүгінгі таңда геодемографиялық тартыс күшейе береді.

Бақтылы Түменова:

– Әзекеңнің айтқаны дұрыс. Мақтанып 16 миллионнан астық дегеніміз ол көбінесе біздің мемлекетке қайтып келген оралмандар есебінен болды. Және де олардың ішінде бала туу бірнеше есе көп.

Жоспарланған жүктілік деген бар. Ол бізде азайып барады. Ал оның бәрі неге байланысты? Тек қана әлеуметтік-экономикалық жағдайға
Бақтылы Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық ұйымының жетекшісі. Алматы, 29 қазан 2009 жыл.
байланысты. Мен бір нәрсені айтайын деп едім. Негізі өмірге келгенде әрбір жүз қыз балаға жүз бес ер баладан келеді екен. Бір жасқа келгенде олардың саны теңеседі. Ал он алты жастан бастап еркектердің саны азая береді.

Менің алдымда екі адамның айтқаны да дұрыс. Ол ішкілікке де, нашақорлыққа да байланысты. Егер біз Еуропаның жақсы мемлекеттеріне қарасақ, ол жақта әйел өмірінің ұзақтылығы еркекпен салыстырғанда көп болса үш-төрт жылдан артық болмайды. Ал бізде бұл айырмашылық он жылдан асып кеткен. Менің айтайын дегенім, бүгінгі күні бізде қандай жақсы деп айтсақ та жасырын проблемалар бар. Ол демография арқылы көрініп тұр.

Бізде балалардың тууы неге байланысты? Баспана бар ма, жастарда, жұмыс бар ма, жоқ па? Әрбір отбасының экономикалық жағдайына, мемлекет тарапынан жастарға қандай көмек көрсетілетіні секілді мәселелерге байланысты.
Сапалы өмір деген адамның өзін-өзі сезінуі. Ертеңгі күнде бәрі жақсы болады, үкімет тарапынан айтылған анау болады, мынау болады деген уәделерге деген сенім. Алайда қазір сенім де азайып барады.
Менің ойымша, балалардың дүниеге келу санының азайып бара жатқанына мұның тікелей әсері бар.

Еркектер әйелдерден аз өмір сүреді. Физиология жағынан алып қарасақ психологиялық стреске еркектер әйелдерге қарағанда төзімсіз келеді. Сондықтан олар өмірден ерте кетеді. Осы көрсеткіштер арқылы біздің мемлекетте талай проблемалар бар екенін аңғарамыз.

Ресми ақпарат көзінен естідім. АҚШ зерттеу жүргізіп, олардың сапалы өмір деген көрсеткішіне бұрынғы совет мемлекеттері арасынан Қазақстан мен Түркменстан ғана жатқызылған. Біреулер бұған қарап біздегі өмір сүрудің деңгейі жақсы деп ойлап қалар. Бірақ өмір сүру деңгейі мен сапалы өмір екі түрлі нәрсе. Сапалы өмір деген адамның өзін-өзі сезінуі. Ертеңгі күнде бәрі жақсы болады, үкімет тарапынан айтылған анау болады, мынау болады деген уәделерге деген сенім. Алайда қазір сенім де азайып барады. Сондықтан менің ойымша осы жағынан алғанда ғана АҚШ-тың Қазақстан туралы шығарған көрсеткіштері дұрыс. Біздің мына демография соны көрсетіп отыр.

КӨП БАЛАЛЫ АНА ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ

Жүргізуші:

– Рақмет, Бақтылы ханым. Енді екінші мәселеге көшсек. Қазақстанда 9 бала асырап отырған Бәтес Керімқұлова өзінің «Батыр ана», «Алтын алқа» сынды мемлекеттік марапаттары үшін зейнетақысына 5 мың теңге ғана мөлшерінде қосымша қаржылай көмек берілетінін мәлімдеді.

Оны Еңбек және халықты әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің бас сарапшысы Аяжан Жанғабылова да растады. Сонымен қатар, Аяжан ханым жалғыз басты аналардың құқықтық мәртебесінің айқындалмағанын мәлімдеді.Енді Еңбек министрлігі сарапшысының осы сөзіне назар аударсақ.

Аяжан Жанқабылова:

– «Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» ҚР 1999-жылғы 5 сәуірдегі заңына сәйкес отбасында бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға 3,9 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалып төленеді немесе 5511 теңге мөлшерінде, ол осы 2010 жылының 1-қаңтарынан бастап беріледі.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға 6 АЕК мөлшерінде немесе 8478 теңге көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалып төленеді.

Сонымен қатар, балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы заңының шеңберінде баланың тууына байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне берілетін жәрдемақы және айлық табысы жан басына шаққанда орта есеппен азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда отбасыларға 18 жасқа дейінгі әрбір балаға төленетін жәрдемақы 1 АЕК мөлшерінде төленеді, оның мөлшері биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 1413 теңгені құрайды.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, енді көп балалы отбасыларына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай көмекті жеткілікті немесе лайықты деп есептейсіздер ме?

Бақтылы Түменова:

– Бұл өте аз. Жылдан-жылға көрсеткіштер көбейіп жатқан сияқты. Бірақ баға да өсіп жатыр ғой. Мінекей, 1 қаңтардан бастап электр жарығы да қымбаттап кетті. Тамақ та, бәрі де қымбаттайды. Бұны неге ойламаймыз?!

Бізде кейде мемлекет тарапынан шығаратын көрсеткіштердің өздері дұрыс емес. Мәселен, 1-қаңтардан бастап өмір сүрудің ең аз мөлшері он төрт мыңға жетті. Осы көрсеткіштің орны бөлек.

Себебі, осы көрсеткішке қарап, ең аз айлық та жасалады. Ең аз зейнетақы да соған қарайды. Енді айтыңызшы, бүгінгі күні 14 мыңға адам
Біз ділі мен діні қазаққа жақын халықтарды өздерімізге тартуымыз керек. Бірақ ол халықтар елдің экономикасы көтерілсе ғана келеді. Құр шақырғанға ешкім келмейді.
бір ай өмір сүре ала ма? Жоқ, сүре алмайды. Сондықтан осы көрсеткіштердің өздері еуропалық стандартқа сәйкес келмейді.

2007 жылы елбасымыз Қазақстанда Еуропадан кем болмауға барлық мүмкіншілік бар екендігін айтқан. Мен оған толық келісемін. Бүгінгі күні, құдайға шүкір, аз да болса 16 миллион халқымыз бар. Бірақ бізде мұнай да бар ғой.

Әрбір кісі басы сол мұнайдың пайдасын көрсе ғой! Осындай байлықпенен, аз халықпенен мұндай көрсеткіштің болуы еш сын көтермейді.

Берілетін көмек өте аз. Қазір көрші Ресейдің 145 миллион халқы бар. Мен Әзекеңнің айтқанына келісемін. Біз ділі мен діні қазаққа жақын халықтарды өздерімізге тартуымыз керек. Бірақ ол халықтар елдің экономикасы көтерілсе ғана келеді. Құр шақырғанға ешкім келмейді.

Гаухар Нұрахметова:

– Мемлекеттік тұрғыдан келсек, көптеген мәселелер шешіліп, шаралар іске асып жатыр. 2009 жылдың 2-желтоқсанының өзінде елбасы кейбір заңнама актілеріне өзгертулер енгізуге қол қойды.

Осыған байланысты бір реттік жәрдемақының көлемі көбейтіліп, 2010 жылдан бастап 4 және одан көп балаға берілетін жәрдемақының көлемі 70650 теңгеге жетті.

Ана мен баланың денсаулығын қорғау бағдарламасына сәйкес көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Жыл сайын 400 отбасы көмек алып отырады. Оған бюджеттен 182 миллион 952 мың теңге бөлінген.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ КӨШІП КЕЛУІНЕ ЖОЛ АШУ КЕРЕК

Әзімбай Ғали:

– Мен миграциялық мәселелерге назар аударайын деп отырмын. Біріншіден, Қазақстаннан орыс, украин, татар жұртшылығы көшіп жатыр. Оларды тоқтатуға болмайды. Өйткені дүниежүзілік адам құқын бұзамыз. Сондықтан кететін адамдар өздері кетуге құқылы. Ол халықаралық демократиялық норма.

Екіншіден, қазақтарды жинау және Қазақстан жұртшылығының санын кемітпеу үлкен бір мәселе. Осы бағытта Қытай қазақтарының
Астана маңындағы Қоянды елді мекеніндегі оралмандар ауылы. Қараша, 2008 жыл.
қайтып келу мәселесін біздің Үкімет пен Президент қолға алса. Өйткені, Қытай мен Қазақстан қатынастары жаман емес. Сол қазақтарды көшіріп алу жоспарлы түрде өту керек. Өйткені, бұл кең байтақ Қазақстанды біз қазақтарды көшіріп алмай сақтап қала алмаймыз.

Қазақстандағы оралмандарының саны Өзбекстан қазақтарының есебінен өсіп отыр. Олардың 80 пайызы қалаларда орналасып жатыр. Үлкен бөлігі оңтүстік өлкелерде. Бұл мәселеде менің бір келіспейтін жерім – кім болса да келе берсін, азаматтық алса болды деген көзқарас. Бұған мен келіспеймін.

Мысалы, қытай, өзбек деген сияқты т.б. сіңбейтін немесе өздерінің геосаяси көңілдері бар ұлттар, менің ойымша, этнодемографиялық балансқа, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Олар өздерінің ертеңгі күнін ойлайды. Сол сияқты геосаяси, этнодемографиялық балансты немесе белгілі біздің мүдделерімізді есепке алуымыз керек.

Жалпы, халықаралық миграциялардың маңызы үлкен. Оның ішінде қалаларда қоныстану маңызды. Менің ойымша, мемлекеттік бағдарлама керек. Өйткені, қазір қазақтардың жартысы ауылда.

Бірақ бәрі қалаларда қоныстанғысы келеді. Өйткені, басқа жағдайда тіршілік көзі жоқ. Яғни отбасын асырау қиын. Ал қалада тұру тағы да қиын.

Жүргізуші:

– Әзімбай мырза, ең басты сауалымызға жауап бермедіңіз ғой.

Әзімбай Ғали:

– Жәрдемақы ешқашанда көп болмайды. Бірақ мемлекеттің де мүмкіндігі шектеулі. Сонан кейін, ол – демографиялық шара емес, әлеуметтік шара. Сондықтан көп балалы отбасының еңсесін көтеру үшін мейлінше көп төлеген жақсы.

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ ҚАРТАЙЫП КЕЛЕДІ

Жүргізуші:

– Рақмет, Әзімбай мырза. Енді осы жерде қосымша мәлімет келтіре кетейін: мәжіліс депутаты Айткүл Самақова келтірген мәліметтерге қарағанда, сәбилердің, аналардың және жалпы халық өлімінің төмендеуі мен өмір-жасының ұзаруына қарамастан, бұл көрсеткіштерімен
Алматы көшесінде қайыр сұрап жүрген қария. Наурыз, 2008 жыл.
Қазақстан дамыған елдерден көп кейін қалып келеді. Әйелдер мен балалар арасындағы қанның жетіспеушілігі дертінің деңгейі төмендемей отыр.

Оған қоса ажырасқандар мен ешқашан некеге отырмағандардың қатары ұлғайып барады. Некеге отырмай туған сәбилердің саны да арта түсуде. Қазақстандағы әрбір тоғызыншы отбасы ажырасқан. 500 мыңнан астам ана баласын жалғыз асырап отыр.

БҰҰ-ның есебі бойынша, Қазақстан халқы қартайып бара жатқан елдердің қатарына жатады. Қазақстанда жасы 65-тен асқан егде кісілердің үлесі бүкіл халықтың 7,5 пайызын құрайды.

Бақтылы ханым, осы мәліметке байланысты сіздің пікіріңіз қандай?

Бақтылы Түменова:

– Біздің мемлекетте көзбояушы нәрселер көп. Мен Айткүл Самақова келтірген мәліметтерді өзі шығарып отыр деп айтпаймын. Ол берілген статистикаға сенеді. Ал мен жемқорлық рак ауруы сияқты әбден дендеп кеткен жерден берілген статистикаға көп жағдайда сенбеймін.

Жүргізуші:

– Ал Айткүл Самақованың әріптесі мәжіліс депутаты Шафхат Өтемісов бізге мынадай мәліметтерді келтірді.

Шафхат Өтемісов:

– Денсаулық министрі үкімет сағатына келгенде мынадай мәлімет берді бізге: 5 жасқа дейінгі 5 мың бала өледі екен (жылына болса керек). Олардың тең жартысы өмірге енді ғана келгендер. Біз қазір дүниеге жаңадан келген балалардың өзін сақтай алмай отырмыз. Ана өлімінің көрсеткіші бізде жоғары деңгейде қалып отыр. Нәресте өлімінің көрсеткіші өсіп келеді – 100 мың балаға шаққанда 20,7 болып есептеледі.

Жүргізуші:

– Ал енді үшінші мәселеге көшейік. Жас отбасыларын бала асырауға ынталандыру үшін мемлекет қандай шара қарастырып отыр? Жастардың үйленіп отбасын құруға және бала асырауға асықпауына не бөгет?

Бақтылы Түменова:

– Отбасының жақсы болғаны жұмыс пен баспананың болу-болмауына байланысты. Осы екі мәселе шешілмей жас отбасының ешқандай проблемалары шешілмейді. Қалғаны сол сөз болып қала береді. Және де менің айтайын дегенім, еңбекақыны ұмытпау керек. Бұның бәрі демографияға әсерін тигізеді.

Қаңтардың бірінен бастап дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбекақысын жылдағыдай 25 пайызға көтерген жоқ. Оны жылдың ортасында қараймыз деп отыр. Ал медицина мен білім саласында істеп жүргендердің көбі әйелдер.

Өткенде елбасымыз «Қазақстанда дағдарыс бітті, бәрі түзелді» деп айтқан болатын. Онда неге айлықты көтермейді? Сондықтан, қандай мәселе болмасын, барлығы әлеуметтік проблемаларға келіп тіреледі.

«БАЛА ТУУДЫ ЫНТАЛАНДЫРУ – АҢЫЗ»

Гаухар Нұрахметова:

– Өздеріңізге бұқаралық ақпарат құралдарынан мәлім болған шығар, наурыздың 5 күні Астанада Қазақстан әйелдерінің 5 форумы өткенде Президент нақты тапсырма берген. Ол тапсырманың біреуі – жас отбасыларды қолдау жұмыстарын қолға алу мәселесі.

Соған байланысты нақты министрліктерге тапсырма берілген. Оның ішінде жас отбасыларды қолдау жөнінде әрбір облыс, қала, аудан,
Жас жұбайлардың некеге отыру салтанаты. Алматы, тамыз, 2008 жыл.
ауылдық – барлық деңгейдегі әкімдерге тапсырма берілді.

Арнайы бағдарлама жасалды. Онда жастардың ауылға келгені мен үйленгенінен бастап, бірінші бала тауып, одан саты-саты бойынша, ол бала балабақшасына, мектепке баруына, оны бітіріп, ары қарай қолдау мәселесі барлығы қарастырылған. Әрбір министрлікке тапсырма берілген.

Тапсырманың орындалуын Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында қай министрлік өз тарапынан осы жұмысты қалай атқарып жатқанын тыңдаймыз. Биылғы жылдың жоспарына кіргізілген.

Тағы да жас студент отбасылар бар ғой. Соларға жатақханадан орын беру мәселесі де қарастырылып, қолға алынып отыр. Осындай шаралардың барлығы да ұлттық комиссияда тыңдалады. Және жұмыс нәтижесі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріледі.

Бұл жұмыстардың бір шеті ғана.

Әзімбай Ғали:

– Қазіргі таңда отбасылар негізінен қалаларда құрылып жатыр. Сондықтан, менің ойымша, арендалық тұрмыс үйлерді, жұмысшы жатақханаларын көбейту керек.

Жалпы, Қазақстанда орта некелесу жасы – 27 жас. Ол тым жай. 28-29 жаста екінші баласын немесе өте сирек жағдайда үшінші баланы дүниеге әкеліп, сонымен тынады. Сондықтан белгілі бір әлеуметтік мәселелердің шешілуі тууды ынталандыруы мүмкін. Бірақ бұл – аңыз, миф. Іс жүзінде тұрмыстың жақсаруы бала тууды ынталандырмайды.

Сондықтан, бір жасқа дейінгі нәрестелердің өлімін азайту керек. Деректер нақтыланып келе жатыр. Мемлекеттік көмек күшейеді. Және медициналық көмек те күшеюі мүмкін.

Бірақ бұл жағдай біздегі туу мәселесін жақсартпайды деп ойлаймын. Өйткені, бұл табиғи үрдіс. Туу төмендей береді. Бір ғана шешім бар. Ол – оралмандарды атамекенге қайтару.

ХАЛЫҚ САНАҒЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҚҚАН ЖОҚ

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, енді соңғы сұрақ. Өткен жылдың басында халық санағы өткізілді. Алайда оның ресми қорытындылары әлі күнге дейін жарияланбай отыр. Оның сыры неде деп ойлайсыздар?

Бақтылы Түменова:

– Менің ойымша, статистикалық деректер мемлекеттің, үкіметтің көңілінен шықпай жатыр. Сондықтан соны жөндеп жатқан сияқты.


Гаухар Нұрахметова:

– Мен мұндай пікірмен келіспеймін, әрине. Ол таяу арада белгілі болады.

Әзімбай Ғали:

– Бір ведомствоның басшылары түгел сотталайын деп жатқаны белгілі. Менің ойымша, біраз уақыт тергеу жұмыстары жүрді. Сондықтан статистика ведомствосында біраз ұйымдастырушылық қиындықтар, ақша жетіспеу, сонан кейін бас-аяғын жинау мәселесі туындады.

Жүргізуші:

– Рақмет. Құрметті Азаттық радиосының қонақтары, осымен Қазақстандағы демографиялық ахуалға арналған дөңгелек үстелімізді аяқтаймыз.
XS
SM
MD
LG